Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 газет

29 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Трактор тізгіндеген ана

Трактор тізгіндеген ана

Ауылдың тарихын еңбек адамдарының өмірінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Өйткені ауылдың бүгінгі тынысы, берекелі тіршілігі, жайқалған егістігі мен дастарқанындағы несібесі кешегі маңдай термен келген. Таңмен таласа тұрып еңбекке кірісіп, күн батқанша тыным таппаған жандардың ғұмыры туған жердің шежіресіне айналады. Әсіресе, ауылдың қара жұмысына араласып, отбасының жауапкершілігін арқалай жүріп, ер азаматтармен иық тіресе еңбек еткен әйелдердің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Сондай еңбекпен өрілген тағдыр иесі – 63 жастағы аманкелділік Ұлтай Әбіләсанова.

Кейіпкеріміздің есімі ауыл шаруашылығымен, егін даласымен, трактордың дүбірімен, кәсіпкерлікпен және ауылдағы қарапайым тіршілікпен біте қайнасып кеткен. Ұлтай Әлиқожақызының өмір жолына көз салған адам ауыл әйелінің бойындағы қайсарлықты, төзімділікті, еңбекке деген адалдықты анық аңғарады.

1980 жылы мектепті бітірген бойжеткен Ұлтай еңбекке ерте араласты. Сол кездегі ауыл өмірі қазіргідей жеңіл болған жоқ. Шаруашылықтың негізгі салмағы қол еңбегіне түсетін. Егіс даласы, шабындық, техника, қысқы науқан – бәрі де адамнан күш пен төзімді талап етті. Ұлтай да ауылдың тіршілігіне белсене араласып, механизатор қызметін атқарды.


– Мектеп бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығына араластым. Жұмыс көп еді. Шөп ордық, пресс бастық, қыс мезгілінде жұмысшыларға көмектестік. Егістікке адамдарды апарып, алып қайтатынбыз. Жас кезімізде жұмыстың ауыр-жеңіліне қарап жатпайтынбыз. Елдің шаруасы жүріп жатса, соған үлес қосу керек деп түсіндік, – деп еске алады еңбеккеш жан.

Жастайынан техникаға жақын болған ол трактор басқаруды үйренуге бел буды. Арнайы оқудан өтіп, механизаторлық кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қызылбай Қоянбаев пен Ғани Жүнісов секілді ауылдың тәжірибелі азаматтары оған техника жүргізуді үйретті. Ұлтай үшін трактордың рөліне отыру – үлкен жауапкершілік. Өйткені техниканы жүргізу ғана жеткіліксіз, оның тілін түсініп, ақауын дер кезінде анықтай білу қажет.

Сол жылдары трактор тізгіндеген бес қыздың есімі ауыл еңбек тарихында қалды. Ұлтай Әлиқожақызымен бірге Шолпан Жұмабаева, Жанат Асқарова, Шолпан Сәдуақасова және Әсем Құлымбетова техника басқарып, егіс даласының жұмысына араласты. Қыздардың трактор жүргізуі сол уақыт үшін ерекше көрінгенімен, олардың еңбекке деген жігері ешкімнен кем түскен жоқ. Ардақты ана сол кездерді сағынышпен еске алады. Даладағы жұмыс, трактордың гүрілі, еңбек адамдарының өзара қолдауы – бәрі де оның жадында. Ер азаматтармен бірге ауыр жұмысты атқарып жүрген қыздардың арасында өзара сыйластық пен түсіністік қалыптасты. Кімнің қолынан қандай жұмыс келсе, соны атқарды.

– Ер адамдармен бірге жұмыс істедік. Ешкім бізді әйел екен деп аяп, жұмыстан босататын емес. Өзіміз де ондайды күтпедік. Жұмысты атқару керек болса, атқардық. Ауыр темірді көтеру керек болса, көтердік. Трактордың бөлшегін жөндеу қажет болса, соған кірістік. Сол еңбек бізді шыңдады. Тракторды үйрену оңай болған жоқ. Арнайы оқуға бардық. Қызылбай мен Ғани ағаларымыз көп нәрсені үйретті. Техниканың ақауын тыңдап отырып-ақ шамалайтын дәрежеге жеттік. Трактор оталмай қалса, қарап тұрмаймыз. Өзіміз жөндеуге тырысамыз. Қосалқы бөлшектерін ауыстырып, шойын темірді арқаладық. Жас кезімізде күшіміз де бар еді, – дейді кейіпкер.

Біз білетін ананың еңбек жолы меха­низаторлықпен тоқтаған жоқ. Өмірдің әр кезеңінде әр­түрлі жұмысты атқарып, ауыл шаруашылығынан қол үзбеді. Кітапханада еңбек ет­ті, шаруашылық саласында жүр­­ді. 1985 жылы Тұрғанбай Аңламасовқа тұрмысқа шығып, бес ба­ланы дүниеге әкелді. Отбасы мен жұ­мысты қатар алып жүру де оңай бол­ған жоқ. Алайда ол әйелге артылар міндеттің үлкен екенін ерте түсінді.

