Дін қайраткерінің есімімен аталады
Ауданда діни білім алып, ахун атанып, ағартушылық қызмет атқарған Қалжан ахун Бөлекбайұлының есімімен аталатын ауыл бар. Мыңның үстінде халық тұратын елді мекен күрежолдың яғни, облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойында орналасқан. Ауыл халқы ата кәсіп болған егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауы негізінде елді мекен тұрғындары кәсіпкерлік саласына ерекше ден қойған.
Негізінен, ауылдың тарихы әріде жатыр. 1928 жылы құрылған Бостандық жолы, 1938 жылы құрылған Сталин, Чапаев және 1939 жылы құрылған Аманкелді колхоздары қосылып, іріленген Аманкелді колхозы болған. Ал одан кейінгі кезеңде Аманкелді және Каганович колхоздары бірігіп, «Ленин» колхозы атанды. Оның орталығы қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылына көшірілген. 1963 жылдан бастап «Ленин» және «Партияның ХХІ съезі» атындағы колхоздары негізінде «Партияның ХХІ съезі» атындағы кеңшар құрылады. Арада 12 жыл өткен соң осы кеңшардан С.Сейфуллин атындағы кеңшар өз алдына бөлініп шыққан. Ал 1984 жылы кеңшар орталығы «Қызылдихан» ауылынан кеңшардың Аманкелді учаскесіне (қазіргі Қалжан ахун ауылына) көшіріліпті.
Тәуелсіздіктен кейінгі 1992 жылы «Партияның ХХІ съезі» атындағы кеңшарға шаруашылықты басқарған Оспан Мәлібаевтың есімі беріледі. 1997 жылы аталған кеңшар екі шаруашылыққа бөлінген. Атап айтқанда, О.Мәлібаев және Қалжан ахун елді мекені болған.
Жалпы, колхоз жұмысын ілгерілетуге үлес қосқан Ыдырыс Қошықов, Төлеген Байтоқаев, Себеп Аюпов, Қасым Бөдеев, Нармахан Шідербаев, Далдабай Жалтынов, Төлеген Баймаханов, Ізбасар Бақтыбаев, Сейіткамал Усабаев, Исахан Мұстаяпов, Әбдікәрім Досжанов, Тоқшылық Ағыбаев есімдерін атап өту керек. Сонымен қатар, ауыл әкімі қызметінде болған Марат Омаров, Жарбол Ешмаханов, Қайрат Бержанов, Самат Жұмаділ, Мақсұт Нұртазаев, Ғалымжан Әкбаровтар елді мекен дамуына елеулі еңбек етті.
Бұл ауылда Бұқарада білім алған Бөлекбай баласы Қалжан ахунның мешіт-медресесі бар. Негізінен, осы төңіректе дін қайраткері бала оқытып, олардың сауатын ашады. Осы мақсатта өткен ХХ ғасырдың басында мешіт салады. Бұл имандылық үйі өзі білім алған «Көкілташ» медресесі жобасымен салынып, осында қаншама жандар білім алған. Сондықтан да елді мекеннің атауы осы дін қайраткерінің есімімен байланыстырылған.
Е.БЕРКІНБАЕВ