Халық аузынан
Ел адамдары әлі күнге дейін Нағи Ілиясовтың керемет ақжарқын және қарапайым адам екенін жыр қылып айтады. Нағи Ілиясовтан кейін совхозды басқарған Алдаберген Бисенов те Нәкеңе зор құрметпен қараған. Өйткені совхозды қабылдаған уақытта ешбір кемшілік болған жоқ. Мал басы, есеп-қисап, тұқымдық астық және де басқа да дүние-мүлік түгел және тұтастықта, бәрі артық болмаса, кем болмаған. Бұған байланысты Нәкеңнің орнына келген жаңа директор Алдаберген Бисенов былай деп еске түсіреді: «Екеуіміздің нағашылы-жиендігіміз де бар. Нәкең жасын, қызметін, беделін бұлдамайтын өте қарапайым адам еді».Алдаберген совхоздың жай-күйімен танысып, тексеру арқылы шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының кереметтігіне көз жеткізді. Өйткені Нағи Ілиясов әркез сол совхозды көркейтуге жанын сала еңбек еткен адам.
«Жалпы, жаратылысында Нағи теңдесі жоқ азамат еді,» – дейді 1927 жылы «Қызыл коммуна» колхозында туып-өсіп, сол совхозда бір кезде мал дәрігері болып қызмет атқарған Мырзағали Ерманов (2007 жылы қайтыс болады) ел басшысы, ел ағасы жайлы еске түсіре отырып. – Жақсы адам кемеңгер болады. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» дегендей, Нәкеңнің ашуы да, қайтымы да тез еді.
«Ашуға қиғанмен, ажалға ешкімді қимайтын», жақсылық жасамаса, бір адамға қиянат жасамаған еді.
Нағыз батыр. Халық даналығында: «Батыр – аңқау, ер – көдек» деген сөз бар ғой, сол қағидаға Нәкең тура келетін. Нәкеңмен талай үлкенді-кішілі мәжілістерде қатарласып әңгіме-дүкен құрып отырған едік, әңгімешіл, оқығаны, көрген-білгені, көңілге тоқығаны көп, жұрттың назарын аударып, сөзіне иландыра алатын.
Бір отырғанда Нәкең:
– Жаратқан нешеу білесіңдер ме? – деді сол арада айналасындағыларға қарап.
– Біреу шығар – дейді көпшілік.
– Жаратқан екеу.
– О-о, Нәке, Алла тағаладан асқан тағы кім бар?
– Бірі – қол жетпейтін, ой жетпейтін көктегі Алла тағала, екінші – мына сендер, халық. Адамды жақсы қылуда, жаман қылуда Алла тағала мен халықтың қолында. Ендеше сендердің жаратқаннан қай жерлерің кем? – дейді сонда Нәкең.
Міне, Н.Ілиясов, Мырзағали Ерманов айтқандай, осындай кісі болған. Директор бола жүріп те ол кісі өзін көпшіліктен жоғары санамаған және оларға қызмет жасаудан аянбаған. Батыр адам дүниені тәрк етпейтін. Н.Ілиясов қазақтың қолы ашық, жомарт азаматы болатын. Ол совхоз жұмысында техника мен жаңа технологияларды ұтымды қолданып, бері келе ғылымға сүйеніп шаруашылықты соған негіздеп жүргізген. Бұл шаруашылықтарда жұмыстың барлық бағыттары ғылымға негізделген болатын.
