Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас отбасы баспаналы болды

Жас отбасы баспаналы болды

Осыдан 6 жыл бұрын отасқан Бексұлтан Төребекұлы мен Самал Талапбек өткен жы­лы қоныс тойын тойлаған болатын. «Қызылдихан» шаруа қожалығы атынан жас отбасына тұрғын үйдің кілті табысталған еді. Қазіргі уақытта 3 бөлмелі үйге қол жеткізген Төребековтер отбасында екі ер бала өсіп келеді.

Күрішші Бексұлтан Төребекұлы 8 жылдан бері ша­руашылықта қызмет етіп келеді. Егін егудің қыр-сырына қаныққан ол жер жомарт екенін жақсы біледі. Осы кезге дейін жас маман Алданберген Құлбаев жетекшілік ететін «Қызылдихан» шаруа қожалығында Сыр салысын баптауда барын салып келеді. Тұрмыстық жағдайын ескерген басшылық жер үйді табыстауды жөн көрген. Оның келіншегі Самал Талапбек ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаға қаралу үшін шаруашылық 200 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Нәтижесінде, Самал Талапбек білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесін алып қайтты.

– Біз үшін өткен жыл жақсылық естеліктерімен жадымызда сақталады. Қашанда қызметкерлеріне жәрдемін аямайтын шаруашылық басшылығы баспана сыйлады. Жайлы баспанада тұрып жатқанымызға қуаныштымыз. Жас мамандарды демеп, жомарттық танытқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Кәсіптеріне береке берсін. Еңбектің жемісті болып, егіннің бітік шығуына барын салып жатқан шаруалардың орасан қызметіне сәттілік серік болғай. Жылдағыдан егін егудің қиындығын диқандар айқын сезініп келеді. Маңдайын күнге сүйгізіп аптап ыстықта күріштің күтімін жасаған еңбеккерлердің табысы молынан болсын. Қамба астыққа толып, жылды жақсы нәтижеде қорытындылауға тілекшіміз. Әрдайым еміме жағдай жасаған жандарға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді күрішшінің келіншегі Самал Талапбек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
10 тамыз 2021 ж. 459 0