Сәкен Сейфуллиннің назарына іліккен
Кезінде қазақ даласына ислам дінін таратып, бойына әулиелік дарыған кісілерді мақсым, ахун, ишан деп дәреже берген. Оны тарқатар болсақ, қырық молданың қасиеті бір мақсымда бар. Ал қырық мақсымның ілімі бір ахунның бойынан табылған. Қырық ахунның білім, қасиеті бір ишанда болыпты. Одан асса руға, жүзге, үш жүзге пір болған. «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәли» деген содан қалса керек-ті.
Аудан төңірегінде халыққа діни білім беріп, әулиелігімен танылған тұлғалар жетерлік. Құлболды ишан, Мүлкілән әулие, Асанас, Қожжан қожа, Тапал ахун, Қалжан ахун және тағы да басқа қасиетті кісілерді тізбектей беруге болады. Бұлардың елге жасаған қызметі мен үйреткен ілімі, өздеріне тән әулиелігі ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Оның ішінде мешіт-медресе салып, балаларды оқытып, тоқытқан Қалжан ахун туралы әфсаналар жетерлік.
Дін ілімін жете меңгерген ғұлама ұстаз Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алған. Қалжан ахунның білім алуына Ораз ахунның көп көмегі тиіпті. Медресені бітіріп, ахун атанғаннан кейін діни қайраткер Ораз ахун ұсынысымен Сыр бойына келген. Елдің діни сауатын ашып, ілім үйреткен. Қалжан ахунды Ораз ахун елден жібергісі келмей, қызы Зейнепті қоспақшы болады. Бірақ Зейнеп атақты Қалдан батырдың Есболат есімді ағасының ұлымен атастырылған. Сол тұста Ораз ахун мәслихат жасап, кешірім сұраушыларды Қалдан батырға жібереді. Ал батыр Қалжан ахунның діндар, өте білімді екенін біледі, оны құрметтейді. Мән жайды білген соң өз келісімін берген. Қалдан батыр Қалжан мен Зейнептің шаңырақ көтеруіне септігін тигізеді. Сондай-ақ ахунды Бұқарбай батырға әкеліп тапсырады. Ал Бұқарбай батыр Қайқы батырға жіберген. Сөйтіп Қалжан ахун қазіргі мешіт-медресе тұрған «Қайқы ағашқа» келеді. Әуеліде Қайқы батыр шәкірт оқытуға қам кесектен мешіт салып берсе, кейіннен Қалжан ахун «Көкілташ» медресесінің сұлбасы бойынша қыштан мешіт-медресе тұрғызады. Ұстаздық етіп, ислам дінін насихаттайды.
Өңірде оқу-ағарту саласында еңбегі сіңген Қалжан ахун Бөлекбайұлынан Егдербай, Уамық, Мұһаммар, Ақбар, Таутай, Асан тарайды. Олардың ішінде Уамық (Омық) пен Мұһаммар (Мағұмар) діни біліп алып, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдары болған. Мақсым атанып, елге қызмет көрсеткен. Жуырда Қалжан ахунның немересі Насыраддин Уамықұлымен жүздескен едік. Қазір Қызылордада тұратын Қалжан ахун немересінен әкесі жөнінде сұрадық.
– Әкем 1894 жылы дүниеге келген, – деп бастады әңгімесін Насыр Қалжанов. – Өте сауатты, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Алдымен ауылдағы саз балшықтан салынған мешітте сауат ашса, содан соң Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде оқып, білім алған. Одан кейін Душанбедегі медициналық институтты бітірген болуы керек. Өйткені медицина жағынан да білімі жоғары болды, – деді.
Бұхарада Уамық пен Мағұмар екеуі бірге оқыған. Бірақ Мағұмар Қазан университетінде оқуын жалғастырады. Бұл туралы Уамықтың қызы Шәмсия Қалжанова өзінің «Қалжан ахун» атты естелік кітабында жазған.
