Майдангер ұрпағымын

Атам майдан шебінде фашист басқыншысына қарсы ерлікпен шайқасып, от пен оқтың ортасында жүріп, елінің ертеңі үшін күресті. Оның жауынгерлік ерлігі «Қызыл Жұлдыз» және де басқа да медаль, орденімен бағаланған. Бұл орден – жай ғана марапат емес, ұрпаққа аманат болып қалған ерліктің белгісі.
Алайда соғыстың салған жарасы оңай болған жоқ. Майдан даласынан елге оралғанымен, денесіне тиген фашист оғы өмірінің соңына дейін мазалап, ақыры 1972 жылы, небәрі 64 жасында, сол жараның зардабынан дүние салды.
Шарапат атамыз тек жауынгер ғана емес, соғыстан кейінгі жылдары ауыл мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етіп, талай буынға білім нәрін сепкен ұлағатты мұғалім болды. Майдангер әрдайым адамгершілік пен отансүйгіштікті шәкірттеріне үлгі етіп көрсетіп отырды.
Атамыздың артында өшпес із қалды. Оның қолымен жазылған өлеңі мен хаттары бүгінгі күнге дейін сақталып, біз – ұрпақтары үшін үлкен рухани мұраға айналды. Әрбір өлеңі мен жазбасы туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке толы. Шығармашылық еңбектері тек отбасы тарихы емес, бүтін бір ұрпақтың шежіресі.
Бүгінде біз, шөберелері, атамыздың ерлігін, ұстаздық жолын және артында қалған мол рухани мұрасын мақтанышпен еске алып, оның есімін құрметпен ұлықтап келеміз.
Шарапат Жансымақов – жүрегі ел деп соққан, ерлігімен де, еңбегімен де ел есінде қалған ұлы тұлға. Оның есімі мәңгі жадымызда.
Зере ДАСТАНОВА,
шөбересі