Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әрбір адам қайғы-қасіретке толы жылдарды естен шығармауы тиіс

Әрбір адам қайғы-қасіретке толы жылдарды естен шығармауы тиіс

Құрметті жерлестер!

Бүгін елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы күні халқымыз ХХ ғасырдың отызыншы жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы арнайы Жарлықпен 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жариялады. Бұдан бұрын, яғни 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шықты. Сол себепті бұл – халқымыз үшін ерекше мәні бар тарихи күн.

Сонау отызыншы жылдары болған репрессия миллиондаған адамдарға қайғы-қасірет әкеліп, халық аштан қырылды. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жазықсыз жазаланды. Тоталитарлық жүйенің қатал тәртібінен басқа этнос өкілдері де зардап шегіп, қазақ жеріне қоныс аударды. Қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін бауырына басты, бір үзім нанды бөліп беріп, қиындықты бірге бөлісті. Заманның қиындығына қарамастан қазақтар өзге өңірлерден ауып келген халықтарды өз қамқорлықтарына алды. Сөйтіп, елдерінен еріксіз қуылып келгендер біздің жерімізден жүрек жылуына, қамқорлыққа бөленді.

Қадірлі ағайын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға мемлекеттік комиссия құруды атап, Жарлыққа қол қойған болатын. Соған байланысты өткен жылдан бері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстары өтуде. Осының негізінде ұлт үшін құрбан болған азаматтар ақталып, олардың өнегелі өмірін өскелең ұрпақ білетін болады.

Біз саяси қуғын-сүргін құрбаны болған арыстарымызды еске алып, олардың рухына тәу ете отырып, бүгінгі тыныштық пен бірлікті баянды болашағымыздың алтын тұғыры деп білеміз. Сондықтан әрбір адам ел тарихына аса құрметпен қарап, қайғы-қасіретке толы жылдарды естен шығармауы тиіс.

Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!



Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі
31 мамыр 2021 ж. 443 0