Құндылықтар құнсызданбасын десек...
Тарихы тереңде жатқан Сырдария ауданының өткені мен бүгінін сабақтастырып отырған мәдени ошағының бірі – тарихи-өлкетану музейі. Талай кезеңнің куәсіне айналған музей бүгінде ел тарихын танытып, ұлттық мұраны дәріптейтін маңызды рухани орталыққа айналғаны жасырын емес. Тәуелсіздік алған жылдары қоғамдық негізде жұмыс жасаған аудандық музей осыдан 30 жыл бұрын қайта құрылған болатын.
Мұнда көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи жәдігерлер жинақталған. Әрбір жәдігер – өткеннің үнін жеткізетін құнды мұра. Музей қорында сақталған еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен ұлттық қолөнер туындылары аудан тарихынан сыр шертетіні жасырын емес.
Осы күні білікті басшы Салтанат Қуандықова жетекшілік ететін мекеменің тізгінін бұған дейін ұстаз әрі жергілікті ақын Сейтмұрат Ембергенов, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Сайранқызы және сала майталманы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Марат Омаров ұстаған болатын.
Айта кетейік, музей ұжымының еңбегі өңірдің рухани өмірінде ерекше орын алады. Тарихи деректерді жинақтау мен сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және мәдени мұраны дәріптеу жолындағы жүйелі жұмыстар аудан тарихының бай шежіресін кейінгі буынға аманаттауға негіз болып отыр. Бұл ретте Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова саланың өркендеуіне үлес қосқан аға буынның еңбегін ерекше атап өтті.
– Музейдің қалыптасуы мен дамуына ел жанашырлары зор еңбек сіңірді. Жалпы алғанда, аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш рет 1990 жылы қоғамдық бастама негізінде құрылған. 1993 жылдың наурыз айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде 3 жыл жұмыс жасады. Ал 1996 жылы Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта жасақталды. Бұл мекемеде басшылық қызмет атқарған әрбір жанның еңбегін жоғары бағалаймын. Мәселен, қажырлы еңбегімен танылған Сейтмұрат Ембергенов, Алмагүл Сайранқызы, Марат Омаров секілді аға буын өкілдерінің еңбегін ерекше айтқан жөн. Өз кезегінде өлкетанушы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбет те аудан тарихының зерделенуіне зор үлес қосты. Олардың салып кеткен сара жолын жалғастыру – абыройлы міндет саналады.
Қазіргі таңда музей қорында 12 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Ондағы материалдар ауданның қалыптасу тарихын, өндірістік және мәдени дамуын, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірі мен қызметін жан-жақты баяндайды. Осыдан 9 жыл бұрын музейге қосымша ғимарат беріліп, «Еңбек даңқы» залы ашылды. Былтыр «Руханият орталығына» көшіп, музей жұмысы қайта жандана түсті. Біздің ұжымда жыл көлемінде көптеген жоба жүзеге асырылып, құнды жәдігерлер жергілікті халыққа кеңінен насихатталып келеді, – деді Салтанат Нұрмағанбетқызы.
Ардақты азамат сан жылдар бойы музей қорын толықтыруда ауқымды еңбек атқарғанын айта кеткен жөн. Музейдің қор сақтау бөлімі талапқа сай жабдықталып, жәдігерлердің сақталу температурасы мен орналасу тәртібі толық қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта сала мамандары заман талабына сай жасанды интеллект көмегімен ұсынылатын интерактивті экспозицияларды көпшілікке ұсынып келеді. Осы орайда мұнда цифрлық технологияны пайдалану, заманауи көрме үлгісін енгізу және тарихи мұраны жаңа форматта ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл келушілерге музеймен тереңірек танысуға мүмкіндік беруде.
– Музейде Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, білікті басшылар, еңбек сіңірген ұстаздар, ақын-жазушылар, ғалымдар, дәрігерлер, суретшілер мен қолөнер шеберлері туралы құнды мәліметтер жинақталған.
Іргелі ұжымдағы ерекше жәдігерлер қатарында Аралбай батырдың қылышы, бес қару үлгілері, ат әбзелдері, ұлы Абай Құнанбайұлы пайдаланған асадал, Сауранбай болыстың кебежесі, Марқа Қобландиннің сандығы, екі ғасырлық тарихы бар шаңырақ, көне ағаш төсек, киіз үйдің сықырлауығы, түкті және тақыр кілемдер, тұскиіздер, қоржындар, кесеқаптар, мыс және керамикалық көзелер, қобыз коллекциялары, зергерлік бұйымдар, сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттар сақталған. Бұл ретте «Музейге сый» акциясы арқылы мекеме қоры жаңа жәдігерлермен толығып, тарихи мұра қатары арта түсуде, – деді музей директоры.
Айта кетейік, тарихи-өлкетану музейінде кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан. Ғылыми ізденіс пен кәсіби еңбектің нәтижесінде, сала маманы Әкімжан Әжікенов «Үздік музей қызметкері – 2025» облыстық байқауының жеңімпазы атанса, ғылыми қызметкер Зияда Шерімбетова ауданнан шыққан тарихи тұлғалар туралы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, өзге де сала мамандары музей қызметінің жандануына зор үлес қосуда.
Әрине, мерейлі 30 жылдық белесті бағындырған іргелі ұжымның әлі талай жұмысы алдағы уақытта қарыштап дами бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









