Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қолмен канал қазған

Қолмен канал қазған

Өмірдің тарихи кезеңі үнемі жаңғырып, жаңаланып отырады. Десе де, адамзат ғұмырында ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар жетерлік. Соның қа­тарындағы екінші дүниежүзілік ұлы отан соғысы тарих бедерінде мәңгі сақталады. Өйткені сұм соғыста отан үшін от кешкен жауынгерлер адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Аш, жалаңаш жүріп, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында болды. Жауға қарсы сап түзегендердің ішінде қазақстандықтар ерекше жанқиярлық көрсетіп, ұлы жеңісті жақындатуда жан алысып, жан берісті. Солардың қатарында осы өлкеден қан майданға аттанған Досқали Тұрлыбекұлы да бар.
Теренөзек ауданына қарасты Бесөзек елді мекенінде 1909 жылы дүние дидарын көрген Досқали Тұрлыбекұлының тағдыры тепе­рішке толы болған. Әрине ба­лалық шақта әке-шешесі оны ағасы және екі апасымен қосып қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, тәр­­биелеген. Әсіресе Досқалидың тәрбиесінде әже­сінің рөлі зор. Әкенің ақылы мен ананың ықыласы, аяулы әже­нің ақ батасы жас баланың көптеген биік белестерді бағын­дыруына септігін тигізеді. Бастауыш мектепте білім алғаннан кейін бала Досқали еңбекке ерте араласып, ерте есейген.
Майдангер Д.Тұрлыбеков балғын шақта әке-шешеден айырылған. Содан бастап ол қиыншы­лық кезеңдерге тап болып, ерте жастан неше түрлі нәубетті бастан өткереді. Алдымен ол Қазан төңкерісінің жалғасы болған Азамат соғысына қатысты. Азамат соғысы басталғанда бай-шон­жарлар әке-шешеден ерте айрылған 13 жасар баланың құ­жатын «1902 жылы туған» деп өз­гертіп, байдың баласының орнына соғысқа жі­бер­ген. Сөйтіп ол жастайынан қанды-қырғынды көреді.
Азамат соғысынан кейін қазақ даласын тағы бір нәубет басты. Ол 1930-1932 жылдардағы ашаршылық. Бұл кезеңде Досқали Тұрлыбекұлы аянбай еңбек етіп, қиыншылықты қатар көрген ауыл тұрғындарына қолдан келген көмегін көрсетіп бақты. Оның игілікті ісін ауыл тұрғындары «Елде бидайдың тапшы кезінде бір уыс бидайдан үйді-үйге таратып беретін» деп талай айтқан көрінеді. Не болса да ел-халықпен бірге көруді ұстанған көпшілдігі, адал еңбегі оны өз ортасында сыйлы ете білді. Сондай ізгі қасиетімен ол елге танылды. Осындай ерлердің арқасында сол бір нәубетті ел-халық арып-ашыса да аман-есен өткерді, ауыл тұрмысы қайта жанданды.
Ашаршылықтан кейін қазақ жұр­ты тағы бір қиын кезеңге тап болды. Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанды. Епті деген ер жігіттердің бәрі майдан даласына аттанды. Отан үшін оқ пен оттың ортасында жүріп, жауға қарсы шабуылға шықты. Сол сап түзеген жауынгерлер арасында Д.Тұрлыбеков те болды. Ол 1941 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, майдан шебіне жіберілді. Сұрапыл соғыста жаяу әскер құрамында жауға тойтарыс берді. Дон өзені жағалауындағы ұрыс­та ерлік көрсетеді. Украинаны азат ету майданына қатысады. Сол ұрыста зеңбіректен атқылаған оқ көзі мен қолын жаралайды. Осы жара­қатынан әрі қарай соғысқа қатыса алмай, 1944 жылы елге оралады. Майдан даласындағы көрсеткен ер­лігі үшін «Ұлы Отан соғысы» ордені және көптеген медальдармен марапат­тал­ған.
Елге келгеннен кейін ауыл шаруа­шылығы саласына епті болған соң егін егумен айналысады. «Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деген тәмсілді ұғып, ата кәсіппен айналысқан Досқали Тұрлыбекұлы бұл салада да айтарлықтай жетістікке жеткен. Аудан бойынша күріш өнімін өндіруден жоғары көрсеткіштерге жетіп, «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына таққан. Одан бөлек көп­теген марапаттарға ие болып, диқан еңбегіне үнемі құрмет көрсе­тіліп отырған. Сондай-ақ ол өз қолымен канал қазған. Осы еңбегінің белгісі ретінде көпшілік атап кеткен «Досқали шлюзі» әлі күнге дейін бар.
Майдангер өмірлік серігі Айымторы Байкен­қызымен 3 ұл, 3 қызды тәр­биелеп өсірген. Майдангер Д.Тұрлыбеков 1987­ жылы 78 жасында дүниеден оз­ған.
Қан майданда Отан үшін от кешіп, ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде ерен еңбек үлгісін көрсеткен майдангердің өмір жолы өнеге. Оның бүгінгі бейбіт өмір үшін жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
25 сәуір 2020 ж. 1 343 0