«Әкемнің Бұхарада оқып жүрген жылдары туралы айтуынша, екі ағайындының мінезі екі бөлек. Біздің әкеміз сабырлы да салмақты, ал Мағұмар еті тірі, әр нәрсені білуге құмар жан болған. Мағұмарды әрі шулы, әрі әсем қаладағының бәрі қызықтырған. Ол бүкіл ғибадатханаларды, мұражайларды, сарайларды, кітапханалар мен базарларды аралап, тыным таппайды екен. Өзбек, тәжік тілін тез үйреніп алған Мағұмардың достары да өте көп болыпты. «Менің екі міндетім болды: медреседе оқу және бүкіл Бұхараны шарқ ұрып Мағұмарды іздеу» деп күліп отыратын әкем сол кездерді есіне алғанда. Кейіннен Уамық өз білімін Бұхарада жалғастырса, ал Мағұмар Қазан университетінің шығыс тілдері және құқықтану факультетіне оқуға түседі» – дейді Ш.Қалжанова.
Діни білім алып келгеннен кейін Қалжан ахун ұрпақтары қудалауға ұшырайды. Өзі Қазан революциясынан соң бүлікшілер дін өкілдерін аяусыз, сотсыз жазалай бастады. Осының салдарынан Уамық пен Мағұмар Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанда тұруға мәжбүр болған. Діни сауатты Қалжан ұрпақтарының көршілес өзбек жеріне бас сауғалауына достары көмек көрсетсе керек. Әуеліде Жалағашта жиын өтіп, сол жақтағылар «екі ағайындыны дереу ұстап, өкіметке тапсыру керек» деп шешеді. Оларға тағылған нақты айып та жоқ. Тек «Халық әлі солардың ықпалында. Олар жаңа өмір құруға мүмкіндік бермей жүр» деген желеу әңгіме ғана айтылады. Осыны естіген бірнеше жігіт сол арада Қалжанның ауылына шаба жөнелген. Ағайындыларға келіп, елден тез кету керектігін айтады. Ал жиында Уамық пен Мағұмарды сол түнде ұстау шешімі ұйғарылады. Алайда олар өздеріне таныс жолдан адасып, таң атқанша ауылды айналып жүре беріпті. Мұның өзі бір таңғаларлық жәйт. Ал таң қылау бергенше Қалжанның қос ұлы Ташкентке қарай тартады. Кейіннен Мағұмар келіп, ағайын-туыс, отбасын сол жаққа көшіріп алып кеткен. Бұлар бас сауғалап Тәжікстан, Ауғанстанға дейін барған. Бұл туралы Шәмсия Қалжанова өз естелігінде келтіреді.
... Біздің адамдарымыз Душанбеде елдің ішіне қарай тау соқпақтары арқылы нөсер жаңбырдың астында жылы киімсіз және лайықты аяқ киімсіз (жалаң аяқ десе де болады), қолдарына кішкентай балаларды көтеріп алып жүріп отырған... Жол-жөнекей тұрақтайтын орын болмағандықтан әйтеуір бір жерлерді паналап, долбармен тарта берген...
Сөйтіп олар шағын қалашық – Қорғантөбеге де жетеді. Қалашықтан татар, өзбек адамдарын кездестіреді. Сөйлесе келе олардың да өздері сияқты босқындар екенін біледі. «Демек осы араға тоқтауға болады» деп шешеді.
Анам Мәрия айтатын мына әңгіме есімде қалыпты:
– Тапқыр Төрежан (ол Мағұмарды солай айтатын) тағы да жол тауып кетті. Бір аса қадірлі тәжіктің қайтыс болғанын және барлық мұсылманға үйінің есігі ашық екенін базардан естиді.
Мағұмар:
– Кеттік! Сен Құранды олардан жақсы оқисың. Балалар мен әйелдер бұдан әрі шыдамайды, – деп менің әкемді үгіттейді. – Өзіміздің мұсылман екенімізді дәлелдеуіміз керек!
Әкем келіседі. Әрине ұзақ та ауыр жолдан шаршап-шалдыққан екеуінің түрі де, киімдері де жүдеу-жадау екен, оның үстіне қарындары аш болған.
