Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарадан шыққан Қойшыман төре ұрпақтары

Қарадан шыққан Қойшыман төре ұрпақтары

Ел ішінде тарихи орындар жеткілікті. Қалжан ахун ауылының үстінен өтетін үлкен тас жолдың оң қапталындағы Ишанхан ақсақалдың үйінде кенже ұлы Талапбек тұрып жатыр. Осы үйдің есік алдында Уамық мағзұмның мүрдесіне су алдырған орын бар. Уамық мағзұмның денесі өз шаңырағы бола тұрып, Ишанханның үйінен шығарылған. Ол кісінің бұл үйге қалай жақындығын Ишанхан ұрпақтары әріден бастады.

Біздің Қойшыбай бабамыз сонау заманда Ақтөбеден ел Сырға қоныс аудару кезеңінде, елдегі ағайын арасындағы кикілжіңнен елден жырақ, Ресей жеріне қоныс аударыпты. Өзге елдің тілі мен салт дәстүрінің өзгешелігіне қарамай, сол елдің тұрмыс тірлігіне бейімделіп, егін салу, басқа да шаруашылық түр­лерін игере, балалары да сол елдің тілі, сауда ісімен қатар мәдениетімен сусындап өседі. Ұрпақтарының болашағы үшін «Ат айналып, қазығын табар» дегендей, ағайындарының соңын ала, Сыр бойындағы бауырларына келіп қосы­лады.

Қойшыман атамыз елге келе, болыс­тың ат күтушілігі қызметін атқарады. Сол кезеңде елдегі ауқаттылар Қостанай, Түркістан секілді шаһарларға малын, оған қоса мал өнімдері – терісі, жүнін саудалап, өздеріне қажетті тұрмыстық бұйымдарына айырбас жасайды. Атамыз осындай сауда саттық ісімен, болыстың қызметшісі ретінде Түркістан шаһарына жолы түседі. Сауда орыс саудагерлерімен болып, қазақтардың жалдаған татар тілмәші орыстарға болысып, саудада қазақтар мүддесі аяқ асты болып, аяғы дауға ұласады. Қиыншылыққа тап болған ел адамдары, орыстар ортасынан жуырда елге оралған Қойшыманға болған істі түсіндіріп, орыс саудагерлеріне жібереді екен. Билік тізгіні орыстар жағында, қалай дауласқанмен іс бітуі қиын. Алайда ел мен жер көрген, орыс тілі мен мәдениетін игерген Қойшыман істі оңынан шешіп, қазақтар елге жинала бастағанда, екі-үш орыс әскерилері келіп, бізбен жүрсін деп, Қойшыманды алдарына салып, айдап кетеді. Орыс сау­дагерлері соңғы даудың қазақтарға оң шешілуіне, солардың ішінен бір қазақтың орыс тілінде еркін сөйлеп, сау­дада мол тәжірибесі барлығын жоғарғы ұлығына жеткізсе керек. Сол ұлығы Түркістанның генерал губернаторы Константин Петрович фон Кауфман сол қазақты алдына жеткізуді бұйырыпты.

