Алдағы мақсат – сапалы қызмет
Жақында айтыскер-ақын, Сырдария ауданының құрметті азаматы Нұрмат Мансұр облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметіне тағайындалғаны белгілі. Жаңа басшы Сырдария ауданына арнайы іссапармен келіп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымымен кездесті.Биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысқан Нұрмат Мансұр алдағы атқарылатын бірқатар жұмыстарды саралап, мақсат-міндеттерді айқындай түсті. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова өткен және осы жылдың есепті мерзімінде ұжымның атқарған жұмысын баяндады.
– Елдік мұраны сақтап, келер ұрпаққа насихаттауда аудандық тарихи-өлкетану музейінің алар орны айрықша. Биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған музей ұжымының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары көңіл қуантады. Әсіресе, аудан тарихына қатысты құнды жәдігерлерді жинақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың тарихи танымын қалыптастыру бағытындағы ізденістерін жоғары бағалаймын. Бүгінгі кездесу барысында музейдің алдағы даму бағыты, қордағы жәдігерлерді сақтау мен ғылыми айналымға енгізу, заманауи талаптарға сай цифрландыру жұмыстарын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Қазіргі уақытта музей тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналуы тиіс. Сондықтан аудандық музейлердің жұмысын жаңа деңгейге көтеру – басты міндеттердің бірі. Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықованың есебінде ұжымның жүйелі жұмысы мен тың бастамалары анық көрінді. Алдағы уақытта облыстық музей тарапынан әрдайым әдістемелік қолдау көрсетіліп, бірлескен мәдени-танымдық жобалар жүзеге асырылатын болады. Ел тарихын түгендеу мен рухани құндылықтарды ұлықтау жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деді Нұрмат Мансұр.
Бұл ретте Нұрмат Абдуллаұлы Нағи Ілиясов ауылына барып, сол елді мекендегі қоғамдық негіздегі музейдің жұмысымен танысты. Ал Асқар Тоқмағанбетов ауылында болған сәтінде өлкетанушы Жанібек Маханбетпен кездесіп, шеберханасындағы құнды жәдігерлердің жасалу барысына қанықты. «Руханият орталығында» орналасқан тарихи музейдің қорын жасақтау барысындағы бірнеше мәселе кеңінен талқыланды. «Еңбек даңқы» залын қайта жөндеуден өткізу қажеттігін атап өтті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









