Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жері тың, тұрмысы түзелген

Жері тың, тұрмысы түзелген

Қалаға бергісіз ауыл. Бұл Сыр өңіріндегі Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы елді мекен. 90-жылдардағы тоқырауда бұл ауыл әбден тозып кеткен еді. Тұр­ғындардың тізе қосып атқарған тірлігінің нәтижесінде ғана қиын кезең артта қалды.

Басылымның «Ауыл» жобасы аясында осыған дейін біршама елді мекеннің тарихына қанық болған едік. Ендігі кезек батыр атындағы бірлігі жарасқан ауылға келді. Таңсәріден атбасын тіреген бұл ауылдың тарихын білмекке ауыл тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлымен тілдестік.

– Осыдан 75 жыл бұрын Мәскеудегі Қы­зыл алаңда 1945 жылдың 24 маусым күні Ұлы Отан соғысының аяқталуының құрметіне аңызға айналған шеру өтті. Бұл шараға 24 маршал, 249 генерал, 2 536 офицер және 31 116 жа­уынгер мен сержант қатысты. Мерекелік шеруде жүріп өткен айбынды жауынгерлердің қатарында 2-Украина майданына қарасты 46-армия 99-атқыштар дивизиясының 473-артиллерия полкі 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі, ефрейтор, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов та болды. 1945 жылғы 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашистік басқыншылармен күрес майданында қолбасшылық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және осы кезде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Нағи Ілиясовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Көптен күткен Жеңіс күнін Нағи Ілиясов Прага маңында қарсы алды. Ұмытылмас әсер мен мақтаныш сезімін ол Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан кезінде терең сезіне білді. Атақты барлаушы 1945 жылдың қараша айында елге келгеннен кейін Қызылорда қаласындағы партия жұмысына білек сыбана кірісті. 1952 жылы Қазақстан КП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Осы уақыттан бастап оның Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы ұзақ әрі жемісті қызметі басталды, – дейді тарихқа қанық ақсақал.

Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов басқарып тұрғанда шартарапқа аты жайылған ауылға Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, Мемлекет және Қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев келген еді. Тәуелсіздік алғасын ерекше гүлденген ауылда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы болды. «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиевті шығарған ауылды 1973 жылы «Социалистік Еңбек Ері» Алдаберген Бисенов басқарған. Бұл ауыл Мемлекет және Қоғам қайраткері Алмагүл Божанова туып-өскен жер. Ұлт көшбасшылары, Батырлар мен Ерлердің табаны тиген қасиетті жерде бой көтерген Нағи Ілиясов ауылы өзінің негізін 1928 жылы қалаған. Алғашында №1 дербес күріш шаруашылығы болған ауыл 1970 жылы «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы» атындағы кеңшар болса, тәуелсіздік алған соң 1992 жылы Нағи Ілиясов атындағы шаруашылық болды. Ауыл қазір аудан, облыс асып, республикаға танымал болып, үлгілі елді мекен атанған.


Майя ҚОЖАБАЙ 
24 қараша 2020 ж. 715 0