Губернатор қабылдауынан Қойшы­ман басына ғайыптан бақ қонып, Түр­кістан мен Қазалы аралығындағы темір жол бойынан жиналатын бүкіл салық­ты жинайтын салықшылардың бас салықшысы қызметіне тағайындалып шығады. Осы сапарында болыстың ат күтушілігінен жоғарғы лауазым иесі болуы, басына қонған бақ, астына тақ болып, үй-жайы мен қызметі осы Түркістан қаласында болып шыға келіпті. Қойшы­ман осы қызметінде кешегі 1917 жылға дейін болып, елден байланысын­ үзбей, балаларының бірі Нұртазаны елге қойып, бар жиған-терген малдарын­ алдына салып береді. Қойшыман туралы Сейтмұрат Ембергеновтың «Бұ­қарбай батыр» кітабында баяндалды. Онда Қиықбай болыс деген еңбе­гінде, Сейіл батыр бірде қасындағы кісілері­мен «Жеңгеме сәлем берем» деп Қиықбай­дың үйіне түседі. Үйіне Сейіл батыр түсіп қалған соң, Қиықбай қысылып, қолда малы болмай көрші ағасының бір қойын алып сояды. Малды сойып, шайға отырғанда сойылған малды көрген жеңгесі реніш білдіріп, күйеуіне: «Мынау інің рұқсатсыз біздің қойды сойып тастады» – десе керек, ол да келіп есік алдында Қиықбайға біраз әңгіме айтып кеткен көрінеді. Мұны естіп отырған қонақтар алдында ыңғайсыз болғанына Қиықбай да қатты қысылған. Ертеңгісін Сейіл батыр аттанарда кеңес береді. Түркістанда оязда жұмыс істейтін Қойшыманға сәлем хат жазып береді де, өздері аттанып кетеді. Қиықбай Түркістанға жол тартады. Қойшыманға барып, Сейіл батырдың сәлемін берген. Сөзін сыйлайтын адам Қойшыман Қиықбайды сол төңірекке таршындық қызметіне қояды. Бір жылдай уақыт жұмыс істеп салықтан екі қоржынбас ақша жинайды, Қойшыманға келіп: «Мынаны не істеймін?» деген. Сонда Қойшыман: «Үндемей, еліңе қайта бер», деген екен. Осыдан келген соң Қиықбай әлгі қоржы­нындағы ақшаны жұмсап, тас жинап, ақыры болыс болған. Қойшыман туралы ел аузында жүрген әңгіме де, сыртта жоғарғы дәрежелі қызмет істеген бірінші кісі екені айтылады. Ісі түскендер оған емін-еркін өтініш айтып, көмегін алып тұрған бір ғана кісі ол тек осы Қойшы­ман болған. Өзінің атқарып жүрген лауазымының шеңберінде айтқаны бол­ған, шешімді адам екен. Осы тұста оның ағайындары Пірмағанбет деген кісі де қызмет атқарады. Бұл кісі де мығым тілді болған. Сондықтан да ішкі-тысқы жұмыстарға өте ыңғайлы, араласып халықтың қызметіне жарап отырған. Шоңбай ақынның сөздерінде Қойшыман мен Пірмағанбетке әділ, дұрыс баға бе­рілген дейді.

Қойшыман балаларынан: Досжаны, Жүнісахметі мен Байназарын оқытып, оларға белгілі салаларда қызмет атқа­руына ықпал етіп, Нұртазасын елдегі ағайын ортасына қойып, елден көмек қолын созып келгендерге қолдан келгенше көмек беріп отырған. Нұртазасының алдына мал салып оның ұрпақтарының ел ішінде өсіп өнуін қаласа керек. Елдегі ғұлама Қалжан ахунмен тығыз байланыста болуы, тіпті оның үлкен ұлы Уамық мағзұмды да өзіне өкіл бала етіп қабылдауын, сөзсіз екі аралықтағы сыйластығының куәсі.

Уамық мағзұмның білім алуымен тұрмыстық жағдайына Қойшыман әсері болса керек. Уамық пен Қойшыман ұр­пақтарының сыйластығының үзілмеуі осыдан болар. Уамық Қызылорда қала­сындағы жаңа базар маңында тұрған. Көзі тірісінде өз ағайын бауырларымен, елдегі ағайындарына ертең мен о дүниелік болғанымда денемді үйде түнетпей Нұртаза ағамның шаңыра­ғынан жаназамды шығарыңдар деп өсиет айтып кетіпті. 1967 жылы Нұртаза ағасы дүниеден озса, өзі 1968 жылы бұл өмірден өтіп, өсиеті орындалып Ишанхан інісінің үйінен шығарылып, Қалжан әкесінің жанына бүгінгі Қалжан ахун ауылынан денесі салынған табытты, ел адамдары иықтарына салып апарып жерлеген. Бұл үйде бүгінгі таңда Ишанханның кенже ұлы Талапбек тұрып, әке әруағын құрметтеп, Уамық мүрдесін су алдырған орынды аяқ асты етпей қоршап, әлі құрмет көрсетуде.

