Ауылдың берекесі – оның бірлігінде
Біле білген адамға алпыс жыл – бір ауылдың тарихымен қатар, бірнеше ұрпақтың тағдыры мен тіршілігін, еңбегі мен өнегесін тоғыстырған тағылымды кезең. Осы уақыт ішінде ауылымыз талай белесті бағындырып, небір қиындықты еңсеріп, бүгінгі күнге жетті. Кешегі қарапайым қоныс бүгінгі таңда елге үлгі болатын, көркейген, ажарланған, тіршілігі қайнаған ауылға айналды. Мұның барлығы – осы жерде өмір сүрген және бүгін де туған жерінің игілігі үшін еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың маңдай тері мен адал еңбегінің жемісі.Осыдан алпыс жыл бұрын елдің еңсесін тіктеуге барын салған тегеурінді басшы Нағи Ілиясов – ел қорғаған батыр ғана емес, бейбіт күнде де туған жердің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азамат. Бүгінгі ауылдың жеткен жетістіктеріне көз жүгірткен сайын ел азаматының көрегендігі мен еңбегінің нәтижесін анық аңғаруға болады. Ауылдың әрбір көшесі, әрбір еңселі ғимараты, жайқалған егіс алқабы мен берекелі тіршілігі – өткен буынның маңдай терімен келген мұра.
Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Адам қай жерде жүрсе де өзінің туған топырағының алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек деп ойлаймын. Мен ауыл әкімі ретінде халқымыздың сенімін ақтап, ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына, жастарымыздың жарқын болашағына қызмет етуді өзіме үлкен міндет әрі зор жауапкершілік деп білемін. Туған жердің гүлденуі жолында еңбек ету – біз үшін жай ғана қызмет болмауы тиіс. Ол – айрықша міндет, азаматтық борыш.
Осы күні Нағи Ілиясов ауылы тек Сыр өңіріне ғана емес, елімізге өзінің жетістіктерімен танылып келеді. Әсіресе, Сыр күрішінің даңқын асырып, ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұл ретте, ауылымыздың бүгінгі гүлденуі мен өркендеуіне зор еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның еңбек ері, меценат, Абзал Ералиев пен аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиевтің еңбегі айрықша. Олардың ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдың инфрақұрылымын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесі зор.
Сыр күрішінің атағын алысқа танытып, еңбек мәдениеті мен шаруашылық жүргізудің озық үлгісін қалыптастыру – үлкен жауапкершілік. Ауқымды бағыттағы табысымыз – ауыл еңбеккерлерінің бірлігінің, тәжірибесінің және тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Егіс даласында еңбек етіп жүрген диқаннан бастап, ауылдың әрбір саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға дейін туған жердің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Ауылдың берекесі – оның бірлігінде. Ал сол бірліктің алтын арқауы – елдің ақылшысы болған ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз. Олардың ақыл-кеңесі, ақ батасы, өмірлік тәжірибесі – біз үшін әрдайым үлкен мектеп.
Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы – барша ауыл халқының ортақ мерекесі. Осы ауылдың қалыптасуына үлес қосқан ардагерлердің, еңбек майданында тер төккен азаматтардың, ауылдың бүгінгі келбетіне үлес қосып жүрген барша тұрғындардың мерейлі сәті десек, қателеспейміз.
Сағдат НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі








