Жартылай дайын өнімнің артықшылығы мен кемшілігі
Соңғы жылдары жартылай дайын өнімдер мен жылдам дайындалатын тағам түрлері үлкен сұранысқа ие. Жеңіл әрі тез дайындалатын дайын өнімдер кез келген қыз-келіншектің уақытын үнемдеудің бір жолы болса, аяқ астынан келген қонаққа тез арада ұсына қоятын тағам. Яғни жайылған қамыр, бүгілген манты мен тұшпара, кесілген кеспе, қаттама нан т.б. ет және ұн өнімдері қазіргі ас үй ханшайымының ұтымды тұсы. Бірақ бұл өнімдер туралы не білеміз? Мұздатқышта сақтаудың зияны жоқ па? Оларды үй жағдайында дайындалған таза, пайдалы тағам деп санай аламыз ба? Жартылай дайын өнім өнеркәсіптік деңгейде 1920-1930 жылдары, әсіресе индустрияландыру кезеңінде кеңінен пайда бола бастады. Қыз-келіншектердің құтқарушы құралына айналған жартылай дайын өнімдер – бастапқы өңдеуден өткен, бірақ әлі түпкілікті дайын күйге жетпеген тағамдық шикізат. Аталған өнімдер қолданылатын шикізат түріне қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Мәселен, ет өнімдері: тартылған ет, котлеттер, тұздалған немесе маринадталған ет кесектері. Құс еті өнімдері: тазартылған және мүшеленген тауық еті. Балық өнімдері: балық филесі, балық котлеттері мен таяқшалары. Көкөніс өнімдері: тазартылған және туралған картоп, мұздатылған көкөніс қоспалары, суп жиынтықтары. Ұн өнімдері: дайын қамыр, кесілген кеспе, созылған лағман қамыры.
Халық сұранысына қарай қазіргі таңда жартылай дайын өнімдерді дайындайтын кәсіпкерлер мен фабрика қатары көбейіп келеді. Ет қосылған жартылай дайын өнімдер, яғни тұшпара, манты, котлет, варениктер, т.б. тағамдардың ең сенімдісі – өз қолыңызбен дайындаған. Алайда дайындалған өнімдерді бірнеше рет мұздатып, қатырсаңыз, еттің сапасын нашарлатады, ішіне қосылған қоспаларыңыздың дәмі кетеді. Ал дайындауға уақытыңыз тығыз болып, дүкеннен сатып алатын болсаңыз, қаптамасын мұқият қарап, өнімнің санаты көрсетілген белгіні іздеңіз.
Ұн өнімінен дайындалатын бешбармақ, манты, лағманға арналған қамыр жаймаларын да мұздатып, керек кезіңізде пайдалансаңыз болады. Мұндай өнімдердің көмірсу мөлшері өзгермейді, қоректік құндылығы сақталады. Тек құрылымы аздап жұмсаруы мүмкін. Ал самса дайындамаларын мұздатқышта қатырғанда еттің шырыны аздап жоғалуы мүмкін. Сонымен қатар, бірнеше мәрте ерітіп-мұздатса сапасы нашарлайды. Сондай-ақ ұзақ сақталса, дәмдік қасиеттері төмендейді. Мұздатуға ең төзімділерінің бірі, суықты өте жақсы көретін қамыр түрі – қаттама қамыр. Қатыру барысында май мен көмірсу мөлшері өзгермейді. Бірақ ерітілгеннен кейін мұздатқышта қайта сақтаса, қамырдың көтерілу қасиеті төмендейді. Ашытылып жасалған қамырды мұздатқышта сақтаған дұрыс емес. Өйткені мұздату кезінде ашытқы жасушаларының бір бөлігі өледі және дұрыс көтерілмейді.
Қарбаласқан уақытта жартылай дайын өнімдер біраз қыз-келіншектің қолын ұзартуы мүмкін. Бірақ жартылай фабрикаттар күнделікті тамақтануымыздың негізі болмауы тиіс. Әрі уақытылы дайындалған тағамдардың дәмі бұзылмайды.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден










