Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлгілі ауылдағы Еңбек аллеясы

Үлгілі ауылдағы Еңбек аллеясы

Республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылынан көптеген еңбек майталмандары шыққан. Оның ішінде, қазақ әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов еңбектің көрігін қыздырған. Ал бүгінде сол дәстүрді Қазақстанның Еңбек Ері атанған Абзал Ералиев­ лайықты жалғап келеді. Сондықтан да бұл ауылда еңбек адамына деген құрмет айрықша. Соған байланысты елді мекен орталығынан «Еңбек аллеясы» салынды.

Мемлекет басшысы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс» деп атап көрсетті. Яғни, еңбектенген, бейнеттенген адам әркез мерейге бө­ле­неді. Міне, осы ұстанымдағы ардақты азамат Абзал­ Ералиев еңбек адамына деген құрметтің нақ үлгісін көрсетті. Ауыл ор­талығындағы біраз уақыт­тан бері бос тұрған 2 гектар аумаққа еңбекшілерге арнап аллея, яғни демалыс орнын салғызды. Бұл аллея 2022 жылдың күз айында пайда­лануға берілді.

– Әбекең осы аумаққа еңбекшілерге арнап демалыс орнын салу керектігін айтып жүрді. Содан өз бастамасымен «Абзал және К» толық серіктестігінің есебінен 355 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүр­гізілді. Бұл демалыс орнының негізгі құрылыс жұмыстарымен мердігер компания «Фортуна-Строй кз» айналыс­ты. Сон­дай-ақ «Мағжан және К» ЖШС-нің қыз­меткерлері де атсалысты. Мұнда әуелден ата кәсіп болған Сырдың бас­ты дақылы стелла ретінде қойылды. Сол арқылы барлық нәрсе еңбекпен келетіні, ауыл тынысы егінге байланысты екені аңғарылып тұр, – деді «Мағжан және К» ЖШС-нің директоры Дархан Ералиев.

Серіктестік директоры айтқандай, ал­леяның ортасында күріш бейнелі стелла тұр. Оның жоғарғы жағында шар мен қыран құс бейнесі бар. Мұның жанында түрлі-түсті жарық түсіретін су бұрқақ орналасқан. Ал демалыс орнының төргі жағында дана ақын Абай Құнанбайұлының, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең­бекке, еңбек адамына қатысты айтқан сөз­де­рі арнайы жазылып қойылған.

– Біз осы ауылдың дамуына үлес қо­сып, тынымсыз тіршілік етіп келе жатқан еңбек адамына құрмет көрсетіп келеміз. Оның ішінде, шаруашылықта еңбек етіп жүргендер жыл сайын мерей тұғырынан көрінуде. Мәселен, өткен жылы да се­рік­тестік еңбеккерлері маңдай терін төгіп, қамбаны астыққа толтырды. Сол еңбек­те озат шыққан 5 маман жаңа авто­кө­лік мінді. Одан бөлек, 70 қызметкер ақша­лай сыйлықпен, жалпы өткен жыл қоры­тындысымен еңбек адамдарына 248 млн 551 мың теңге сыйақы есептелді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына да серіктестік тарапынан көмек көрсетілуде. Мәселен, көмек ретінде 65 мың дана жоңышқа және қамыс пресс таратылды, 405 отбасыға 810 тонна көмір жеткізілді және мектеп оқу­шыларына оқу құралдарын алуға демеушілік жасалды. Осының барлығы еңбек еткен адамдарға деген шынайы құр­метіміз, – дейді Д.Ералиев.

Шынында, еңбек адамның несібесін арт­тырады, мерейін үстем етеді. Бұл ретте, Н.Ілиясов елді мекені еңбеккерлерінің еңсесі биік екені ауылға кіргеннен-ақ анық аңғарылып тұр. Оның нақ көрінісі – «Ең­бек аллеясы».

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
31 қаңтар 2023 ж. 384 0