... Ағайынды екеуі ауылға кіріп, дастарханның бір шетіне жайғасады. Бірақ дәмге қол созбайды. Тәжік тілінде көңіл айтқан, марқұмның жанының жәннатта болуын және оның отбасына, балалары мен немерелеріне, туған-туыстарына ырыс-береке тілеген Мағұмар ағасына өз міндетіне, яғни Құран оқуға кірісуге белгі береді. Әкемнің мақамы ерекше еді. Сөйтіп ол Құран оқи бастайды. «Уамық Құранды соншама беріліп, сондай қайғылы үнмен, өз әкесін жоқтап отырған сияқты сұңқылдатты. Бұрын ешқашан бұлай оқыған емес» дейтін Мағұмар сол кезді есіне алғанда. Әкем жарық дүниенің бәрін ұмытқандай, тәңірінің өзімен тілдесіп отырғандай, мақамынан аза мен қайғы-қасірет, адамдардың күйзелістері күңіреніп шығады. Құранның аяғы Алладан қиындықтарға төзуге қуат сұрап жалбарынған, тәубеге келген тылсым үнге ұласады... Уамық Құранды ұзақ оқығанда қаумалап отырған адамдардың көзіне жас үйіріліпті...
Тәжікстанда Уамық тәжік және парсы әдебиетінің классигі Рудаки туған мекенде тұрады. Бұл жерді Қалжан баласы бекер таңдамаған. Өйткені ол Рудаки шығармаларымен етене таныс. Дін қайраткері Қалжан ахунның өзі осы тәжік классигінің өлеңдерін жиі оқып отырады екен. Уамық мақсым сол жақта еңбек етіп кейіннен елге келеді. Өңірге келгенде де көпшілік тыныштық бере қоймаған. Соның өзінде Уамық елге шариғатты айтып, дінді насихаттаған.
– Біздің балалық шағымыз қиыншылықпен өтті. Әкеміз жан-жақта жүрді. Бізді қасына ертіп жүретін. Бірақ көп нәрсе айта бермейтін. Сол кездегі Қалжан ахун ұрпақтарын қудалаудың әсері оған кері ықпалын тигізді. Соның өзінде ел арасында діни білім беріп, көпшіліктің ықыласына бөленді, – дейді Насыр ақсақал.
Уамық мақсым жөнінде ауданға белгілі Қосан ақсақал да айтып берді. Ол кісі де діндар адамның көпке шарапаты тигенін тілге тиек етті. Ол кезде Қосан қария шаруашылықта шопыр болып жұмыс істеген. Шаруашылық директоры шопырына «Уамық келсе, қайда барамын десе де апарып, алып келесің» деп тапсырып қойған. Сол тапсырма бойынша Қосан мақсымды шалғай елді мекендерге, Қарақұм бойына апарған. Ол кезде Уамық жанына Тайман деген діни сауатты кісіні ертіп жүріпті.
– Екеуі әркез бірге жүретін. Баратын жерді нұсқайды. Содан жолға шығамыз. Уамық салмақты, сабырлы кісі еді. Көп сөйлемейтін. Бірақ дін тұрғысында өте сауатты болатын. Барған жерде Тайман екеуі көпшіліктің дін тұрғысындағы сұрақтарына жауап береді. Сөйтіп елдің алғысына бөленді, – дейді Қосан ақсақал.
Уамық мақсымның ақындық қасиеті де болған. Жоғарыда айтқандай, ол шығыс классиктерінің шығармашылығын көп оқыған. Қазақ интеллигенциясымен де таныс болған. Бірде Мағұмардың достарының бірі Сәкен Сейфуллин Уамықты әдеби шығармашылықпен айналысуға үгіттепті. Сонда мақсұм:
– Қазір не болып, не қойып жатқанын мүлде түсінбеймін. Не туралы жазамын? – дейді екен.
