Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Сымбат + Сымбат отбасындағы үйлесімділік

Сымбат + Сымбат отбасындағы үйлесімділік

Өмірде талай ғажайыптар мен үйлесімділікті көріп келеміз. Бірақ мынадай тамаша, көз сүйсінерлік жағдайға бірінші кезігуіміз. Бұлай деуге себеп тереңөзектік жас отбасы, ерлі-зайыптылардың есімдері – Сымбат. Иә, құлағыңыз шалыс естімеді. Жігіт – Сымбат Жолшыбеков пен келіншегі – Сымбат Онласын.

Қос ғашық бір-бірін көріп, екі жылдай танып-біліп барып отау құрған. Жас жұбайлар жастар үшін ерекше күнді, 06.06.2016 деген датаны таңдап қосылған. Міне, содан бері жас отбасындағы өзара үйлесімдіктің арқасында дүниеге сәбилері келіп, қазір үш қыз бен бір ұлдың ата-анасы атанып отыр.

Тереңөзектіктер Сымбат Онласынды соң­ғы кезде қолынан банка жабу келетін аспаз ретінде танып қалды. Жыл сайын тұрақты тұтынушылары Сымбаттың дәмі тіл үйретін түрлі салат пен маринадталған қияры мен қызанағын сатып алуға асығады. Банка жабу қызығушылығы Сымбатқа бала кезінен таныс, анасынан үйренген ас түрі екен. Жылдың жаз-күз айын тиімді пайдалануға тырысатын Сымбат өз ісінің шебері ретінде әрбір күнді қалт жібермеуге тырысады. Әрі қазір көкөніс пен бақша өнімінің молшылығы, бағасының да тиімділігі сүйікті ісімен айналысуына мол мүмкіндік беріп тұр.

– Негізінен мамандығым – есепші, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітір­генмін. Тұрмысқа шыққаннан соң балаларымды дүниеге әкеліп, қол қусырып отыруды жөн көрмедім. Анамнан үйренген банка жабудың барлық түрін қолыма алып, оны кәсіп көзіне айналдыруды мақсат еттім. Өзімізден артылғанды сатып, кәсіп етудемін. Шын мәнінде, кез келген келіншектің қолынан келетін нәрсе. Қыстың күні дәмді тағам дайындауға қол тимегенде осы банкадағы салатты ашып, ауқаттануға болады. Биыл жылдағыдан да ерекше түрлерін дайындап жатырмын, – дейді шебер аспаз Сымбат Қобланқызы.

Биылғы маусымға 1500-дей банка жапқан аспаз бұл межемен тоқтап қалмайды. Тапсырыс болса салаттың неше түрін жауып беруге ынталы. Бұл – таза еңбек. Күні бойы ыдыс-аяқпен, көкөністерді тазалап, оны жабуға дайындау уақыт пен еңбекті талап етеді. Бұл еңбектен Сымбат шаршамайды, қайта шабыттанып, жасаған өнімінің сәтті шыққанына қуанып, тұтынушыдан алғыс алғанына қуанады. Әзірге көмекшілері мен қолдаушысы – жұбайы мен балалары. Олардың қолғабыс етуі мен демеу беруі отбасындағы жарасымды тіршіліктің бойына қан жүгіртеді.

– Ұзақ уақыт ыстық жерде отырып, көкөністердің таза, дұрыс болуы үшін көз майымды тауысып, кемшілік жібермеуге мұқият боламын. Банка жабу уақытты, тазалықты және ыждағаттылықты қажет етеді. Кішкентай қателік көкөністердің ашып кетуіне немесе банканың атылуына әкеледі. Сондықтан әрбір салынған заттың мөлшеріне, таза болуына қатты мән беремін, – дейді бармағынан бал тамған Сымбат.

Қазір «салат жабу» науқанының қызған шағы. Көкөністер пісіп, базардағы бағасы да тиімді. Сондықтан қыста азық болатын көкөністің түр-түрін жауып тастауға асығатын қыз-келіншектерге аспаздан бір-екі кеңес айтуын сұрағанымызда:

– Ең алдымен өнімнің сапасына мән беру керек. Жасаған еңбек зая кетпес үшін, көкөністердің таза болуын қарау керек. Сонымен қатар банка мен темір қақпақты дұрыс өңдеуге де байланысты. Банканы буламай, жай ыстық сумен шайып жабуға болмайды. Кез келген салат бетіне тазартылған өсімдік майын 1 ас қасықтан құйып жапса, дәмі керемет, сақталу мерзімі ұзақ болады. Ешуақытта су болып тұрған ыдысқа зат салмаңыз, су түрлі микроорганизмдерді өршітеді. Салат түрлерін, компот, тосаптарды жапқанда ауа қалмас үшін банканың ернеуіне дейін толтыра құю керек және қақпақты бірден бұрап жауып тастаған дұрыс.

Тұздағанда немесе маринад жапқанда аса толтырудың қажеті жоқ. Қияр жақсы маринадталу үшін, банкіге салар алдында 4-5 сағат салқын суда ұстау қажет, – дейді аспаз.

Банка жабудың шебері Сымбат Онласын – көпбалалы жас ана. Оның адал еңбегі мен іскерлігі көп жастарға үлгі. Сондықтан аспаздың еңбегі мемлекет тарапынан қолдау тапса, өнімділігі де артып, кәсіпкерліктің тынысы да кеңейе түспек.


Бибісара ЖАНӘЛІ
22 қыркүйек 2026 ж. 65 0