Менің атам майдангер
Тарихта өшпес із қалдырған оқиғаның бірі – екінші дүниежүзілік соғыс. Қаншама адам қан төгіп ұрыста мерт болса, қаншама қала отқа оранды. Елде зар илеп жылаған ана, шырқыраған бала, шыбын жанын шүберекке түйген қарттар ғана қалды. Қолыма қалам алып, ой толғау жазуыма осы соғыс тақырыбы түрткі болды. Сөзімді қан майданда ерлік көрсетіп, туған елі мен жері үшін аянбаған, бүгінде есімін мақтанышпен айта алатын атама арнаймын.
Атам Оразалиев Сақтаған Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Амангелді совхозындағы Жетімек тоғаны деген жерде дүниеге келген. Осы жерде 3 жылдық арабша білім алған. ІІ дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Өзбекстан Республикасына көшіп, Сонда «Чирчик строй» заводында қызмет атқарған. 1937 жылы осы жерде отбасын құрған. 1941 жылы соғыс басталып, Өзбекстаннан соғысқа аттанған. Курск, Сталинград, Белград үшін ұрысқа қатысып, І дәрежелі «Даңқ» медалімен наградталған. Белградты азат етуде ауыр жарақаттанып, 1944 жылы І топтағы мүгедек болып Өзбекстанға оралған. 1947 жылы өз Отаны Қазақстанға оралып, әжеміз Биғаншаға үйленіп, 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірген. Мен үлкен ұлы Аманкелдіден туған немеремін. Атамның соғысқа қатысқаны үшін «Берлинді алғаны үшін», «Соғыстың 30, 50 жылдығына берілген медалі» көзіміздің қарашығындай сақтаулы.
Ауылдың ардақты қарты әрі көрші атам Әзімхан Жүнісов атам туралы былай деп айтқаны бар:
– Сақтаған Оразалиев ақсақалды мен 1979 жылдан бастап білемін. Сақтаған қарттың өмірінің соңына дейін көрші отырдым. Ол кісінің отбасы мал бақсы, егін шаруашылығымен айналысты. Соғыс жылдарындағы майдандағы ерлігі үшін мемлекет тарапынан «Запорожец» автокөлігі сыйға берілді. 1977 жылы тамыз айында соғыс ардагеріне құрмет ретінде тағы да автокөлік берілді. Сақтаған қарт қайтыс болған соң Жетікөл ауылдық әкімшілігі алдындағы «Тағзым» алаңындағы ескерткіш тақтайшаға есімі жазылды, – деді.
Әжем Биғанша атамның тағдырына қатал сын жазылғанын үнемі айтып отырады, өмірі бейнетпен өткенін есіне алады. Дегенмен, өмірден өз нәпақасын тауып, шаңырағына аман-есен оралғанын көңіліне медеу тұтады.
Менің әкем Рахымжан да атамды еске алғанда:
– Әкем «Қан майданның ортасында қарша бораған оқтың арасында жүрдім. Сендерге ондай зұлматты бермесін. Сендер соғыс көрмеңдер. Сондай ауыр күндердің бірінде арқама тиген оқтың жарықшағы көзімнен шықты» деп айтып отырушы еді, – дейді. Әкемнің айтуы бойынша атам ауыр жарақатты сол кезде алған болу керек. Мен дүниеге келгенде атам өмірден озған, тек 1997 жылы туылған Нұрлыбек ағамның алақанынан су ішу бұйырған екен несібесіне. Ал мен үшін атамның рухына тағзым ету – әр жылы 9 мамыр күні атамның суреті салынған портретті «Тағзым» алаңына алып шығу.
Асқар Амангелді,
№174 орта мектебінің
10-сынып оқушысы