Адамдық Мұрат
Қазақ халқының тарихы небір қым-қуыт оқиғаларға толы. Өткен ғасырдың өзінде екі төңкерісті, екі қоғамдық құрылысты, екі дүниежүзілік соғысты, ұлттың үштен бірін жалмаған ашаршылық пен қазақтың қаймағын қалқып алған қуғын-сүргінді бастан кешірді. Сол тарихи деп аталатын оқиғалардың басында болмыс-бітімі алуан түрлі тұлғалар жүрді. Тағдырдың жазуымен халық қозғалысының не мемлекеттік басқарудың тізгінін ұстаған азаматтар өз қабілет-қарымына қарай сол кездегі ахуалға оң не теріс әсер етуі мүмкін. Көбінесе, біз белгілі тұлғаларды ғана білеміз, ал шындап келгенде жанкешті еңбегі, білім-біліктілігі, керек десеңіз болмыс бітімімен ауыл шаруашылығымен айналысатын Сыр елінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан жандар аз емес. Сондай асылдың сынығы Төлеп Мыханов жайлы жазуды жөн көріп отырмыз.
Төлеп Мыханов 1938 жылы Тереңөзек ауданы Далакөл ауылдық кеңесіне қарасты жерде кедей шаруаның отбасында дүниеге келеді. Осы кезеңде өмір есігін ашқандарды «тарих толқынында туғандар» деп те атауға болады. Қазақты қырып кеткен аштықтың ащы зардабы әлі басылмаған, қуғын-сүргіннің белең алып тұрған кезі еді. Алда әлі одан да бетер зұлмат-соғыс бар. Төлеп ақсақал да тірліктің ауырлығын сәби шағынан сезінді, ал әке-шешесі тағдырдың құқайын көп көрген еді. Бірақ олар қиындыққа жасымады, күресті, қатарының алды болды, соның арқасында өмірден өз орнын, бақытын тапты. Адамның тағдырына әсер ететін ең басты жайтқанмен берілетін қасиет, отбасындағы тәрбие. Сондықтан да Төлеп ақсақалдың ата-анасына кеңірек тоқтала кетейік.
Әкесі Әли Әлімбетұлы жастайынан жетім қалып, немере ағасы Әбіштің тәрбиесінде болған. Еңбекке ертерек араласып, колхозда егінші болған әке 1941 жылы соғысқа алынады, бұл кезде Төлеп 3 жаста еді. Сол кезең еміс-еміс есінде. 1942 жылы әкесі ауыр жарақаттанып, госпитальдан шыққан соң елге қайтты, бірақ бір жылдан кейін жарамды деп танылып, әскерге қайта алынады. Содан Калинин майданында соғысқа түседі. Ауыр шайқаста бомбаның астында қалып, ІІ топтағы мүгедек болып екінші мәрте елге келеді. 1976 жылы 82 жасында дүние салды.
Ал анасы Қатира 1928 жылы осы шаңыраққа келін болып түскен. 1931 жылы ашаршылыққа байланысты бұл жанұя Өзбекстанның Бұқара облысына қоныс аударады. Содан 7 жылдан кейін елге оралады. 1940 жылы Сұлутөбедегі қыз-келіншектерді механизатор мамандығына дайындайтын 6 айлық курста оқиды. Содан «Аламесек» МТС-да комбаинер-тракторшы болады.
1949 жылы ауыл шаруашылығы кадрлерін толықтыру туралы үкімет қаулысына сәйкес «Далакөл», «Красная заря», «Ворошилов» колхоздары қосылып, ірілендірілген колхозға басқарма бастығы етіп жіберіледі. 1940 жылдан СОКП мүшесі болған Қатира Мыханова бар болғаны 4 кластық білімі болғанына қарамастан, туабітті зеректігі, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығы арқасында 1954 жылға дейін басқарма міндетін абыроймен атқарды. Еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальмен, Жоғарғы Кеңестің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 1954 жылдан бастап колхоздың күріш звеносын басқарды.
1961 жылы колхоз Кеңес шаруашылығы болып қайта құрылып, «күріш фабрикасы» атанған Тереңөзек совхозының тарихында Қатира Мыханованың орны ерекше. Олай дейтініміз, колхозды нығайтып, шаруашылықтың экономикасын көтеруге үлес қосып қана қойған жоқ, қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірге де белсене араласты. Қазақстан компартиясының XV съезіне делегат болып, сол съезде Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленум мүшесі болып сайланады.
