ҰЛЫ ЕСІМДІ ҰЛЫҚТАУ
Қазақ руханиятында ұлт мүддесі жолында күрескер атанған тұғырлы тұлғалардың еңбегі орасан. Сыр топырағынан түлеген қайраткерлердің өлшеусіз ғұмыры тарих қойнауына енгені мәлім. Ел басына қатер төнген тұста жанкешті қажыр-қасиетімен дараланған олардың парасаттылығы көпке үлгі. Біздің кейіпкеріміз бүкіл қазақ халқы үшін өлшеулі өмірінде өшпестей із қалдырған бітімі бөлек жан. Қоғамның бел ортасында жүріп, кісілік болмысына кір келтірмей ғылым көкжиегіне құлаш сермеген қазақ баласы. Сонау екі ғасырдың куәгері атанған қоғалыкөлдік Серәлі Лапинның мол мұрасы ұлттың әр азаматына жол көрсетер шырағдан болатыны сөзсіз.
Заманында заңғарлығымен өзіндік қолтаңбасын қалдырған шоқтығы биік тұлғаның ағартушылық жолындағы табандылығы көпшілікті тәнті еткен. Бауырлас елдер қазақ, өзбек, қырғыз атауын дұрыс қолдану керектігі жөнінде зерттеу жүргізіп, халық көкейіне жететін мақала жазған. Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашқан Серәлі Шығыс халқын мойындатып, бірнеше тілді меңгерген. Сондай-ақ, ұлт байлығы мен жәдігерін сақтауда айтарлықтай еңбек еткен. Әлем елдерінің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетіп, халық назарына ұсынған. Сыр мақтанышының сарқылмас мұрасы қазақ үшін құндылығын жоғалтпайды.\
Осы ретте бұрнағы күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қоғалыкөл ауылдық клубы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткері Серәлі Лапинның туылғанына 150 жыл толуына орай аудандық «Ұлы даланың ұлы перзенті» тақырыбында жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Аталмыш жарысқа аудан көлімінен 8 жас ақын қатысып, бақтарын сынады.
Шараны аудандық мәслихат депутаты Сламбек Қаюпов ашып, күллі қазақтың мақтаныша айналған Серәлі Лапинның өмір жолына тоқталды. Тағы айта кететін жәйт – туған жер түлегінің қайраткерлігі хақында мол мағлұмат берді. Мүшәйраға қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі. Алғашқы болып Іңкәрдария ауылынан келген Әйгерім Суюнбаева өз өлеңін оқыды. Келесі кезекте сәкендік Бақтөре Айтбаев, тереңөзектік Балтабай Ордабеков, Ербол Сағынбайұлы, Зарина Жарболова, нағилық Бекжан Маханбетов, ақжармалық Ұлбосын Кенішбек, қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов көпшілікке жыр шумақтарын ұсынды. Жас ақындардың өнеріне жергілікті ақын Байрон Есенбаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлназ Құлымбетова бағасын берді. Әділқазылардың шешімі бойынша жүлделі ІІІ орынды ақжармалық Ұлбосын Кенішбек, ІІ орынды нағилық Бекжан Маханбетов, І орынды қоғалыкөлдік Ержан Мұхиятдинов иеленді. Барлық қатысушыға арнайы диплом мен сыйлық табыс етілді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