Жасанды сұлулық артықшылық па, әлде...
«Сұлулық құрбандықты талап етеді» дейміз. Бірақ... Қазіргі кезде сұлулығына сұлулық қосамын деп көп қыздар жасанды болып бара жатқан жоқ па? Түртиген ерін, үлкейген бөксе мен кеуде, сылынған қыпша бел. Яғни бүгінде келбетіне көңілі толмаған кез келген жан бет-әлпетін, денесін өз қалауынша өзгерте алады деген сөз. «Мұндай жасанды сұлулықтың кейін зияны тимейді ме?» деген сұрақ тұрады көптің көкейінде.Иә, мәңгілік жас көріну, мінсіз бет-әлпет, мінсіз мүсін кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Соңғы жылдары пластикалық ота жасатамын деп өмірімен қоштасқандар, тіпті жазылмас дертке ұшырағаны жөніндегі ақпарат та әлеуметтік желіде желдей есуде.
«Пластикалық хирургия» терминін алғаш медициналық термин қатарына ресми түрде 1798 жылы Пьер Жозеф Дезо есімді француз хирургі, ғалымы енгізді. Бұл ұғымды ол адам денесінің зақымдалған мүшелері мен тіндерін қалпына келтіру және пішінін өзгерту оталарын сипаттау үшін қолданған болатын. Аты айтып тұрғандай, адамның бет-әлпетінде, денесінде туа біткен жарақаттарын, кейіннен апаттық жағдайда пайда болған жарақаттарын қалпына келтіру үшін жасалатын отаны қазіргі кезде басқаша мақсатта қолданып жүрген жандар жетерлік. Біреуі қаншама қаражатын денсаулығын жақсартуға жұмсаса, кейбіреуі жасанды сұлулықты хирургияның скальпелінен іздейді.
Өзгеге қуаныш сыйлап, келесі жанға жапа шектірген пластикалық ота көмегіне басым көпшілігі әйел адамдар жүгінсе, соңғы жылдары ер азаматтың да қатары көбейіп келеді.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, пластикалық отаның көшін әлемдік деңгейде АҚШ, Бразилия, Мексика, Германия және Оңтүстік Корея секілді мемлекет бастап тұр. Ал жан басына шаққандағы ота саны бойынша Оңтүстік Корея айқындаушы көшбасшы болып табылады.
Соңғы жылдардағы әлемде және Қазақстанда ең көп сұранысқа ие ота түрлері: блефаропластика – көз қабағының пішінін өзгерту, қабаққа пішін беру және артық теріні кетіру отасы. Липосакция – денедегі артық май қабаттарын алып тастау. Ринопластика – мұрын пішінін түзету. Маммопластика – төсті үлкейту немесе пішінін өзгерту. Лифтинг – бетті және мойынды тарту. Бұл оталарды бұрындары шет ел асып жасатып келетін. Қазіргі кезде елімізде де арнайы көптеген клиника көбейіп келеді. Мұндай отандық клиникалардың саны белгісіз, бірақ осы отаға жүгінетіндердің саны күннен-күнге артуда. Мұндай жасанды сұлулықтың құны да аз ақша тұрмайды. Зайырлы мемлекетте тұрып жатқаннан кейін әркім өзі біледі дейміз, бірақ өзіне жарасатындай, өміріне зияны тимейтін етіп жасаса деген ойға қаласың. Сұлулығыма сұлулық қосамын деп, Алла Тағала берген өмірін және табиғи келбетін жоғалтып алмайық.
Т.ШАНЖАРХАНОВА
Сурет: ашық дереккөзден