Елімізде бүгінгі таңда жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанған бей­біт күнде, небір қилы кезеңді бас­тан кешіп, ұрпағы үшін аянбай еңбек үлгі­сін көрсеткен сол аталар еңбегінің арқасы. Текті аталардың тектілігін жалғасты­рушы Нұртаза қариядан Тәңірберген, Ишанхан, Бисен атты ұлдарынан тараған ұрпақтары осы ауылдан бас­тап Республиканың барлық жерінде өздеріне лайық еліне қызмет атқаруда. Тәңірбергеннің Мақсұты марқұм ұзақ жылдар бойы аудандық есеп бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқара біл­ген майталман азаматы еді.

Ал Ишанханы болса ел ағасы бола білген, өз іс-әрекеттерімен өзін елге таныта білген абзал жан. Ишанхан ақса­қалға ағайын болып келетін ауылдас інісі Төлебай ақсақал менің бала кезім, аға темір жол бойында еңбек ететін. Сол кезде балалар ойнайтын дөңгелек жоқ, ағаның жұмыс уақытында біз сол дөңгелекті ұрлап кетіп, аяғы үлкен дауға ұласып, біздің кесірімізден аға жұмыстан шығып қалғанды. Арада бірнеше  күннен кейін күзгі салым кез еді ағаның қолында шағын чемоданы жол жүріп бара жатып, маған інім Төлебай мен Қазалыға оқуға бара жатырмын дегенді. Сол кеткеннен 3 жылдан соң елге мал дәрігері болып оралды. Кейін кеңшарда еңбек етті. 1969 жылы Іңкәрдария қой шаруашылығы болып құрылуына орай, сол ауылға мен қойшы аға ферма меңгерушісі болып бірге еңбек еттік. Ол кісі қарамағындағы кісілердің жағдайына аса мән беретін. Керек жағдайда тапсырмасын бергенде оның көңіл күйін тап басып сөйлесе білетін. Кез келген кісімен тіл табыса, берген тапсырмасының орындалуына аса жауапкершілікпен қараушы еді. Қарамағындағыларға қамқорлығын аямайтын абзал аға еді. Осыдан болар қарамағындағылардан бастап басшылары да ол кісіні құрметтеуші еді. Ишанхан аға өзге ауыл ақсақалдарымен бірге Қалжан ахун мешітінің қалыпқа келуіне көп еңбек сіңірген. Ел ақсақалдарының басын қосып аудан басшылығына дейін мешітті қалыпқа келтіру жөнінде мәселе көтеріп 1998 жылдары Жалағаш ауданы әкімі, белгілі қоғам қайраткері Баймаханов Қожахметтің қабылдауында болып, мешітті бұрынғы қалпына келтіру мақсатында қол үшін беруді өтінген.

Қ.Баймаханов: «Ағайын біздікі бол­ғанымен мешіт үйі Тереңөзек ауданы­ көлемінде. Мен А.Божановаға осы іспен шығамын, әрі облыстық тарихи ескерт­кіштерді қорғау мекемесімен бұл істі қолға аламын» деп айтып,ел қозғаған үлкен іс осылай жанданып, алғашқы қа­лыпқа келтіру жұмыстарымен қатар кіре берісіндегі көк тас қойылуы Ишанхан­ ақсақал секілді ардақты жандардың еңбегі еді. Ата-бабаларының осындай тектілігіне тәнті болған Ишанханның үлкен немересі өзі атасының бауырында­ өскендіктен баласы болып ержеткен Ғабиттің «Атадан ұл тусайшы, ата жолын қусаңшы» дегендей осы деректерді жинауға өзіндік үлесін қосқан еді. М.Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» дегеніндей бізде елдің жастары, ата-баба тектілігін мақтан тұтатынына  шү­кіршілік етеміз.

Жәнібек Маханбет,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
07 қазан 2023 ж. 120 0