Майдангердің ұрпағымын
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл. Қан майданда көптеген қаһарман батырларымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сол зұлмат соғыстың бел ортасында менің атам – Бекмағанбет Күзембаев та болған. Майдангер атам жаумен соғыста ерлік көрсетіп, бізге бейбіт өмірді сыйлады.
Менің атам 1900 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты Құндызды кеңшарында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ерте есейген. Еңбекқор болып, шаруа жасап, шираған.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ауылдағы қару ұстауға қауқарлы азаматтардың барлығы майданға аттанған. Солардың арасында менің атам да бар. Ол кісі 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, соғысқа қатысқан. Ленинград майданына қатысып, жауға қарсы оқ боратқан. Оқ пен оттың ортасында жүріп ерлік көрсеткен. Қаруластарымен жауға тойтарыс беріп, Жеңіс күнін қарсы алған. Осындай ерлігі мен қырағылығы, батырлығы үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және Ұлы Жеңістің 30, 40 жылдық мерекелік медалімен, Кеңес әскері Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталған.
Майдан даласында жүріп атам бірнеше рет жарақат алған. Алайда Отан үшін жан беруге даяр жауынгер жарақатынан айыққанда қайта ұрыстарға кіріскен.
Майдангер атам соғыстан кейінгі жылдары еңбектен қол үзген жоқ. Аудан өмірімен біте қайнасып, пошташы болды. Одан кейін егін саласында ерен еңбек етіп, диқан да болған екен. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысқан. Менің атам 1991 жылы 91 жасында қайтыс болған.
Менің атам әжем Жәмила Наурызбаевамен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпақтары ел дамуының әр алуан саласында жемісті еңбек етуде. Содан тараған біздер кешегі ержүрек аталарымыз жанымен қорғаған байтақ Отанда бейбіт өмір сүрудеміз. Бізге бейбіт өмір сыйлаған атаммен мен әркез мақтанамын. Ерлік істерін әркез еске алып, рухына тағзым жасаймын. Бұл менің, жалпы бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Мен майдангердің ұрпағымын!
Қарақат БЕКМАҒАНБЕТОВА,
немересі