Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер Молдахмет

Майдангер Молдахмет

Зұлмат соғыстың кесірінен талай боздақ қыршынынан қиылды. Қияметке толы қилы кезең әр отбасыны қара жамылтқаны белгілі. Бір үйден бірнеше адам майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз кетті. Адамзат баласына қырғидай тиген сұм соғыс аяқталып, ұлы жеңістің туы желбірегеніне биыл 75 жыл. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген ұранмен Молдахмет Махамбетов те майдан даласында көзсіз ерлік көрсеткен болатын.
Молдахмет Махамбетов 1922 жылы Тереңөзек ауданына қарасты бұрынғы Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Майдангердің балалық шағы сол ауылда өтеді. Теміржолды жағалап, аудан орталығына мектепке қатынайды. Ұзақ жолды артқа тастап, білім алады. Кейіннен әкесі Сүлеймен мен анасы Шыныгүл аудан орталығына көшіп келеді. Отбасында қарындасы Рахима екеуі ғана болатын. Молдахмет Сүлейменұлы 18 жасында Тереңөзек әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынады. Анасы Шыныгүл күні-түні отбасының жалғыз тұяғы баласын аман-есен келуіне дұға етеді. Жолын тосқан әке-шешесі кескелескен қан майданнан қара қағаз келетіндей үрейленеді. Өмірінің жалғасы ұлының  аман-саулығын тілейді.
Молдахмет Сүлейменұлы жазықсыз адамды қанға бөккен соғыс жылдары Смоленск, Курс, Брянск, Польша, Чехословакия, Шауляй қалаларын азат етуге қатысқан. 1943 жылы Смоленск түбіндегі шайқаста оң жақ иығынан ауыр жарақат алады. Бірнеше күн госпитальда ем алып, сұм соғыстың бел ортасынан қайта табылады. Қарша бораған оққа кеудесін тосып, қайратымен талай жаудың екпінін қайтарады.  Туған жерді қасық қаны қалғанша қорғауды мақсат етеді. Ажалмен бетпе-бет келіп, бір мезетте жаудың бірнешеуін жайпаған ол ерлігімен көзге түседі. Жауынгер Жеңісті Германияның Кенинсберг қаласында қарсы алады. 
Жеңіс сарбазы майдан даласында  көрсеткен ерлігі үшін  «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалі» секілді тағыда басқанаградаларға қол жеткізді. Бұл күні қарашаңырақта отырған баласы Оспан жауынгердің бірнеше медалі мен естелік суреттерін сақтап келеді.
Майдангер 1946 жылы елге оралып,  сауда саласында  еңбек етеді. Жылдар бойы есеп-қисапты жанына серік етіп, жауапты салада жан-жақты шыңдалады. Бір кездері  аудандағы«Астық қабылдау» пунктінде  қойма меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1983 жылы Молдахмет Сүлейменұлы зейнетке шығады. 
– Мен атамның шаңырағына 1981 жылы  келін болып түстім. Жарым Омармен бір сыныпта оқыдық. Келін болып түскенде менің жасым небәрі 18-де еді. Атам алғаш зейнет демалысына шыққаны  әлі есімде. Үйіміздің жаныңда  электр торабы мекемесі  болатын. Сонда өзге ұлт өкілдерімен бірге қазақтар еңбек етеді. Алғаш зейнетақысынанқызметкерлерге ақша таратқан еді. Бұл күнге сендер де жетіндер деп тілегін жеткізді. Бұдан бөлек атам шежіреге толы қазыналы қарт. Қонақжайлығымен  елге танылды. Қолда барын ешкімнен аямайтын. Енемнің қамқорлығын көп көрдім. Өзі сөзге шешен, суырып салма өнері де бар, – дейді келіні Роза.
Жауынгер зайыбы Гүлмарияммен шаңырақ көтеріп, 3 перзент сүйеді. Үлкен ұлы Жақсыбай бала күнінде қайтыс болған. Қазіргі таңда ұлдары Оспан мен Омардан 5 немере, 9 шөбере тараған. Құдай қосқан қосағы Гүлмариям 1998 жылы қайтыс болса, араға бір жыл салып, 77 жасында майдангер бақилық сапарға аттанған.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

14 сәуір 2020 ж. 1 037 0