Бірлігі жарасқан туған жер
«Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» демекші, туып-өсіп, өсіп-өркендеп, қызмет еткен ауылымыз – Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атында. Азаматтық жолын қалыптастырып, елдің, тұтас бір ауылдың дамуына күш-жігерін салған батырдың есімі берілген ауылымыздың құрылғанына да 60 жыл болды.Бұл жылдар аралығы ауыл тұрғындары үшін берекесі тасыған, татулығы жарасқан, молшылығы мен тоқшылығы асқан, ғасырға бергісіз жыл болды десем қателеспеймін. Осындай жетістікке жетуімізге, қалыптасуымызға ел азаматтары сүбелі үлес қосты, әрбір еңбек адамы бірліктен ажырамай, тындырымды тірлік көрсете білді. Ақ адал маңдай терін төгіп, күріштен тау тұрғызып, мал шаруашылығын өркендетіп, іргелі ауылға айналдырды.
Жастарымыз аға буын ұрпақтың ізімен жүріп, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Қалыптасу жолынан бастап, өркендеу, даму кезеңі барлығы көз алдымызда. Қазір, шүкір, ауылымызды бүкіл республика таниды. Қалаға бергісіз ауылымыздың келбетіне көз сүйсінеді. Заманауи ғимараттар салынып, жеткіншектеріміздің қуанышы үшін бірнеше жаңа ойын алаңдары салынды. Ауыл орталығындағы тамаша көрініске ел қызыға қарайды. Талай сырттан келген қонақтар ауыл тұрғындарының мәдениетіне, көшенің жасыл желегіне, көкке атқылаған субұрқағына тамсана қарайды. Әрине, мұның барлығы туған жерге қызмет еткен атпал азаматтардың арқасы, жұмыла көтерген, бірлескен ауқымды жұмыстың нәтижесі.
Мерейлі мерекені ел-жұрт болып атап өту егін жинау науқанымен тұспа тұс келді. Күндіз-түні тынбай алтын астықты жинау ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үлесінде. Жылдағыдай астықтан тау тұрғызып, қамбаны Сыр салысына толтыратын дала қырандарының жұмысына сәттілік тілейміз.
Біздің ауыл – тарихы тағылымға толы, болашағы жарқын мекен. Майдан даласында от кешкен батырымыз Нағи Ілиясовтың атын жаңғырту болашақтың міндеті. Ауылымыздың әрбір көшесінде қайраткер тұлғаның ізі сайрап жатыр. Әрдайым ауыл еңсесі биік, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсара берсін. Мерейтой құтты болсын!
Төребек ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Нағи Ілиясов ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы










