Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Музей – ел руханиятының алтын діңгегі

Музей – ел руханиятының алтын діңгегі

Уақыт бір орнында тұрмасы анық. Өмір жолымда үлкен белес­ке айналған мәдениет саласының бір бөлігі музей – мен үшін жай ғана қызмет орны емес, саналы еңбек жолыммен сабақтасқан рухани орда.

Аудан шежіресінен сыр шертетін тарихи-өлкетану музейі – кәсіби қызметіммен тығыз байланысты болған шыңдалу мекені. Биыл іргелі ұжымның мерейі тасып, тағы бір белесті бағындырып отыр. Яғни елмен етене араласқан аудандық музейдің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Айта кетейік, талай жақсының есімін ұлықтап, туған өлкенің құндылығын дәріптеген мекемеде 20 жыл басшылық қызметте болу – үлкен абырой. Бұл – мерейлі сәт мен үшін ғана емес, музей ұжымы мен мәдениет саласына жанашыр барша азаматтар үшін үлкен қуаныш әрі толғанысқа толы тарихи кезең.

Ертеректен халықтың арасында «Музей – халықтың жады» деген тағылымды тәмсіл тараған. Әрбір жәдігердің, көне құжаттың, тарихи бұйымның артында тұтас дәуірдің үні, елдің тағдыры тұрғаны мәлім. Осы құндылықтарды сақтау, жинақтау, келешек ұрпаққа жеткізу – музей қызмет­кер­лерінің негізгі міндеті деп білемін. Өзім басшылық еткен жылдары музейдің дамуына, қор жұмысының жүйеленуіне, тарихи жәдігерлердің көбеюіне ерекше көңіл бөлінді. Аудан тұрғындарының қолында сақталған көне бұйымдар, еңбек құралдары, тарихи суреттер мен құжаттар музей қорына қабылданып, халқымыздың мәдени мұрасын толықтыруға үлкен үлес қосты. Әсіресе, Сыр бойының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін танытатын жәді­герлерді жинақтау жұмысы нәтижелі болды.

Әрине, әрбір кезең оңай болған жоқ. Егемендіктің ал­ғашқы жылдарындағы қиын­дықтарға қарамастан, музей жұмысын тоқтатпай, қайта жаң­ғыртуға бар күшімізді сал­дық. Ұжыммен бірге сан түрлі ізденіс жасап, аудан тарихына қатысты тың деректерді жинақтадық. Ауыл-аймақты аралап, көнекөз қариялармен кездесіп, талай құнды мәлі­метке қол жеткіздік. Мұның барлығы – музей қорын байы­тып қана қоймай, өскелең ұрпақтың туған жер тарихына қызығушылығын арттырды.

Айта кетейік, музейдің бас­ты жетістігі – халықпен тығыз байланысында деп ойлаймын. Осы мақсатта көптеген мектеп оқушыларымен, жастармен, ардагерлермен кездесу, көшпелі көрме, танымдық іс-шара жиі ұйымдастырылды. Тарихты таныту арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу – біздің басты бағытымыз болды. Мен әрдайым музей қызметкері үлкен жауап­кер­шілік иесі болуы керек деп есептедім. Себебі музейде өткен тарихтың аманаты сақталады. Сондықтан ұжымдағы әр маманның кәсіби біліктілігін арттыруға, шығармашылық ізденісіне қолдау көрсетуге мән бердік. Ұжымның ауызбіршілігі мен еңбекқорлығының арқасында музейіміз облыс көлемінде өзіндік орны бар мәдени мекемеге айналды.

Бүгінде аудандық музей уақыт талабына сай жаңаша даму кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған рухани-мәдени саланы қолдау саясаты және сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тарапынан көрсетілген зор қолдаудың нәтижесінде, өт­кен жылы аудандық музей жаңадан бой көтерген «Руханият орталығына» көшіп, өз жұмысын заманауи бағытта жалғастырып келеді. Бұл – музей тарихындағы маңызды жетістіктің бірі және көптен күткен айтулы оқиға болып табылады.

Заманауи талапқа сай жаб­дықталған жаңа ғимарат музей жұмысының мазмұнын байытып, келушілерге қолайлы орта қалыптастырды. Бүгінде аудан тарихы мен мәдени мұрасы жаңа форматта насихатталып, көптеген цифрлық технология мен заманауи тәсілдер арқылы көпшілікке ұсынылуда. Мұндай игі бастама музей ісінің дамуына тың серпін беріп, оның болашағына деген сенімді нығайта түседі.

Мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегімнің мемлекет тарапынан бағаланып, мемлекеттік жоғары марапаттармен наградталуым – мен үшін үлкен мәртебе. Расында, орсан зор жетістік жеке еңбегімнің ғана емес, музей ісінің дамуына үлес қосқан, бірге қызмет атқарған іргелі ұжымының ортақ жетістігі деп қабылдаймын. Бүгінде жас мамандардың тың бас­та­малары мен ізденістеріне қуанышпен қараймын. Музей­дің болашағына сенімім мол. Өйткені өткенін қадірлеген елдің келешегі де кемел болмақ.

Осы мерейлі 30 жылдықта музейдің қалыптасуына үлес қосқан барлық ардагерге, әріп­тестеріме, аудан тұрғын­дарына шынайы алғы­сымды білдіремін. Му­зейіміздің мерейі артып, рухани қазынамыздың шамшырағы болып қала беруіне тілектеспін.

Алмагүл БАҚТИЯРОВА,
«Құрмет» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі,
Сырдария ауданының құрметті азаматы

16 мамыр 2026 ж. 34 0