Даңқты дәстүр жалғасын тапты...
Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылдың 60 жылдық мерейтойына орай барша ауыл тұрғындарын мерекелік датамен құттықтағым келеді. Бұл мен үшін ерекше күн, себебі ауылдың іргетасын қалаушылардың бірі – менің әкем Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов еді.Сол кезеңде ауыл тарихына тоқталатын болсам, мен кіші сынып оқушысы ретінде әкемнің 1966 жылдан 1972 жылға дейінгі қол жеткізген еңбек жетістіктерін толық түсіне алмаған едім. Ал ол еңбек жетістіктері Қазақстанда және Қызылорда облысында теңдесі жоқ, таңғажайып табыстар болатын. Мұны мен есейген шағымда, 1971 жылы «Қайнар» баспасынан экономист ғалымдар Қ.Сыдықов, Б.Бапаевпен бірлесіп Н.Ілиясовтың шығарған «Совхоз – күріш фабрикасы» атты шағын болса да, бірақ экономикалық тұрғыдан өте құнды дереккөзді оқығаннан кейін ғана түсіндім. Біріншіден, әкем басқарған шаруашылықта өндірілген күріш жоғары сапалы және ең жоғары сатып алу бағасына ие болды. Екіншіден, бұл жоғары сапалы күріштің рентабельділігі жоғары, ал өзіндік құны төмен бола отырып, Қызылорда облысындағы күріш өсіруге қатысты барлық рекордтарды жаңартты.
Айтылғанды дәлелдеу үшін мысал келтірейін. 1966 жылы совхозда күріш өндірісінің рентабельділігі 55,9% болса, 1970 жылы бұл көрсеткіш 77%-ға жетті. Күріш өндірісінің өзіндік құны өте төмен болғаны айқын көрініс тауып тұр. Бұл мәліметті «Совхоз – күріш фабрикасы» атты экономикалық дереккөзі де растайды. Аталған еңбекте былай делінген: «Атап өткен жөн, біз күрішті облыстың барлық совхоздарына қарағанда әлдеқайда арзан шығарамыз». Демек, Қызылорда облысының ешбір күріш өсіретін шаруашылықтары мұндай экономикалық нәтижелерге қол жеткізген емес деуге болады.
Қазіргі уақытта ауылда «Абзал және К» компаниясы жұмыс істейді. Оны басқарып отырған Абзал Ералиев осы данқты дәстүрді өз дәрежесінде жалғастыруда. Бүгінде Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы ауыл бүкіл Қазақстанға танымал. Ол Абзал Ералиевтің жасап жатқан зор еңбегінің арқасында. Нағи Ілиясовтың бастаған жұмысын жалғастырып, дамытып келе жатқан Абзал Ералиевке шексіз алғысымды білдіре отырып, ауылдың 60 жылдық мерейтоймен құттықтаймын. Сонымен қатар қымбатты жерлестеріме де той құтты болсын деген тілек білдіремін!
Болат ІЛИЯСОВ,
Нағи Ілиясовтың ұлы