Нағи Ілиясовтың жоғары-төменді басшы буында жақсы қарым-қатынас орнатқан таныстары, жолдас-жоралары көп болған. Сол кезде шаруашылықтың негізін нығайтатын материалдық-техникалық базасын өте қажетті материалдармен қамтамасыз етіп отырған. Совхоз орталығының тұрғын үй құрылысын жүргізуге бар күшін салған. Нағи Ілиясовтың жасы сол кездің өзінде елуге таяп қалған болатын. Ұйқысыз ұзақ таңды көзімен атыру үшін де зор денсаулық керек қой, дегенмен бірде-бір күн жұмыстан қалмаған. Шаруашылыққа үстіне көнетоз плащ киіп, күй талғамай жүрген екен. Сол кездері совхозға политехникумның студенттері көмекке келіп, қырман басында астық тазалап жатса керек. Түнде Н.Ілиясов қырманға барса арақ ішіп алған бір топ студенттер төбелесіп жатыпты. Ал Н.Ілиясов төбелесті қойғызу үшін өзі арасына кіріп кетеді. Қып-қызыл жұдырықтасудың ішінде егде біреуді байқап қалған студент: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. – «Мен совхоз директорымын», – дейді Нағи Ілиясов. Әлгі студенттер костюмінің өңірінен тастамай киіп жүретін «Қызыл жұлдызын» көріп, сенерін де, сенбесін де білмей абдырап тұрып қалады. Сол уақытта: «Міне, қарап алыңдар! Енді тып-тыныш жұмыстарыңа барыңдар», – деген екен Нәкең.
«Нәкеңмен бірге жұмыс істегеніме қуанамын», – дейді екен 1925 жылы «Карл Маркс» колхозының «Мақпал» деген жерінде туып, «Қазақстанның 50 жылдығы» совхозында сауын фермасында жұмыс істеген Ұлы Отан соғысының ардагері Маухан Достанұлы. – Ол кезде мен сауын фермасында басқарушы болдым. Барлығын жаңадан тұрғызып, жаңа қоныстың қабырғасын қалады. Ол кісі нағыз батыр, еңбек адамы, жұмыс десе ішкен асын жерге қойып, қашан жұмыс біткенше тізе бүгіп отырмайтын. Бірде маған 15 көлік берді. Сөйтіп, мен «Төретам» станциясынан ірі қара мал алып келдім. Фермаға 200-300 бас мал алып келіп қостық. Алып келген сиырдан жақсы өнім алынды, оның ішінде сүт өнімдері барынша жоғары көрсеткіштерге жетті. Сиырдан күніне 3000 литрден сүт алынды. Сол уақыттағы сүт шаруашылығынан алдыңғы қатарда болдық. Совхоз күріш өндіруден де жақсы өнімдер алып отырды. Нәкең жиналыста сөз сөйлегенде құлақтан кіріп, бойыңа бір ақыл дарығандай болатын. Ол кісі фермаға жиі-жиі келіп тұратын. Өзі де тыным таппай, бізді де жұмысқа жетелеп жүретін. Үнемі халықтан, бізден жақсылығын аямай көмектесіп жүретін. Осындай бүгінгі күнде көп кездесе бермейтін керемет адами қасиеттері үшін халықтың өзі сол уақыттың өзінде ол кісіге «Батыр» деген атақ берді. «Халық айтса, қалт айтпайды». Батыр десе – Батыр еді. Әттең! Өмірден ертерек озды ғой! Қазір ол кісі тірі болып, өзі қабырғасы қаланған ауылын көргенде ғой! Нәкеңе Баймұрат батырдың аруағы қонған. Бір күні Нәкеңе Маухан солай айтыпты десе, Батыр еш саспайтын: «Иә, ол біледі ғой», – деп күліп қана қойыпты.
Өзі шынымен аруақты кісі еді. Соғыста жүріп 12 мүшесі сау келді. Өйткені бабалары секілді батыр емес пе? Балалар үйінде өскенмен, өзін де, ауылдастарының да жеті атасын ажыратып айтқанда таңғалдыратын. Нәкең қонақжай кісі еді, үйінде дастарқан әркез жайылып тұратын. Қалада ауырып жатқанда жағдайын білейін деп барып едім, дәрігерлер жібермеді. Сонда мен «Нағи деген батырдың хал-жағдайын білуге келдім» деп кірсем, Нәкең қуана күлімдеп қарсы алды.
«Маухан, менің аяғым ауырып, бармаған жерім жоқ, айналып осы туған жердің топырағына келіп емделіп жатырмын», – деді.
