Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөріт кәлпе кім болған?

Бөріт кәлпе кім болған?


Қазақ «Өлі разы болмай тірі байымайды» деп жатады. Сөздің төркіні о дүниелік болған ата-бабаларымызды еске алып, оларға құран бағыштап, жатқан жерлерін мал аяғы бас­пайтындай жағдайда күтіп-ұстау артында қалған ұрпақтарының міндеті екендігін меңзесе керек.
Осы орайда, айлардың сұлтаны Рамазан айында Тереңөзек кентінен А.Тоқмағанбетов ауылынан шыға берістегі «Бөріт кәлпе» бейітінің жалпы аумағы кеңейтіліп, қайта қоршалып, кіре беріс дарбазалары жөнделді. Қоршау, жөндеу жұмыстарын осы бейітке жерленгендердің ұрпақтары қаржы жинап жүргізді. Сонымен бірге, «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-нің төрағасы Меңдіғали Есжанов, ауданымыздың белгілі кәсіпкерлері Расул Есенов және Сламбек Тоқсанбаевтар қаржылай, қоршауға қажетті материалдарды және техникаларымен көмек бергендігін айтып өткен жөн. Осы жұмыстары кент тұрғыны Шарапат ағайдың, А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғындары Өтеген мен Пәуеддин інілеріміздің ұйымдастырылумен жүргізілді.
Ұрпақтар сабақтастығы, рухани жаңғыру деген осы болар. Осы жерде бейіттің атын иеленген Бөріт кәлпе Жауғаш ұлы жайлы көнекөз қариялардан естігендерімді ортаға салғанды жөн санадым. Бөріт кәлпе бабамыздың туған жылы, дүниеден озған жылдары белгісіз, шамамен 1800 жылдардың ішінде дүниеге келіп 1913 жылдан кейін 90 жасында дүниеден озып, бейіттің жанынан ағып жатқан басын дариядан алатын Жіңішке арықтың жағасындағы биікке жерленген. Ошақты тасжүрек руынан. Жолбарыс көлі маңында тұрып, кейіннен Тереңөзек кентіне келіп алғашқы қоныс тепкен, ағайын-туысқандарын отырықшылыққа бейімдеп, мал шаруашылығымен қоса егіншілікпен айналысқан. Бөріт бабамыздың діни сауаттылығына байланыс­ты, халыққа имандылық тәрбиесін беруде үлкен қызметі үшін «кәлпе» деген діни атақ берілген. Меккеге қажылыққа барып келген, үнемі діни кітаптарды, құранды оқитын болған. Мешіт салдырып, ауыл балаларына діни дәріс беріп, сауаттандырып отырған. Діндарлығымен қатар ауырған адамдарды емдейтін әулиелік қасиеті болған, ауырып келе жатқан адамдарды алдын-ала болжап, келем дегенше дәретін алып дайын отырады екен. Үй-ішіндегілер дәреті болмаса бабамызға шай құюға отырмаған. Өзінің ауылдас­тарын, ағайын-туысқандарын ашаршылықтан, жұттан алып шығып, үнемі қолдау көрсетіп отырған, бай-қуатты кісі болған.
Бөріт бабамыз жылына екі рет сыртқа шығып, сол жақтан тұрмысқа қажетті тауарлар әкеліп, сауда саттықпен айналысқан және бабамыздың өзі саптама етік, мәсі және басқа да аяқ киімдерді тігудің асқан шебері болған дейді. Патша заманында Тереңөзек тұсынан салынған теміржолға адам ұйымдастырып өзі малдай, қаржылай көмек берген.
Өңі ақ сары, ажарлы, үйінен адам арылмайтын қонақжай, қолында басына алтынмен әрленген аса таяғын ұстап елге билік жүргізген кісі екендігін Күләйша, Үміт әжелеріміз жыр қылып айтып отырушы еді.
Бөріт бабамыздың төрт баласы болған, үлкені Мұсағұл, Әбдірәсіл, Өмірзақ және Айтуман, қызының есімі Жұмакүл. Мұсағұл мен Әбдірәсіл әкелеріміз жасына байланысты соғысқа бармаса, Өмірзақ пен Айтуман әкелеріміз Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен, жерленген жері белгісіз жауынгерлердің бірі. Бүгінде Бөріт бабамыздың төрт ұлынан тараған ұрпақтар Тереңөзек кенті, А.Тоқмағанбетов ауылында тұрып жатқан жайы бар.
Соңғы жылдары үрдіс болып келе жатқан сәуір айының соңғы демалысында бейіттің басына барып, арамшөптерді шауып, жинап, тазарту жүргізіліп жатқаны құптарлық іс. Заман талабына сай ендігі кезекте бейіттің басына құдық қаздырып, ағаш егілсе бұл біздің әруақтарға көрсеткен зор құрметіміз болар еді.

Б.Мұсағұлов
Тереңөзек кентінің тұрғыны

15 маусым 2019 ж. 953 0