Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

№ 66 газет

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 газет

29 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Ауылдың ең басты байлығы – ынтымағы

Ауылдың ең басты байлығы – ынтымағы

Қашанда белгілі, ауылдың ажары – оның адамында. Ал ауылдың берекесі – ананың ақ тілеуі мен әйелдің еңбегінде. Қай кезеңде де қазақ ауылының тіршілігін әйел-аналарсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы – осы ауылдың қалыптасуына үлес қосқан барша аналардың да мерекесі.

Кешегі ауылдың алғашқы күндерін көрген апаларымыз бұл жердің қалай бой көтергеніне куә. Ол кезде бүгінгідей еңселі ғимарат пен жайлы тұрмыс болған жоқ. Бірақ халықтың жігері болды, ертеңге деген сенімі айқын еді. Сол қиын кезеңде ауыл азаматтарымен бірге әйелдер де еңбек етті. Бірі егіс даласында жүрсе, бірі шаруашылықтың түрлі саласында маңдай терін төкті. Үйдің берекесін сақтап, бала тәрбиесін қатар алып жүрді.

Сол аналардың еңбегі бүгінгі ауылдың тарихында қалды. Олар туған жерді сөзбен емес, еңбегімен сүйді. Ауылдың бірлігіне ұйытқы болып, кейінгі ұрпаққа еңбекқорлықтың, сабырдың және адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Бүгінде сол еңбектің жалғасын көріп отырмыз. Нағи Ілиясов ауылы жылдан-жылға жаңарып, көркейіп келеді. Ауылдың келбеті өзгеріп, тұрмыс-тіршілік жақсарып, елдің еңсесі көтерілуде. Туған жеріне жанашырлықпен қарайтын азаматтардың және бірлігі жарасқан ауыл халқының ортақ еңбегі қашанда айқындалады.

Біздің ауылдың ең басты байлығы – ынтымағы. Бір қуаныш болса бірге қуанып, қиындық болса бірге еңсеретін ауылдың болашағы әрдайым жарқын болады. Осындай татулықтың сақталуына әйел-аналардың да қосып отырған үлесі аз емес.

Бүгінде ауылымызда анаға деген құрмет ерекше. Осы ретте «Мағжан және К» ЖШС-нің әзиз аналарға көрсетіп келе жатқан сый-құрметін атап өткен орынды. Үлкенді сыйлау, ананы ардақтау – халқымыздың бойындағы асыл қасиет. Сол дәстүрдің ауылымызда жалғасын тауып келе жатқаны көңіл қуантады. Аналардың ақ батасын алу – қашанда игі істің бастауы. Сондықтан ауылдың үлкендеріне құрмет көрсетіп, ақ жаулықты аналардың мерейін үстем ету – баршаға ортақ парыз.

Бүгінгі ауыл әйелдері де туған жердің тыныс-тіршілігінен тыс қалған емес. Әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектеріміз ауылдың дамуына өз үлестерін қосуда. Ұстаз болып ұрпақ тәрбиелеп жүрген де, дәрігер болып халықтың денсаулығын күзетіп жүрген де, кәсіппен айналысып, елге қызмет етіп жүрген де – осы ауылдың әйелдері де еңбеккеш жандар қатарында.

Біз үшін ауылдың көркеюі – әрбір тұрғынның қуанышы. Өйткені туған жердің жақсы жаңалығы әр шаңырақтың шаттығына айналады. Алпыс жылдық тарихы бар Нағи Ілиясов ауылы бүгін үлкен белеске жетіп отыр. Елеулі белес – өткенге тағзым жасап, болашаққа үмітпен қараудың сәті.

Біз, ауылдың әйелдер қауымы, кешегі аналардың аманатына адал болып, ауылымыздың бірлігі мен берекесін сақтауға, жас ұрпаққа жақсы тәрбие беруге, туған жеріміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуға әрдайым дайынбыз. Ауылымыз көркейе берсін! Әрбір шаңырақтан күлкі кетпесін! Алпыс жылдық тарихы бар туған ауылымыздың келешегі кемел, болашағы баянды болсын!

Мариямкүл Таутен,
Нағи Ілиясов ауылдық
әйелдер кеңесінің төрайымы
05 қыркүйек 2026 ж. 97 0