Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі сіңгенді ел ұмытпайды

Еңбегі сіңгенді ел ұмытпайды

Халқымыздың басынан өткен оқиғалардың бір өлшемі уақыт деcек, сол уақыт пен кеңістік көкжиегі тоғысқан жерде ұлт тарихы басталады. Жалпы тарих дегеніміз қоғамды өзгерткен оқиғалар, төңкерістер, жойқын соғыстар ғана емес, ол әріден алсақ, ата-бабамыздың, беріден қайырсақ, біздің алдымыздағы аға ұрпақтың бастан кешкендері, жасаған жұмысы, өмірге әкелген өзгерістері. Себебі адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, ондағы өзгерістер өз әсерін қалайда тигізеді, сондай-ақ жеке адам да қоғамдық дамуға әсер етеді.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Әсіл Мә­ден­­байқызы өткен ғасыр­дың төңкерістен кейінгі дауылды кезеңі – 1922 жылы 5 сә­уірде Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданына қарасты Құндызды ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.

Әсіл апамыз бала кезінен қиын­дықты көп көреді. Оған кері әсерін тигізген ал­­мағайып уақыт, алай-дүлейлі заман еді. 1930-1933 жылдары арасында әкесі Мәденбай Оспанов, анасы Жұмаш Сырлыбай­қызы қайтыс болады. Қазақ халқының үлкен бөлігін алып кет­­кен қолдан жасалған ашаршылық талай отбасын ойрандап кетсе, бұл жанұя да сол күйі жоқ болып кете жаздады. Әлі де көрер жарығы бар екен, сол ашар­шылықта Әсіл аман қалып, туыстары Жақан, Тәңкібайдың отбасында күн көріп, тәрбие алады. Тәңкібайдың жұбайы Шамал апаны көзі тірісінде ауызынан тастамай өтті. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген ғана емес, өз баласы Шайланмен қоса Әсия, Әсілді бағып-қаққандығынан еді.

Жасынан зерек болып өскен, оның үс­тіне тағдырдың қиындығы ширатқан Әсіл апа қайыңға қарсы біткен бұтақтай жігерлі болып өсті. Бұл бір жағынан өмір­ге деген құштарлық еді, оған қарым-қа­білеті, қайсарлығына еңбек сүйгіштігі сай болды.

Әсіл апа жастайынан колхоз жұмы­сына араласты, соғыс басталып, ер-аза­маттар майданға кеткенде қатарлас қыз-келіншектермен бірге егін-егудің бел ор­та­сында жүрді. Ол кезде техника болса да жоқ, атқа, өгізге жегілген соқамен би­дай, арпа тағы басқа да дақылдарды екті. Жаз бойы егіс басында жүрсе, қара күз­ге дейін сол егінді жинап алып мемлекет­ке өткізіп, келер жылғы егістің қамына кірі­сетін.

Жанқиярлық еңбеккерлігі мен ұйым­дастыру қабілетін байқаған басшылар Әсіл Мәденбайқызын егіс бригадирі етіп тағайындайды. Бұл шешім ауыл­дас­­тарының да көңілінен шығып, адам­дардың ең­бекке деген құлшынысын арттырады. Соғыс жылдары колхоз күріш те еге бастады. Инженерлік жүйеге кел­тірілмеген жерде қолмен күріш егіп, агрономы жоқ шаруашылықта оны кү­тіп баптау оңай емес еді. Бірақ талап тұлпарға күш береді екен.

Сағасын «Майжарма» каналынан ала­­­­тын «Есқұл» каналын қазуда да Әсіл апа­мыз белсенділігін көрсетіп, күш қай­ратын танытты. Бұл каналдың Сәкен ауылындағы шаруашылықты сумен қам­та­масыз етуде рөлі орасан зор болды.

Қазір ортамызда жүрген Рақымжан Бәйменов қария Әсіл Мәденбайқызының 40-шы жылдар­дың үстіндегі еңбегіне жо­ға­ры баға беріп:

– Ауылда қалған қарт­тар мен әйелдерді, балаларды ұйым­дас­тыра жұмыс істету оңай емес еді. Кө­бінің жүрегі жаралы, бәрінің дерлік кеу­десінде уайым бар. Аш болмағанмен тойып та тамақ ішпейтінбіз. Бригадир Әсіл апа адамдардың көңілін таба білді. Бас­тық­пын деп қарап тұрмайтын. Өзі де білек сыбанып жұмысқа кірісіп кететін, – дей­ді.

1946 жылы соғыстан қайтқан Әләйдар Сағындықұлы мен Әсіл отбасын құрады. Келесі жылы тұңғыш ұлы Бердіқожа дүниеге келеді. Соғыс бітті, енді бәрі де жақсаратын сияқты. Бірақ олай емес екен, тағдырдың қиыншылығы тағы да алда­рынан күтті. Әлайдар әкеміз соғыста немістердің тұтқынында болып, одан қашып шығып, Кеңес әскеріне қосылады. НКВД-ның адамдары оның артынан қал­мады, қуғындады, қысым көрсетті. Содан да болар жұбайы екеуі Қарағанды қаласына барып шахтада жұмыс істейді. Өндіріс орнында бұларды көп мазалай бермейді, әрі табысы да жақсы болғанға ұқсайды. Жылына бір рет еңбек демалысына шығып, ауылға артынып-тартынып келеді. Әлекеңнің әке-шешесі мен туыс­тарынан бастап сый-сияпат алып, бір жыр­ғап қалатын болған.

Әлайдар әке мен Әсіл апа 7 ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардың ішінде Пірімжан, Сейтхан, Әділхан, Тамара Қараған­дыда дүниеге келген еді.

70-шы жылдары елге оралып еңбекке араласты. Әлайдар әке құрылыс саласында жұмыс істеп ЗИЛ машинасын айдады. Әсіл апамыз аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде түрлі жұмыстар атқарып, кейін моторист болып, 1991 жылы еңбек демалысына шығады.

Балаларының бәрін де оқытып, жоға­ры білім алуына жағдай жасады. Қазір олардан тараған ұрпақ бір әулетті құрай­ды. Әсіл ананың өмірге келгеніне биыл – 100 жыл. Әлайдар әкеге 103 жыл толды. Иә, жүйрік уақыт желдей еседі. Көп нәрсе ұмытылады. Елдің есінде еңбегі сіңгендер ғана қалады. Бұл тәмсіл асыл әке мен ардақты анаға арналып айтылғандай.

Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

11 қазан 2022 ж. 337 0