Қыркүйектегі амал: Берекелі күз
Әне-міне дегенше қыркүйек айының екінші жартысына да жеттік. Уақыт зымырап барады. Бұрынғылар күн өтсе жылайды екен деген сөз бар. Ал қазір жағдай өзгерген тәрізді. Жалақыға тезірек жету үшін уақыттың жылдам өткенін қалайды. Бірақ бүгін біз күннің жылдам өтіп жатқанын емес, айдың амалы туралы сөз етпекпіз.Қыркүйек айын ата-бабаларымыз «жылауық ай» деген екен. Оған себеп шықтың түсуі, жауынның себелеп жауатыны, одан басқа, желдің тұруы болса керек. Күз мезгілінің атауына жомарт, алтын, сары, күрең деп сөз тіркесі қосыла айтылады. Бұл күз айларының мінезіне қарата аталғаны болса керек. Әр атаудың өзіндік қыры мен мәні бар.
Күз молшылығымен, берекесімен ерекше. Алажаздайғы диқан еңбегі ақталып, егін жинау науқаны қызу жүруде. Осы қарбалас сәтті тиімді пайдалануға тырысатын егінші қауым төккен тердің жемісін көруге асық. Үлкен кісілер бұл шуақты мезгілде «Масақ» амалы болатынын айтады. Амал атауы егін жиналғандағы масақ терілетімен байланысты айтылған. Алқап басына баратын адамдар егінді ысырап етпеудің амалын жасайды. Егін жиналған егістікке малын жайып, атыздағы масақты түгелімен жинап алуға тырысады. Ал қыркүйек айындағы «мизам шуақ» ауа райына қарата айтылады. Яғни күн салқындап, жаңбыр жауғанымен, шуақты күндері де болады. Бұл айдың екінші онкүндігінде көбірек болатын кез. Халқымыз қыркүйектің бұл шуағын жақсылыққа балаған. Мизам айы ырзық-несібенің артатын, қамба астыққа толып, ала жаздайғы еңбектің қортындылатын кезі деп қуанған.
Жалпы қыркүйек айының атауына келсек, көзкөргендер мұны мал шаруашылығымен байланыстырады. Уақ малдың төлдеу кезін жылдың жылы мезгіліне туралау үшін жаздың басында қошқар мен текеге күйек байлаған. Күздің басында Үркердің бас көтеруі күйек уақытының келгенін меңзегендей. Сондықтан малшылар «Үркер бас көтеріпті, күйекті алатын кез келді» деп, аталық малға байланған күйекті алып, оларды еркіндікке босатқан. Осыған байланысты қыр қазақтары күйек ағытатын уақытты қыркүйек деп атап кеткен.
Қыркүйекте болатын тағы бір амал «Сүмбіленің тууы». Айдың соңғы онкүндігінде ауа райының суытуын, судың да салқын болуын атайтын амал. «Сүмбіледе су суыйды» деген мезгіл осы айдың соңы. Суықтың келгенін, енді бұдан былай күн жылы болмайтынын меңзейді.
Күздің алғашқы айында Үркер басын көтеріп, Таразы туғанымен күн райы әлі жылы болып тұр. Осы мезгілді әрбір адам шаруасына тиімді пайдалану керек. Егінші егінін жинап алуына, қыстың қамын жасауға, үй шаруасын реттеуге асыққан абзал.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Сурет: vk.com










