АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді көктемнің шуақты да шұғылалы мейрамы, «1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен» шын жүректен құттықтаймын!
1 мамыр мейрамы қазақстандық патриотизмнің, өз Отанына шынайы берілгендіктің жарқын көрінісіне айналды. Бұл мемлекеттік мереке – Қазақстанда тұратын 100-ден астам этнос өкілдерінің достығы мен татулығының, ынтымағы мен келісімінің белгісі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Мәңгілік елдің алтын діңгегі – береке мен бірлікте!”- деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының көреген саясатымен еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде ертеңгі күнге деген сенім берік орнады. Айналамыздағы көптеген мемлекеттерде түрлі оқиғалар мен әскери қақтығыстар, жат пиғылды әрекеттер орын алып тұрған тұста берекелі бірлік пен тату тірлігімізді сақтап қалу – біздің ең басты мақсатымыз.
Ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі мығым, саяси ахуалы тұрақты, көп этносты мемлекетіміздің әлем мемлекеттеріне әлі де талай үлгі бола беретіні анық. Тәуелсіздік жылдарында Елімізде қоғамның бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімнің үлгісін қалыптастыратын және этносаралық өзара іс-қимылдың тиімді институтына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасты. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ ордасы – Сыр елінде де қаншама ұлт пен ұлыс бір ананың баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл - жұртымыздың айнымас достығының үзілмес дәнекері.
Біз - Елбасының төңірегіне топтасқан, бір шаңырақтың астына ұйысқан мүддесі бір, мақсаты ортақ тағдырлас халықпыз. Халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымақ пен бірлік, достық пен татулық! Қазақстан – бекем бірлігі, тату тірлігі, ырысты ынтымағы жарасқан ел! Ауызбірлігіміз мықты болғанда ғана Қазақ елінің түпкі мұраты – Мәңгілік елге қол жеткізе аламыз.
Бейбітшілік, тұрақтылық, азаматтық келісім орнаған Қазақстан, жасасын! Мәңгілік ел болу жолындағы Қазақстанның Тәуелсіздігі тұғырлы, ғұмыры мәңгі болсын!
Еліміз, Елбасымыз аман болсын! Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Ғанибек ҚАЗАНТАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі