Тәтті жүгері өсіруші
Биыл сырдариялық диқандар алажаздайғы еккен егіннен мол өнім алуға ниетті. Сыр салысынан бөлек ауқымды алқапқа егілген бақша өнімдері және басқа да дәнді дақылдар мен мал азығы ел-жұрттың несібесі. Аманкелділік Есбол Ерболатұлы бақша дақылдарын өсірумен, оның ішінде сұранысқа ие және табысты өнімдердің бірі саналатын тәтті жүгеріні баптаумен айналысатын диқан. Жүгері өсіруші бұл шаруамен соңғы төрт жылдан бері айналысады. Осы күні тәтті жүгеріден мол өнім алып, кәсібін дөңгелеткен диқан ондаған отбасының кәсіппен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.Туған ауылы Аманкелдіде 1986 жылы дүниеге келген Есбол Ерболатұлы – Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқыған. Негізгі мамандығы – мемлекеттік басқару. Бірақ қазір «Мұсахан ата» шаруа қожалығын құрып, егін егеді. Жас диқанның айтуынша тәтті жүгеріні егуге өзіндік себебі болған.
–Тәтті жүгері егіп бастағаныма биыл төрт жыл болды. Жүгеріні таңдауыма себеп – Қызылорда облысында тәтті жүгеріге сұраныс өте жоғары болуында. Бағасы да жақсы. Біздің облыста жүгері егетіндер көп, бірақ көбі мал азығына егеді. Тәтті жүгерімен айналысатындар әзірге аз, – дейді жүгері өсіруші.
Биыл үш гектар жерге тәтті жүгерінің Голландия Драйвер Ф1 сортын еккен диқан өнімнің дәмді әрі денсаулыққа пайдалы екенін айтады. Десек те шаруаны ұтымды ұйымдастырып, дамыл таппай ізденіп, оны уақытылы тұтынушысына жетуіне қажырлы еңбек қажет. Бұл ретте кәнігі маман болған Есбол шаруаны дұрыс ұйымдастырудан ешуақытта шаршаған емес.
–Тәтті жүгерінің артықшылығы – өтімді, дәмді. Қиындығы – ақшалай шығын көп, күтімі оңай емес. «Жүгері – жер таңдамайды» деген қате пікір. Қайта жер құнарлы, күн жақсы түсетін болуы керек. Ең бастысы – су. Тәтті жүгері суды жақсы көреді. Аптасына бір рет, гүлдеген кезде тіпті жиі суарған жөн. Су болмаса дәні шырынды болмайды. Зиянкестерге қарсы дер кезінде дәрілеу керек. Жинауды шілденің аяғы – тамыздың басында бастаймыз. Қолмен жинаймыз, себебі тәтті жүгері комбайнмен жиналмайды, қауызы зақымданбауы керек. Жиналған күні Қызылорда қаласындағы Сұлтан базарына өткіземіз. Тәтті жүгеріні мұздатқышта дұрыс сақтаса, келесі жылғы жаңа өнімге дейін құнарын жоғалтпайды, – дейді өз ісінің маманы.
Аманкелділік диқан әзірге кәсібін жүргізуге мемлекеттік қолдауға ие болмаған. Жеңілдетілген пайызбен несие, грант алмаған. Жыл сайынғы алынған өнімнің қаражаты есебінен жүгері егіп, табысын арттырып отыр. Дегенмен ауыл адамдарының егін егуге жағдайын жасап отырған ауыл әкімдігі бар. Есбол Ерболатұлы да әкімшіліктің есебіндегі дизельді насостарды пайдаланып үлкен қолдау көруде. Осындай мүмкіндіктің арқасында бірқатар ауыл адамдары жыл сайын егін егіп, бақша дақылдарынан мол өнім алып, несібесін алуда.
Осы күні тәтті жүгері өсірушісі болып танылып қалған Есболдан өнімді тұрақты түрде сатып алатындар қатары көбеюде. Өйткені Есбол еккен жүгері тұтынуға, пісіріп, қайнатып жеуге арналған тәтті жүгері. Мал азығы емес. Күнделікті базар аумағында сатылатын тәтті жүгерінің бірқатары осы өзіміздің аманкелділік диқанның өнімі.
Егін науқаны басталғаннан қара күзге дейін жұмысты атқаруға көмектесетін, «Мұсахан ата» шаруа қожалығында үш тұрақты жұмысшы бар. Одан бөлек, Есбол Ерболатұлының өнімін көтерме бағамен алып, қайта сатып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған 20-30 адам бар. Олар базарда, жол бойында, демалыс аймақтарында тәтті жүгеріні 250-400 теңгеден сатып, күніне 10-20 мың табыс тауып жүр. Яғни, кәсіпкер табыс тауып қана қоймай, 30-ға жуық отбасының кәсіп жасауына мүмкіндік беріп отыр.
Көктемгі егіс жұмысын уақытылы атқарып, дақылдың күтімі мен қоректендіруді дұрыс жүргізгеннің арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізуді мақсат еткен жүгері өсіруші биыл да адал еңбектің нәтижесін көруге ниетті. Енді аз уақытта егістік алқабын түгел жинап алып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған диқаншы келесі жылғы науқанға дайындалып, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоса бермекші.
«Диқан еккенін жейді», «Әлемнің әміршісі еңбек» дегендей, адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі жарық, мерейі үстем болары анық. Міне, осы тұрғыда «Мұсахан ата» шаруа қожалығының иесі Есбол Ерболатұлының тынымсыз тірлігі көпке үлгі болары сөзсіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ










