Қос майданның куәгері
Ұлы Отан соғысында қаншама адам бастарын қатерге тігіп, болашақ үшін жанкештілікпен шайқасқа түсті. Соғыс жылдарында ерліктің үлгісін көрсеткен қаһармандар бізге бейбіт өмірді сыйлады. Солардың қатарында менің атам Сейді Досымбетов бар.
Қос майданға қатысқан майдангер атам 1921 жылы 11 желтоқсанда Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылы Тереңөзек ауданының әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, Курск түбіндегі шайқасқа қатысты. Мұнан соң Украинаның, Белоруссияның орталықтарын жау
дан азат ету шайқастарында ерлік көрсеткен. Осы ұрыста менің атам алғаш рет жарақаттанады. Мина жарықшағы аяғын жаралап, майдангер бір жарым ай госпитальда емделеді.
Жарақатынан айыққан соң 2 жылдық танкистер даярлайтын училищеге түседі. Осы жерден атам жауынгерлермен бірге Румынияға аттанып, майдан шебінде кескілескен ұрыстар жүргізеді. Ол кісі 1945 жылы Венгрия, Чехословакия және Австрия астаналарын жаудан азат ету шайқастарына қатысып, жаудың 5 танкісін жойған. Осы ерлігі үшін менің атам «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Алайда белгісіз себептермен бұл атақ берілмей қалыпты. Аталған шайқастардың бірінде батыр атам екінші рет жарақат алады. Госпитальда емделіп жатқанда сұрапыл соғыс Жеңіспен аяқталған.
Майдангер атам жапондармен соғыста да ерлік көрсетті. Жапонияға беттеп, Улан-Батордан түскен майдангерлер танкілермен Хинган асуы арқылы Қытай жеріне жетеді. Жапондармен ұрыста да жауынгерлер жеңіске жеткен. Қос майданның куәгері болған атам «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Батыс Еуропаның Венгрия, Чехословакия және Австрия қалаларын азат еткені үшін медальдарымен, Бас Қолбасшы Сталиннің 22 Алғыс хатымен марапатталған.
Елге келгеннен кейін майдангер атам ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Қызылордадағы педагогикалық училищеде білім алып, Чапаев атындағы 7 жылдық орталау мектепте ұстаздық еңбек етті. Одан кейін ауданның бірінші хатшысының ұсынысымен Аманкелді колхозында бригадир болады. Кейіннен аудан орталығындағы ДОСААФ-тың басшысы қызметін абыроймен атқарған. Майдангер атам 1998 жылы өмірден өткен.
Қос соғысты көрген атам әжем Сара Бектасовамен бірге 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Солардан тараған ұрпақтары, яғни біз майдангер атамыздың ерлігіне тәнті болып, ол кісімен әрқашан мақтанамыз. Жақында майдангер атамыздың шөбересі дүниеге келіп, осы кісінің тегіне жазылды.
Бүгінгі бейбіт өмір үшін жауға қарсы шыққан атамның ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Біз оның рухына әркез тағзым етеміз.
Аман СЕЙДИЕВ,
немересі
немересі