Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Мамандық таңдау – үлкен өмірге қадам

Мамандық таңдау – үлкен өмірге қадам

Кез келген жастың болашаққа жасаған алғашқы қадамы – мамандық таңдаудан басталады. Өзінің қызығушылығы мен қабілетін саралап, қоғамға қажетті кәсіпті игеру – әрбір жастың алдындағы маңызды міндет. Осы ретте оқушыларға мамандық әлемі туралы бағыт-бағдар беріп, еңбекке деген құрметін қалыптастырудың тәрбиелік маңызы зор. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінде жоғары сынып оқушыларына арналған «Табыс жолы» тақырыбында түрлі сала мамандарымен кездесу кеші өтті.

Кешке Тереңөзек кенті клубының әдіскері Ержан Жүнісов пен Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков арнайы шақырылды. Кездесуде сала мамандары өздерінің кәсіби жолы, атқарып жүрген жұмысы және мамандықтың қыр-сыры туралы оқушылармен ой бөлісті. Жоғары сынып оқушылары өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әсіресе мамандықты жүрек қалауымен таңдау, білімнің маңызы, еңбекқорлық пен ізденістің адам өміріндегі орны жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді.

Кездесуде сөз алған Ержан Жүнісов оқушылармен еркін форматта пікір алмасып, шығармашылық саладағы жұмыстың ерекшелігіне тоқталды.

– Әр мамандықтың өзіне тән жауапкершілігі мен қиындығы бар. Бірақ адам өз ісін сүйіп атқарса, кез келген салада жетістікке жетуге мүмкіндік мол. Мамандық таңдағанда тек оның сыртқы беделіне немесе бүгінгі сұранысына мән бермеу керек. Өз бойыңдағы қабілет пен қызығушылыққа да назар аударған абзал. Жастардың өнерге, мәдениетке, қоғамдық жұмысқа белсенді араласуы олардың тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді. Бүгінгі кездесу барысында оқушылардың өз болашағына бейжай қарамайтынын байқадым. Олардың қойған сұрақтары да орынды. Әрқайсысына дұрыс бағыт көрсетіп, тәжірибемен бөлісу – аға буын өкілінің міндеті деп білемін, – деді Ержан Жорабекұлы.

Кездесудің тағы бір ерекшелігі – оқушылардың өз өнерлерін ортаға салуы болды. Мектеп оқушылары әннен шашу шашып, кештің мазмұнын байыта түсті. Бұл олардың шығармашылық қабілетін танытып қана қоймай, мектептегі тәрбиелік жұмыстардың нәтижесін де көрсетті. Іс-шара соңында №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Жарболқызы сөз сөйлеп, кездесуге арнайы келген сала мамандарына алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

– Бүгінгі таңда оқушыларға білім берумен бірге, олардың өмірлік бағыт-бағдарын айқындауына ықпал ету – мектептің маңызды міндеті. «Табыс жолы» кездесуінің де негізгі мақсаты – жастарға әр мамандықтың қоғамдағы маңызын түсіндіру, еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеу. Оқушы өз болашағын мектеп қабырғасында жүрген кезінен ойластырғаны дұрыс. Ол үшін түрлі сала мамандарымен жүздесіп, олардың өмірлік және кәсіби тәжірибесін тыңдаудың пайдасы зор. Қонақтарымыздың өз салалары бойынша берген кеңестері жастар үшін пайдалы болды деп ойлаймын. Осындай тағылымды кездесу алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Ақтолқын Жарболқызы.

Жалпы, «Табыс жолы» тақырыбындағы кездесу оқушылардың мамандықтар жөніндегі түсінігін кеңейтіп, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған мазмұнды іс-шара болды. Себебі мамандық таңдау – адамның өмір жолын айқындайтын маңызды шешім. Қай салада еңбек етсе де, ең бастысы – өз ісіне адал болу, іздену, білімін жетілдіру және қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылу. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Сондықтан жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетіп, олардың бойына еңбекқорлық, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ міндет.

«Тт» ақпарат
22 қыркүйек 2026 ж. 72 0