Сәкен болса:
– Революция туралы, жаңа өмір жайлы жазыңыз. Қараңызшы, бәрі өзгеріп жатыр. Ескілік келмеске кетті, – деген көрінеді. Сол кезде Уамық Қалжанұлы «Бұл менің қолым емес» депті. Алайда ол әдеби шығармашылықпен айналыспаса да өлең шығарып, бұл саладан алшақтамаған. Оның «Шоңбайға», «Тайманға», «Әбіләзиз молдаға», «Шоңбайдың 55 жасқа келгеніне...», «Абытқа», «Уамықтың сөзі» атты өлеңдерінің қолжазбасы Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында сақтаулы болған. Осы қолжазбаларды қызы Шәмсия алдырып, өзінің «Қалжан ахун» кітабына аудармасымен енгізген.
Өмірінің соңғы жылдарында Уамық «Әттеген-ай, бізден із қалмады-ау» депті. Сол кезде досы Әбсаттар «Із қалмаса да, тұяқ қалды ғой» деген екен. Айтса айтқандай-ақ, Уамық мақсымнан із де, тұяқ та қалған. Із дейтініміз қанша қудалауда жүрсе де елге дінді насихаттап, әке ізін жалғаған. Артында өшпес мұра қалдыра да білген. Ал одан тараған ұрпақ та жетерлік. Қазір Қалжан ахун баласы Уамықтың ұрпағы Қызылордада тұрады. Руханият тұрғысында қажырлы еңбек сіңірген Уамық мақсым 1971 жылы Қызылордада дүние салған.
Шәуілдірдегі Әбдібақы Мұхамедке
Уамықтың жазғаны
ҚИЯЛ
Қолыма қалам алдым қиял ойлап,
Ойменен, қиялға жан бар ма тоймақ?
Ой теңіз: түбі де жоқ, шеті де жоқ,
Кездескен кемеңгерлер көрген бойлап.
Сол ойдың неше түрлі тарауы бар,
Тұрсақ та әр жырақта жоқты жайлап,
Кейде бір қорқақ қиял сағымдаған,
Мұнараға қарайды келіп құрғақ бойлап.
Кейде бір өз-өзінен тасқындайды,
Жігіттей келе жатқан тойға тойлап.
Кейде бір жынды адамдай мырс етеді,
Ойға кеп өткен бір іс, сірә, қаулап.
Кейде бір төмен қарап тұнжырайды,
Теңселіп оң мен солға басты шайқап.
Кейде бір жас түлектей талпынады,
Қырымға көз жіберіп, қиял ойлап.
Әсір елден жырақ жүрсе жігіт,
Мәңгіріп осындайлар кетер жайлап.
Махамбет, Әбділдә мен Қайып, Назар,
Баласы едік бір тақырдың өскен ойнап.
«Бірігіп жастықтан соң тұрмадық», – деп,
Тоңқылдап жүруші едік «Әй, Құдайлап!».
Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шығып,
Ақыры кеттік қайда тырағайлап...
УАМЫҚТЫҢ ТАЙМАНҒА ЖАЗҒАНЫ
Қалың дос қаптап қашып бара жатыр,
«Жолама жұқпасын, – деп бәлесі іске».
Жаһанда жақсы да адам, жаман да адам,
Арзымас: «Ғұмыр бірлік бар», демеске.
Ішінде небір құбыжық, сұмырай да бар,
Айласы жат ит бойынан кем демеске.
ШОҢБАЙҒА ЖАЗҒАН ӨЛЕҢНЕН ҮЗІНДІ
Тіршілік кейде мәз ғып күлдіреді,
Аңқау жан алданғандай келемежге.
Кейде бір қызыл шоқ боп күйдіреді,
Қозданып сексеуілдей жанған пеште.
Бақ қонып, қазан толып тұрса қайнап,
Досыңның есебі жоқ бірге жеске,
Сол кезде мақұл түгіл намақұлдың
Дайын тұр басын изеп «мақұл» деске.
Жаңылмас жақ болмайды бір күндері,
Мінген ат сүрінгендей күн кездессе.
Е.БЕРКІНБАЕВ