Менің атам – майдангер
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл. Қан майданда талай боздақ ерліктің ерен үлгісін қалдырды. Дүниежүзін дүр сілкіндірген зұлмат соғыстың бел ортасында менің атам – Бәкір Өтепов те болған еді. Теледидардан Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлер ерлігін айтқанда, біз де нағашы атамызды мақтанышпен еске аламыз.
«Ең соңғы айқас, соңғы айқас,
Кімдер қайтып, кім қайтпас.
Ерлігіңді еліне, кімдер айтып, кім айтпас, – деп зұлмат күндерді жырға қосқан атам Бәкір Өтепов 1925 жылы дүниеге келген. Ол Отан үшін от кешіп, соғыс өрті тұтанған қан майданда ерлік көрсетті. Жауынгер Сталинград майданында кескілескен жауға төтеп берді. Украинада соғыс өрті тұтанған мезетте жаудан елді азат етуге қатысты. ІІІ танкистер бригадасының құрамында жүріп, біздің бейбіт күніміз үшін қатерге бас тікті. 1944 жылы төрт жерден жараланып, елге оралды.
Біз атамыздың сұрапыл соғыстағы қажырлы қайратын, қайтпас қайсарлығын «Отты жылдар», «Көңіл сыры» кітаптары арқылы білеміз. Мұнда майдангер қаламгер 1418 күнге созылған соғыстың адамзат баласына тигізген зардабын, бастан өткерген зұлматты күндерін ерекше суреттейді.
Менің анам Жанат 10 ағайынды. Нағашы атам 10 перзенттен 24 немере, 20 шөбере сүйді. Әжем Күлдәраймен бірге дастархан басында бізге қатпарлы тарих беттеріне жазылған соғыс қасіретін айтып беретін. «Келер ұрпақ мұндай аумалы-төкпелі заманды бастан өткермесін, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешсін» деп айтып отыратын.
Атамыз соғыстан кейінгі жылдары аудан өмірімен біте қайнасты. Аудандық партия комитетінде жұмыс істеп, колхоз, совхоз басшысы болды. Бұдан бөлек қазыналы қарттың қаламгерлік жолы біздерге өшпес өнеге. Сөз зергерінің бүгінде естеліктері, журналистік шығармалары, өлеңдері мен әңгімелері ел аузында жатталып қалды. Суық қаруды қаламмен айырбастап, отты жылдар мен бейбіт күндердің батырларын елге таныта білді. Айта кету керек, майдангер журналист аудандық газеттің бас редакторының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар ауданда әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқарса, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты.
«Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер Бәкір атам 2001 жыл өмірден өтті. Мен ол кезде 13 жаста болатынмын. Қазіргі таңда атамның майдан даласында жазған өлеңдерін балаларыма оқып беремін. Оның өшпес ерлігі мен өлшеусіз рухани еңбегі мәңгі жадымызда сақтаулы. Біз майдангердің ұрпағы ретінде Ұлы Жеңіс мерекесін асыға күтеміз.
Зәуре БІЛІСБАЕВА