Нәкеңдей азаматтар көбейіп, ауыл мәдениетін өркендетіп жатса, керемет болар еді, тек біз емес, оның жасаған игілікті ісін бүкіл ел біледі. Нәкең тойға барғанда, оған дейін ішіп алып, жұрттың мазасын алып жүргендер ол кісіні көрсе болды, бірден есін жиып алатын. Сонда Сұлтан деген бір жігіт: «Сіз соғыста жүргендейсіз ғой», – деп қалжыңдайтын. «Ер жігіт әр уақытта өз-өзіне мықты болу керек, оған қиқалаңдаған жараспайды» – дейтін Нәкең».
«Міне, осы кісі совхозды басқарып тұрған кезінде біз қарамағында жұмысшы болып қызмет істедік, – деді 1937 жылы «Бостандық» колхозында туған, кейін «Қазақстанның 50 жылдығы» совхозында «У-2» тракторын, «МТЗ» тракторын, «ДТ-54» тракторын және комбайн жүргізген Мамытов Керейтбай Мергенбайұлы: – Ол кісі ешкімге жамандық ойламайтын, қолынан келсе, халыққа көмек беруге дайын тұрушы еді. 1967-1972 жылдар аралығында бірге қатар жұмыс істеп, осы совхоздың іргетасын қалап, көркейтіп, гүлдендіруге атсалыстық. Басшы болғанда Нәкең қандай басшы болды дейсің ғой? Біз көктемде трактормен жер жыртып, күріштік жерді дайындау үстінде жүргенде, Нәкең келіп: «Жігіттер, келіңдер, шамалы демалып алыңдар, мына шаң-топырақтың ортасында шаң жұтып, жүрсіңдер. Ол оңай емес. Сондықтан арасында демалып отырыңдар», – деп бізді және егістік басындағы жұмысшыларды аралап хал-жағдайларын сұрап, тамақ әкеліп беретін. Міне, қатардағы жұмысшыға деген қамқорлығы қандай десеңші!
Мұнан да басқа атқарған игі істер өте көп. Қайсыбірін айтуға болады, бір ғана мысал: күзгі уақытта біз комбайн айдайтын едік. Күзгі науқан уақытында Нәкең үйіне қайтпай, егістік басында түнге дейін жұмыс істеп, ерте азанда келіп, жұмысшылармен бірге жұмыс басында болатын».
1924 жылы Жалағаш ауданында туған, Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін Қызылорда облысының «Ленинский путь» газеті мен ТАСС-тың фототілшісі болған Ягунин Владимир (2007 жылы қайтыс болған): «Нағи Ілиясов – Кеңес Одағының Батыры, оның батырлығы жайлы кейінгі ұрпақ білері анық. Өкініштісі, батырдың көзін көріп, оның соғыстан кейінгі жылдары да ел үшін жасаған ерен еңбектері жайлы айтар кісінің қатары сиреп барады. Менің қазір есіме түсетіні – оның шаруашылық жұмысындағы іскерлігі мен еңбекқорлығы. Әсіресе көпке тәлім болар тәрбиелілігі, парасат-пайымы мен қарапайымдылығын бөліп айтар едім. Ол кезде облысымызда мал шаруашылығымен айналысатын ірі облыс қатарына қосу міндеті тұрды. Осы жылдары Америкадан асылтұқымды бұқалар әкелінді. Оның алтауы Нағи Ілиясов басқаратын Қаракөл совхозына берілген еді.
Осы тапсырманы орындау үшін Мәскеу, Алматыдан қаншама ғалымдар мен мал дәрігерлері шақырылды. Ал олардың барлығына жан-жақты жағдай жасау, қонақжайға орналастыру, мезгіл-мезгілімен асханадан дәм беру совхоз директоры үшін жауапты жұмыс болды. Осындай істің басы-қасында Нағидың өзі жүріп, совхозды ең көрікті де жасыл желекке бөленген алдыңғы қатарлы ауылға айналдырды, мал шаруашылығын дамыту бағытында үш жылдың ішінде нәтижесін көрсете білді. Асылтұқымды мал басын көбейтіп, көршілес Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарына мал тұқымын бере білген іскер басшы еңбегі абройлы болды».
