Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр еліне танымал Қойшыман

Сыр еліне танымал Қойшыман

Сыр елінің бір бөлшегі болып табылатын Терең­өзек, Жалағаш аумағында тұратындар арасында Қойшы­ман Қуанышбайұлының есімі аса зор ілтипат­пен аталады.

Бірде бала Қойшыман Арқа жақ беттегі орыстарға ілесіп жолға шығады. Жас баланың пысықтығын байқаған орыстың бірі өзінің үйіне шақырып, сиырын бақтырған екен. Ауыл баласы қой, сиыр көріп өскендіктен көп қиыншылық көрмей жұмысын ат­қара жүріп, орыс балаларымен бірге ойнап, бірге жүргендіктен орыс тілін тез үйреніп кетеді. Оның оқуға деген ынтасын байқаған олар оны Түркістандағы орыс училищесіне оқуға жағдай жасаған көрінеді. Қойшыман оқуда да зерек болып, үлгерімі де жақсы болады.

Бірде Ташкент қаласынан келген оқу бөлімі жө­ніндегі инспектор сынағынан жақсы баға алып, көзге түседі. Соңынан оқу инспекторы бұл оқушыны оқу бітірісімен Түркістан оязындағы тілмаштардың біріне ұсынады.

Қой бағып, бақташы болған Қойшыман ояз бас­­тығына жолығып, адамдардың арыздары мен ұсыныс-өтініштерін жазып, аударумен қатар адамдармен тіл тауып, сөйлесе білетін қабілетінің арқасында көп даулардың бейбіт шешілуіне ықпал жасаған. Бірде тілмәш, енді бірде аудармашы болып жүрген оны ояз бастығы өзіне кіші көмекшілікке алады. Мұнда да Қойшыман абыройсыз болмағанын ақын Шоңбай Жұбанұлының «Шежіре» өлеңінен біле аламыз:
Құтымда Қойшыман мен Пірмағанбет,
Саратта саналмаған сөзі кемге,
Қойшыман Түркістанда ояз болған,
Тыңдатқан сап-сары таққан шеңге – деуі көп мәнді аңғартса керек.

Кейбір зерттеушілер мен шежірешілер Құтымнан тараған Қуанышбай мен Қойшыманды бір адам депте жазады. Қуанышбайды Қойшыбай деп қателескен. Оны Алаш тарихын зерттеу орталығы шығарған «Табын» кітабының 2-ші томының 157 бетінен оқи аламыз. Бұл деректер қате пайымдау, өйткені ата-тек шежіреде Қуанышбай Дәуінбай баласының ұлы Қойшыман деп анық жазылып айтылады.

Тәуелсіздік жылдарында Табын руына арналған 2-3 кітап шықты. Бір өкініштісі, Барлыбайдан туған Құтым ұрпақтарын тарқата алмаған. Біз оның кемшін тұстарын, әсіресе Қуанышбай мен Қойшыман ұрпақтарына аз-кем тоқталмақпыз.

Құтым тармағынан Тоқылдақ, Өтеміс тараған. Өтемістен Жидебай. Одан Омар, Дәуінбай туады. Дәуінбайдан Қуанышбай, одан біз әңгіме етіп отырған Қойшыман туған.

Қойшыманнан Қонысахмет, Жүнісахмет, Байназар, Досжан, Мыңжасар, Нұртаза туады. Досжаннан Тұрғанбай, одан Серік, Айтбай, Сиез. Жүнісахметтен Елтай, одан Серік. Нұртазадан Тәңірберген, Ишанхан, Бисен туады. Қонысахмет, Байназар және Мыңжасардан ұрпақ жоқ. Тәңірбергеннен Мақсұт, Әлиасқар, Махмұд, Ізбасқан, Ғани, Ғалым. Ишанханнан Мейрамхан, Талапбек. Бисеннен Ибрагим, Әкімбек, Әділбек болып жалғасып кете береді.

