Волейболдан аудандық жарыс
Халықтың халық болып қалыптасуына батыр, би, шешендердің сіңірген еңбегі көп. Батыр жаудан елін қорғаса, билер мен шешендер ел арасындағы түйіні қиын мәселелердің әділ шешімін тауып отырған. Оларды «Дала Диогендері» деп бекер айтпаса керек. Сыр елінде де қара қылды қақ жарған, әділ билігімен елді аузына қаратқан билер болған. Солардың бірі болса да, бірегейі Шортанбай Ерубайұлы. Әділдігімен, шешендігімен елден озған би бабамыз біздің өңірімізде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Елдің ел болып қалыптасуы үшін әділ билік құрған Шортанбай Ерубайұлының ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде, негізінен Тереңөзек кентінде және С.Сейфуллин ауылында тұрады. Сырдың айтулы биі атында С.Сейфуллин ауылында көше бар. Жақында осы елді-мекенде тұратын бидің ұрпақтары №137 орта мектептің спорт залында биыл екінші мәрте Шортанбай Ерубайұлын еске алуға арналған аудан мектептерінің жастар арасында волейболдан турнир өткізді.
Турнирде ауыл әкімі М.Қаратаев, би ұрпақтары И.Фазылов, Ә.Жанбосынов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Баймұрат ізгілікті шараға ақ жол тілеп, ыстық ықыластарын білдірді.
Қазіргі таңда еліміздегі рухани жаңғыру кезеңінде, қазақ елінің тарихында елеулі орын алған Шортанбай Ерубайұлын еске алып, оның есімін ұрпақ жадында жаңғырту, бұл жастарды елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізі болмақ.
– Елдің бірлігін сақтап, ұлт болып ұйысуы үшін ата-бабаларымыздың өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау, тамыры терең тарихтан сыр шерту, бұл өскелең ұрпақтың жақсы азамат болып өсуіне игі ықпал етеді. Біз турнирді жыл сайын өткізуді мақсат тұтып отырмыз, – дейді би шөбересі Қуаныш Талқанбаев.
Аудандық турнирге аудан мектептерінің жастарынан құралған 7 команда қатысты. Тартысты өткен жарыста сәкендік жастар жоғары шеберлік көрсетті. Сөйтіп, олар жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қалжан ахун ауылының жастары, үшінші орынды Ақжарма ауылының жастары иеленді. Үздік ойыншыларда анықталды. Жеңімпаздар арнайы «Дипломмен», кубокпен, медальмен, ақшалай сыйлықпен марапатталса, ал қатысушылардың барлығына «Алғыс хат» пен ынталандыру сыйлығы берілді. Турнирге би ұрпақтары және №137 орта мектеп демеушілік көмек жасады.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