Кейінгі жылдары «Карл Маркс» колхозы негізінде қайта құрылған «ҚазССР-нің 50 жылдығы» совхозын басқарып, оны егін шаруашылығымен айналысатын күріш совхозына айналдырды. Көптеген күрішші атағын шығарды.
Нағи Ілиясов сондай-ақ мықты жас кадрларды дайындай білді. Оның іскерлігі, жасаған еңбектері ұзақ жылдар ұрпақ жадында қалмақ.
«Мен ол кісіні сыйлағаным ба, әлде ұялғаным ба, әйтеуір, дастарқан басында бірге отырғаннан гөрі көбірек сырттан қарап, басқа бөлмеде жүріңкіреп қалатыным, қанша жыл өткенімен, бүгінге дейін есімде қалыпты, – дейді қазіргі кездегі ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы. – Батыр ағамыз, қасында жеңгей бар, қызмет машинасымен біздің үйге келді. Үйіміз ол кезде «214-ші бекетте» болатын. Содан анамыз марқұм қайнысы келген соң асып-сасып, барынша шын жүрегімен: «Мал соямын, асықпа, бір күн қонақ болыңыз» – деді. Анама Нәкең: «Рзахия, пейіліңе рақмет, әлі талай сыбағаны жеп, шай ішеміз, директордың жұмысы көп қой», – деп мал сойғызбады. Шай ішіп, біраз өткен-кеткенді еске түсіріп, әңгіме айтып отырды. Сонымен, дастарқан жайылып, батыр аға кететін болды. Анаммен қоштасып жатып: «Әлгі қайда өзі? Орыс болып кеткен бе? Неге көрінбейді?» – деді. Ағаның айтқанының барлығы да маған ап-анық естіліп жатыр. Сол уақытта мен де сыртқа шығып, көрініп қалдым. «Әй! Сен шамалы орыс, кәрістерге барғың келеді деп естимін. Сен оны қой, ауылға кел, орның дайын, – деді де, машинасының есігін тарс жауып кете барды. Ол кісінің орыс-кәріс деп отырғаны – менің жаңа жұмыс орным. МИС-тің директоры кәріс кісі болатын».
Сөйтіп, 1968 жылдың қаңтар айынан бастап мал шаруашылығына кіші зоотехник болып 6 жыл қызмет жасадым. Батыр ағаның адамға деген қамқорлығы – ауылдың кез келген адамын, оның тарихын, кім екенін жақсы білетін. Көбіне елге қамқорлық жасап, ауыл халқының тұрмыс жағдайының жақсаруын қалайтын. Ел сол уақытта есін жиып, жағдайы жақсарды, алды жеңіл автомашина алып мінген еді. Ауылдың көркейіп, көріктенуі Нағи ағамыздың еңбегінің арқасы екенін кейінгі ұрпақ біліп жүруі керек.
Ол кісінің балалық шағы балалар үйінде өткенімен, одан кейін Екінші дүнмежүзілік соғыс, міне, соған қарамастан ел мен жер тарихын, үш жүздің, болыс, би, батыр, ақын-жырауларын, кім қайдан тарағанын әңгімелегенде, тыңдай бергің келетін.
Нәкеңді білмеген адамдар қатал, қатігез деп ойлайтын. Өйткені ол кісі кім болса, ол болсын, өз ойын ашық айтатын, жұмысты талап ететін, орындататын. Бірақ шын мәнінде ол кісі өте қарапайым, адамға қамқоршыл, айтуын айтып салатыны болмаса, қайтымы шапшаң, ешқашан да кісіні алаламайтын, кек сақтамайтын, қудаламайтын кең пейілді қазақтың нағыз батыры болатын.
Сөйтіп, Н.Ілиясов халық үшін адал қызмет жасады.
Әбілда ТӘЖІБАЕВ,
халық ақыны, жазушы