Жылдар өте Ұлтай апа кәсіпкерлікке ден қойды. Егін шаруашылығымен айналысып, мал бордақылады, бақша өнімін өсірді. Ауылдағы кәсіптің бейнетін жақсы білетін еңбеккеш жан жердің бабын табуға, малдың жағдайын жасауға, өндірген өнімін тиімді өткізуге машықтанды. Қазір оның ауласында 45 түп алмұрт ағашы өсіп тұр. Мал ұстап, бордақылаумен айналы­сады. Айран, сүт, құрт секілді табиғи өнімді дайындап, халыққа ұсынады. Ұлтай Әлиқожақызы облыс көлемінде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 29 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде талай өнімін елге ұсынып, ауыл еңбегінің нәтижесін халыққа таныстырды.

– Балалы болған соң тіршілік тіпті көбейді. Үйдің шаруасы, бала тәрбиесі, жұмыс – бәрін қатар алып жүруге тура келді. Ана болған соң балаңды ойлайсың, отбасыңды ойлайсың. Соған қарамастан еңбек етуге тура келді. Еңбекке үйренген адам үйде қарап отыра алмайды. Ауылда кәсіппен айналысу оңай емес. Егін егудің өз машақатын көрдік. Жерді дайындайсың, тұқым себесің, суын қарайсың, өнімін күтесің. Ауа райына да қарайсың. Кейде еңбегің ақталмай қалатын кездер болады. Сонда да тоқтауға болмайды. Жердің берері бар. Еңбек етсең, несібеңді аласың. Жәрмеңкеге өнім апару үшін де үлкен дайындық керек. Үйде өнімді әзірлейсің, жинайсың, реттейсің. Сосын көлікке тиеп, жәрмеңкеге апарасың. Барған соң халыққа ұсынасың. Адамдар өнімді ұнатып, қайта іздеп келсе, соған қуанасың. Еңбегіңнің еш кетпегенін сонда сезінесің, – дейді ардақты ана.

Ауыл кәсіпкерінің жұмысы күнделікті тірліктен құралғанымен, оның нәтижесі елдің дастарқанына жетеді. Қолдан өндірілген сүт өнімдері, бақша жемістері мен табиғи тағамдар тұтынушының сұранысына ие. Ұлтай апаның еңбегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен ғана шектелмей, ұлттық тағамдарды дәріптеуге де ұласып отыр.

Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, елдің әлеу­меттік жағ­дайын да назардан тыс қалдырмайды. Қолынан кел­генше әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп тұрады. Оның өміріндегі ең үлкен қуаныштың бірі – еңбегінің еленуі. Өткен жылы сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың марапаттауымен «Еңбегі жанған арулар» құрметіне ие болды. Еңбек адамы үшін марапат көп жылғы еңбегіне берілген баға ретінде қабылданды.

Бес баласына өнегелі тәрбиесін берген әзиз ана болмысындағы еңбекқорлық спортқа деген қызығушылығынан да көрінеді. Ол қол күрес пен қазақша күреске әуес. Жас күнінен ауыр еңбекке бейімделген әйелдің бойындағы күш пен шымырлық уақыт өте жоғалмаған. Бүгінде 63 жаста болса да, трактор айдауды ұмытқан жоқ. Техниканың рөліне отырса, жастық шағы еске түседі.

– Тракторды әлі де айдай аламын. Жасым ұлғайғанымен, техниканың тілін ұмытқан жоқпын. Кейде тракторды көрсем, баяғы кездер көз алдыма келеді. Егістік, еңбек адамы, трактордың дауысы – бәрі есімде. Ол кездер менің өмірімнің үлкен бөлігі. Жастар еңбекке жақын болуы керек. Кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Қолыңнан келетін істі бастап, маңдай теріңмен нәпақаңды тапсаң, одан артық не бар? Қазір мүмкіндік жеткілікті. Әсіресе ауылда жеріңді пайдаланып, мал ұстап, бақша егіп, өнім өндіруге болады. Тек талап керек, жалқаулыққа салынбау керек, – дейді ардақты ана.


Ол үшін еңбек ешқашан жаспен өлшенген емес. Жастық шақта трактор тізгіндеді, есейген шағында отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрді, бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысып, халыққа табиғи өнім ұсынып келеді. Жасы ұлғайғанымен, еңбекке деген ықыласы басылған жоқ.

Өмірде Ұлтай секілді аналар еңбек арқылы есімін көпке таныта алады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 қыркүйек 2026 ж. 107 0