Ал Жидебайдың Омарынан Сүйіншібай, Мәнсүт­бай тараған. Сүйіншібайдан Әлімбет, одан Әбдібек, Әбдірей туады. Әбдібектен Тұрар, Серік тараса, Әбдірейден Мұхтар, Қалдыбек, Оразбек, Мұратбек­тер өсіп-өніп, еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында еңбек етуде. Осылардың ішінен әріптес, қызметтес болған Серік Әлімбетов, Сәду Айтбаев, Мақсұт Нұртазаевтар арғы бабаларына ұқсап ел алғысына бөлінген жандар еді. 1921 жылы туған Тәңірберген, 1927 жылы туылған Ишанхандар тылда жұмыс істеген. Сүйінішбайұлы Әлімбет «Озат колхозшы» атанып, И.В.Сталиннен 1943 жылы хат алған. Сол кезде ол кісінің 78 жаста болғаны да айтылған. Сонда ол кісі 1865 жылы, әкесі Сүйінішбай Омаров шамамен 1841 жылы туған болып табылады. Ал Қойшыманның тікелей ұрпағы Мақсұт Нұртазаев 2016 жылдың 2 қыркүйегінде 77 жастағы Нұржан Тоқбембетовтың айтқанын маған айтқанды. Сол әңгімеде Қойшыманның оязға көмекші болуы кезінде бірге ойнаған орыс баласының Ташкентте губернатор маңындағы қызметке тағайындалғаннан бастап басталған көрінеді. Ол Қойшыманды Түркістан ояз бастығының кіші көмекшісіне және Ташкент-Орынбор теміржолының құрылысында басқаруға қызметке жі­беріпті.

Қойшыман баласы Жүнісахметті Ақмешіттегі орыс мектебіне оқуға жіберуге молдалар қарсы болыпты деседі. Сонда Қойшыман Қалжан ахунға барып, баласын орыс мектебіне беретінін айтқанда ахун: «Өнерлі оқуға бергенің сауап болады» – деп келісімін беріпті деседі.

Сыр еліне белгілі қария Камал Бердәулетовтың 1998 жылғы шыққан «Атажұрт» кітабында мынандай жолдар жазылған: «Барлыбай Қиықбай пысықтау жігіт болыпты. Оның үйінде болған Сейіл батыр жас жігітке кеңес беріп, Түркістанда ояздың басшылығында істейтін әкім Қойшыманға арнаулы хат жазып, Қиықбайды қызметке пайдаланарсыңдар деп тапсырады. Қиықбайды шақыртып алып, оны түтін-пұл жинау жұмысына тағайындайды. Сөйтіп, біраз қор жинаған Қиықбай елге келіп бір сайлауда болыстыққа түсіп жеңеді (69 бет)». Қойшыман әкімнің жәрдемімен аяққа тұрған Қиықбай туралы Шоңбай ақын «...Кіргенше билік айтып, басы көрге, Байтоғай, Қиықбаймен өтті» – дейді.

Осылайша, кедей Қиықбай Тоқмұрайын баласын қатарға қосып үлкен азамат болуына Қойшыман әкім көмектесіпті деседі. Сөйтіп, Қиықбай 1874 жылы Сырдария облысы басшының бұйрығымен Байзақ болысының биі, кейіннен болыс та болған.

Қойшыман Қуанышбай баласының туған, қайтыс болған жылдары, қайда жерленгені белгісіздеу. Дегенмен, шежіре ізімен зерделесек және 1887 жылы туған тікелей ұрпағы, кенже ұлы Нұртазадан әрі қарай есептегенде, шамамен, 1837-1840 жылдары өмірге келіп, Қойшыман 80 жастың үстіне шығып қайтыс болған. Қарақұмдағы бабалар қорымына жерленгені айтылады.

Көбіне-көп Қойшыманның Түркістан Генерал-гу­бер­наторы болған (1868-1883г.) фон Кауфманның қызметінде болып, оның қамқорлығын көргенін ұр­пақтары айтады. Түркістанда көптеген байлармен сый­­лас болыпты.

Қойшыман әкімнің немересі болып келетін Тәңір­берген Нұртазаұлы 1921 жылы «Шолақ-Арық» ауылдық кеңесіне қарасты Чапаев колхозында ту­ғанын әкесі Нұртаза Қойшымановтың 1887 жылы, анасы Қойшыманова Тәжігүл Дүйсенбіқызы 1892 жылы туғанын өзінің өмірбаян қағазында 1956 жылы жазған екен. Ұрпағының бірі Махмұт атасы Нұртаза бай болып, қудалауға ұшыраған және 1932-1933 жылдардағы ашаршылық оларды өзбек жерінен бір-ақ шығарады. Осында жүріп Нұртаза әкесінің көзіндей болған күміс мөрді (алтынмен жалатқан) бір өзбекке 1 қап бидайға сатып жіберіпті. Сол мөрдің арқасында ажалдан аман қалған көрінеді. Сөйтіп, Нұртаза отбасы 1935-1976 жылдары туған топыраққа жетіп жығылады.

