Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына GovТeсh цифрлық шешімдері таныстырылды
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ.Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерімен бірлесіп, CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған.










