Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшылар үздік болуға ұмтылды

Спортшылар үздік болуға ұмтылды

Қызылорда қаласында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын облыстық VIII Халық ойын­дары жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі спорттық додаға облыстың барлық ауданы мен Қызылорда, Байқоңыр қаласынан келген командалар қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Ауқымды спорт бәсекесінде спорттың 9 түрі бойынша үздіктер анықталды.

Жарысқа әр командадан 110-ға жуық спортшы келіп, өз өңірлерінің намысын қорғады. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеге спортшылар өздерінің шеберліктерін, төзім­діліктері мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Облыстық деңгейдегі бұл жарыс бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және спортшылар арасындағы дос­тық қарым-қатынасты нығайтуға ба­ғытталды.

Аталған байрақты бәсекеде Сырдария ауданының құрама командасы жоғары дайындықпен келіп, көптеген спорт түрлерінен үздік нәтижелерге қол жеткізді. Нәтижесінде, аудан спортшылары жалпы командалық есепте үздік төрттіктен көрінді. Әсі­ре­се, қол күресі мен кіші футбол спорт түрлерінен аудан құрамасы қарсыластарынан басым түсіп, жүлделі І орынды жеңіп алды. Спортшылар жарыс барысында жоғары шеберлік танытып, жанкүйерлердің ыстық ықы­ласына бөленді. Оның ішінде кіші футболдан Сырдария ауданының ко­ман­дасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет облыстық Халық ойындарының чемпионы атанды. Бұл жеңіс аудан спорты үшін айтулы оқиға болды.

– Осы жылы облыстық Халық ойындары өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Сырдария ауда­нының спортшылары жарыс барысында өздерінің шеберліктері мен дайындығын көрсетіп, бірқатар спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, қол күресі мен кіші футболдан чемпион атануымыз біз үшін үлкен жетістік болды. Оның ішінде аудан тарихында алғаш рет футбол спортынан чемпиондыққа қол жеткізу – Сыр спорты үшін айтулы оқиға. Ұлттық спорт түрлерінен де спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрін­ді. Бұл – ауданымызда спорт сала­сына көрсетіліп жатқан қолдау мен жаттықтырушылардың жүйелі еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да спортшыларымыз тыңғылықты дайындық жүргізіп, республикалық Халық ойындарында облыс намысын лайықты қорғайды деп сенемін. Спортшылар мен бапкерлерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов.

Айта кетейік, асық ату және тоғызқұмалақ спорт түрлерінен сыр­дариялық спортшылар күміс жүлдеге ие болып, ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ұлттық спорт түрлерінен сынға түскен қатысушылар өздерінің ептілігі мен тәжірибесін көрсетіп, жо­ғары нәтижелерге қол жеткізді. Ал бес асық спортынан аудан командасы ІІІ орынды иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл да аудан жас­тары арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Жалпы, облыстық Халық ойындары барысында Сырдария ауданының спортшылары ұйымшылдық пен та­бан­дылықтың үлгісін көрсетіп, аудан мерейін үстем етті. Әрбір спортшы жарыс жолында бар күш-жігерін салып, жеңіс тұғырынан көріну үшін аянбай күресті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы маусым айында Түркістан қаласында өтетін республикалық Халық ойындарына жолдама алды. Енді сырдариялық спортшылар облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Бұл жеңіс аудан спортын дамытуға тың серпін беріп, жас спортшылардың жігерін жанитыны сөзсіз. Сыр спорты­ның абыройын асқақтатқан спортшылар мен бапкерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Алдағы уақытта да аудан спортшылары биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете береді деген сенім мол.

Б.ОРДАБЕКОВ
30 мамыр 2026 ж. 180 0