Т.Нұртазаевтың жазбасында алдымен баста­уыш, кейіннен 7 жылдық мектепті бітіргенін, 1947 жылға дейін колхозда колхозшы, 1948-1949 жылдары «Шолақ-Арық» ауылдық кеңесінде хатшы, 1950-1956 жылдар аралығында ірі қара фермасында есепші, 1956 жылдан бастап Аманкелді колхозының бригадирі болғанын, отбасында 1 апасы, әйелі, 2 баласымен бірге тұратынын жазып қалдырған. Нұртазаның екінші ұлы Ишанхан 1927 жылы туылған. Мектеп, техникум бітіріп, мал дәрігері мамандығын алады. Ол кісі көп жылдар бұрынғы Тереңөзек ауданының Аманкелді, Қызылдихан (кейінен XXI партсъезд сов­хозы), Іңкәрдария совхоздарында мал дәрігері, қой фермасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Одан кейінгі Бисен 1930 жылы туылған. Ол туған ауы­­лында құрылыс саласында, кейіннен Іңкәрдария совхозында құрылыс прорабы, одан кейін Қызылорда қаласындағы картон комбинатында еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шығады.

Тәңірберген ағамыз 1992 жылы, анамыз Тәжігүл 1990 жылы, Ишанхан 2002 жылы, кемпірі 1982 жылы, ал Бисен 2011, әйелі 2015 жылы қайтыс болады. Нұртаза Қойшыман баласы 1967 жылы, кемпірі 1970 жылы дүниеден озады. Бисен Шортандыда өмірден өткен. Нұртазадан бастап қалғандары Сырдария ауданындағы Қалжан ахун қорымына жерленген. Тірлікте бірге жүрген ағайындылар, ана дүниеде де бірге. Алла Тағала осылай ұйғарған болуы керек. Қойшыман әкім шамамен Жезқазған жақтағы Жылқыбақ, Барлыбайлар жерленген (Бидас төбесі), немесе Жырық қорымында жатқан болар.

Нұртазаевтар мен Әлімбетовтердің кейінгі ұрпақ­тарымен аралас-құралас болдым. Мақсұт Нұр­тазаев 1955 жылы туылған. Алматыдағы Халық шаруа­шылығы институтын бітірген. Тереңөзек ауданында қаржыгер, кейін көп жылдар бойы аудандық қаржы бөлімін басқарды, ауыл әкімі де болды. Көпшіл азамат болатын. Ал Серік Әлімбетовпен Тереңөзек аудандық газетінде бірге қызмет атқардым. Ол 1946 жылы туылып, өмірден ерте өтті. Серіктен – Асқар, Әбіләкім, Мақсұттан – Гүлнәр, Жанна, Мөлдір, Ерлан, Еркебұлан, Махмұттан – Ержан т.б. ұрпақ тарайды. Тәңірберген ағаның басқа балаларында ұрпақтар жалғасуда. Ишанхан ағамыздан Мейрамхан, Талапбек тарайды. Бисеннен де Ибрагим, Әкімбек, Әділбектер өсіп-өнген. Біразы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр.

Бұл зерттеу мақаланың жазылуына Ишанхан аға­ның немерелерінің арғы бабасы Қойшыманды сұрауы себепкер болды. Барлыбайдың Құтымынан тараған ұрпақтарын ата-тек шежіресі жазылмай келгендіктен, әзірше Қойшыманға тоқталдық. Қойшы­ман және оның кейбір ұрпақтарының өмір жолын жазуға Тәңірберген келіні Рая Дастанқызы, Мах­мұт Нұртазаев пен Әділбек Бисенұлының қосқан үлесі мол. Оларға рахмет айтамыз. Дегенмен, әлі де зерттейтін жағдайлар баршылық.

Қойшыман Түркістанда тұрғанда Сыр елінен келген базаршылардың өзбек, сарт саудагерлеріне алданып қалмауға ақыл қоса отырып, оларға көмектесіп отырыпты. Кейбір аударушылардың дұрыс аударма­ғанын бетке баса отырып, өзі аударып береді екен. Сонымен, есімі ел арасына кең жайылғанмен жазба деректердің аздығынан, жазғанымыз осы болды.

Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші, этнограф,
Манат Есенбаева,
еңбек ардагері
16 ақпан 2021 ж. 319 0