Енді кейіпкерімізге қайта оралайық. Әли мен Қатира үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыс қиыншылығын балалық шағынан бастан кешірген Төлеп 1944 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, 1954 жылы онжылдық білім ордасын бітірген соң еңбек жолын колхозда механизатор-күрішші болып бастайды. Еңбекте ысылған жас жігіт 1956 жылы Қызылордадағы ауылшаруашылық техникумына түсіп, арнайы мамандық алғаннан кейін колхозда күріш бригадирінің көмекшісі болады. 1961 жылы совхоз құрылғанда механик болып жұмысын одан әрі жалғастырады.
Төлептің әке-шешесі туралы әңгімелегенде олардың бойындағы өмір тіршілікке деген құштарлықты, оның мәні еңбекте екенін жұқалап қана жеткізуге тырысқанбыз. Сол қасиет Төлептің де бойында болды. Өзгешелігі заман өзгеріп, тұрмыс жақсара бастаған еді. Бұл уақыт ізденуді, өсуді, шаруашылықта шектеліп қалмай, өмір көруді, тұрмысты жаңартуды қажет етті. 1962 жылы Төлеп Мыханов жоғары білім алу мақсатында совхоз атынан Алматы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін совхозда инженер-эксплуататор, гараж меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ол кезде жас та жігерлі еді, өмір тәжірибесі мамандықтың қыр-сырына қанықтырып қана қойған жоқ, әралуан талаптарға кенелтті. Үміт пен арман да көп, қабілет-қайраты да бар.
Қандай қызметті де атқаруға әзір болатын. Бұл өмірдің бақытты, күштің толықсыған, ізгілікті, ерлікті, қайраткерлікті көксейтін, жүрек тамырлары қатты соғатын кез еді. Адам өмірінің кемелді мұраты тіршілік заңдылығын дұрыс ұғыну, оның міндеттерін бұлжытпай орындау деп білетін. Адам өмірінде балалық, жігіттік, марқаю және қарттық атты төрт кезең болады, жылдың төрт мезгілі сияқты осы кезеңдердің міндеті мен жүгін дұрыс ұғынып, секіртпеушілікке жол бермеу керек. Бұл күнде 85 жасқа толып отырған Төлеп қария өмір нәрінің бір тамшысын да босқа төкпей, осы уақытқа дейін бүтін жеткізіп отыр.
Жүрген жолдарына қарап отырса, білім-біліктілігі жетіліп, бойындағы қуат-күші толықсыған сол жастық кезеңде төңірегіндегі тіршілік қайнап сала берген екен. Тағдыр да тартқан сыйды бағаламағанды ұнатпайды, бұған дейін тіршілік тынысын зерттеп біліп қана келсе, енді оның сынын да басынан кешірді. Бар пәрменіңмен құлаш сермегенде қарсылықты да көп көресің.
1975 жылы елге таныла бастаған жігітті жаңадан құрылған Сәкен Сейфуллин атындағы совхозға бас инженер етіп тағайындады. Шаруашылықтың бас маманына артылар жүк аз емес, оның үстіне совхоздың енді құрылғанын, техниканы көп қажет ететін күріш дақылын егетінін қосыңыз. Рас, мемлекет күріш шаруашылықтарына қатты көңіл бөлді, үнемі жаңа техника берді, бірақ талап та қатаң. Содан аттай 10 жыл осы шаруашылықта қызмет етті. Енді қарап отырса, бұл өсіп-өркендеу жылдары болыпты. Келесі соғыс кезіндегі аш-жалаңаштықты, қираған дүниені қалпына келтіру кезеңіндегі қиындықты, елуінші жылдардың үстіндегі ел тоғая бастаған шақты көрген қариялар 80-жылдарды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бағалады. Айтса айтқандай, елдің жағдайы жақсарды, мәдениеті өсті.
1985 жылы Тереңөзек совхозына инженер болып қызмет ауыстырды, осы жерден еңбек демалысына шығады.
Ия, өмір өткінші, бірақ тез өтеді екен деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Еткен еңбегі қашанда өз бағасын алады. Төлеп Мыханов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Қазақстанның 40 жылдығы» медальдарымен марапатталды.
Өткенді ойға алып отырса, адамның өмірінің өзі ойларының салдары екен. Егер сен жақсылықты көбірек ойлап, жақсы іс істесең, кімге де болса жылы сөйлеп, ілтипатты болсаң, сәттілік ажырамас көлеңкедей болып соңыңнан еріп жүреді. Ал егер теріс пиғылды болсаң, дөрекі мінез көрсетсең, түрлі қиыншылық өгізге жегілген арбадай қыр соңыңнан қалмайды. Жеккөрушілік пен қатыгездікті сүйіспеншілік пен жақсылық қана жеңе алады. Мәңгілік заң дегеніміз – осы.
Өмірдің мәні жаратқанның берген тіршілігін жоғары ақыл иесіне сай мәнді өткізуде. Адамның мұраты да – осы.
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі