Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мағжан және к» серіктестігі жылды қорытындылады

«Мағжан және к» серіктестігі жылды қорытындылады

Батырлар ауылымен республика танылған Нағи Ілиясов елді мекені «Алтын дән – 2021» мерекесін атап өтті. «Мағжан және К» серіктестігіндегі дала диқандарын марапаттауға арналған шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев және Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев арнайы барып, егіншілерді молшылық мересімен құттықтады.

– Қасиетті қарт өзеннің жағасында орналасқан ынтымағы жарасқан Нағи Ильясов ауылының бүгінде әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты қарқынды дамып, аймағымыздағы алдыңғы қатарда жүрген елді мекен саналады.

Бұл қасиетті топырақта еңбек майталмандары мен дала диқанының батырлары дүниеге келді. Елді мекен іргетасын қалаған Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың еңбегі ұшан теңіз. Одан бертін келе шаруашылықты басқарған Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов шаруашылық жұмысын жүйелі үйлестіріп, ел үшін еңбек етті. Социалисттік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова – ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Ал тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ең жоғарғы награданың бірі «Қазақстан Республикасының Еңбек Ері» атағын Абзал Ералиев иеленді. Бұл ата-баба жолын жалғаған игі істің, батырлықтың үлгісімен сусындаған дала диқандарының өлшеусіз еңбегі іспетті.

Ауыл диқандарының зор табысы – біріншіден, тынымсыз еңбектің жемісі болса, екіншіден, аграрлық салаға көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесі. Мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланудың арқасында ауданның ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасты.

Сіздердің еткен еңбектеріңіз аудан экономикасына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.

«Мағжан және К» серіктестігі ағымдағы жылы 4 500 гектар алқапқа күріш дақылын орналастырып, оның әр гектарынан 67,4 центнер өнім алды. Ел қамбасына 303 000 мың центнер астық құйып, аудан бойынша озаттар қатарынан көрінді. Бүгінгі салтанатты жиында алажаз бойы тынымсыз тіршілік еткен дала диқандары шаруашылықтың бағалы сыйлықтарымен марапатталса, еңбек озаттарына 5 автокөліктің кілті табыс етілді.

26 қараша 2021 ж. 521 0