Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№72 газет

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 газет

19 қыркүйек 2026 ж.

№ 70 газет

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Даланың дәмін терген...

Даланың дәмін терген...

Іңкәрдарияның берекелі даласын­да қауын-қарбыз өсіріп, маңдай тері­мен нәпақасын тауып жүрген еңбек адамы­ның қатары аз емес. Жердің бабын, судың қадірін білетін диқандар үшін әрбір жаз – үлкен сынақ, әрбір өнім – бірнеше айлық еңбектің жемісі. Мәселен, Іңкәрдария ауылының тұрғыны Шыңғысбек Көпбайдың алажаздай қолы­нан кетпені түспейді.

Шыңғысбек Аманкелдіұлы 1964 жылы Іңкәрдария ауылында дүниеге келген. Туған жердің топырағында өсіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан ол еңбекке ерте араласқан. Бүгінде мектепте қарауыл болып қызмет атқара жүріп, бос уақытында диқаншылықпен айналысып, жерден несібесін теріп келеді.

Диқанның айтқанына құлақ түрсек, Іңкәрдарияда қауын-қарбыз егу – кейінгі жылдары ғана пайда болған кәсіп емес. Ауылдың табиғаты мен жер жағдайына бейімделген бұл кәсіпті жергілікті кез келген тұрғын ертеден қолға алып келеді. Көктем шыға салысымен жер жыртып, тұқым дайындап, егістікке кірі­су – ауылдағы талай отбасының жыл сайын­ғы қалыптасқан тірлігі.

– Қауын-қарбыз егу оңай шаруа емес. Оның әр кезеңінің өз қиындығы бар. Жерді дайындаудан бастап, тұқым себу, суару, арамшөптен тазарту, өнімді баптау – барлығы тынымсыз еңбекті қажет етеді. Бір сәтке қараусыз қалдырсаң, еңбегіңнің нәтижесіне әсер етеді, – дейді Шыңғысбек Көпбай.

Кейіпкерім жыл сайын шамамен 2-3 гектар жерге қауын-қарбыз егеді. Негізінен қара қауын, әміре және қарбыздың бірнеше түрін өсіреді. Егістіктің көлемі үлкен болмағанымен, одан алынатын өнім аз емес. Қолайлы уақытта бір маусымда 20-30 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Алайда жерден мол өнім алу үшін тек тұқым мен жердің болуы жеткіліксіз. Диқан үшін ең басты мәселе – су. Әсіресе Сыр бойының ыстығында қауын-қарбыздың дұрыс өсуі тұрақты суаруға тікелей байланысты.

Биылғы жаз шаруалар үшін оңай болмады. Ауа райының қолайсыздығына қоса, ауылдағы каналында судың көп болмауы егіс көлеміне де әсер етті. Соның салдарынан ауыл тұрғындарының бір бөлігі биыл егін егуге мүмкіндік таба алмады. Шыңғысбек Көпбай да осы жағ­дайдың шаруа біткенге айтарлықтай сал­мақ салғанын айтады.

– Жаз қолайсыз болды. Каналға су дұрыс келмегендіктен, ауылдың көпшілігі егін еге алмады. Егіншілікпен айналысатын адам үшін судың орны бөлек. Жер дайын тұрса да, су болмаса, өнім алу қиын. Соған қарамастан қолдан келгенше еңбектеніп, биыл да егістікті күтіп-баптауға тырыстық. Қауын-қарбыздың әр сортының өзіндік ерекшелігі бар. Шаруа көп жылдан бері тәжірибе жинақтағандықтан, қай тұқымның қан­дай уақытта пісетінін, қандай күтімді қажет ететінін жақсы біледі. Мәселен, қара қауын 90 күннен астам уақытта піседі. Ал әміре сорты шамамен 70 күнде өнім береді. Қарбыздың да бірнеше түрін егеміз. Егістіктегі қауын-қарбыздың піс­кенін көру – диқан үшін ерекше қуаныш. Бірақ өнімді өсіріп шығару – жұмыстың бір бөлігі ғана. Оны уақытында жинап, сұрыптап, тұтынушыға жеткізу де шаруаның мойнындағы міндет. Еңбек адамының болмысы да осындай бейнет пен төзімнен қалыптасады. Ол таби­ғатпен таласып емес, табиғаттың тілін түсініп еңбек етеді. Қай кезде су беру керек, қай тұқым жерге бейім, өнімді қашан жинау қажет – мұның барлығы жылдар бойы қалыптасқан тәжірибемен келеді, – дейді диқан.

Мол өнім алуға пайдасын тигізетін тұқым Шиелі ауданы мен Шымкент қаласынан әкелінеді. Биыл қауын-қарбызды саудагерлер шамамен 500 теңгеден алып жатқанын айтады. Осылайша, бірнеше айлық еңбектің өтеуі саудаға шыққан өнім арқылы қайтады.

Ел ағасының өмір жолы да туған жермен тығыз байланысты. Он бір ағайынды отбасында тәрбиеленген ол отбасының үлкенді-кішілі тіршілігін көріп өсті. 1989 жылы Мейрамкүл Тәжиевамен шаңырақ көтеріп, бүгінде бес баланың әкесі атанып отыр. Ұрпағына адал еңбектің қадірін көрсетіп келе жатқан әке үшін жерден өнім алу – тек кәсіп емес, кейінгі буынға үлгі болатын еңбек мектебі.

Іңкәрдария ауылының қауын-қар­быз өсірудегі дәстүрі де осы еңбектің жалғасы. Сырдың бойындағы құнарлы жерді игеріп, жаздың аптап ыстығына қарамай өнім өсірген ауыл адамының тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Шыңғысбек секілді диқан үшін қауын мен қарбыз – жай ғана бақша өнімі ретінде бағаланбайды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан кәсіпке жат­қызылады. Қазір Еңбеккеш диқанның ал­қа­бынан шыққан өнімнің Астана, Ақтөбе секілді қалаға да жөнелтіліп жатқаны осы кәсіптің ауқымын аңғартады. Туған жердің топырағында өскен тәтті қауын мен балдай қарбыздың басқа өңірлердегі тұтынушының дастарқанына жетуі – ауыл диқанының еңбегінің нәтижесі.
Қызылдың қойнауында қауын-қар­быздың иісі аңқып, еңбек адамының егістіктегі тіршілігі жалғасып жатқанда, ауылдың ежелден қалыптасқан бұл дәстүрі де жаңғыра бермек. Ал Шыңғысбек Көпбай секілді қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері – сол дәстүрдің бүгінгі көрінісі.

Б.ОРДАБЕКОВ
22 қыркүйек 2026 ж. 80 0