Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ленинград майданына қатысқан

Ленинград майданына қатысқан

Ұлы Жеңіс! Жеңіс бізге өздігінен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің қан майданда көрсеткен қайсарлығының арқасында келді. Сұрапыл соғыс жылдары елімізден мыңдаған сарбаз қан майданға аттанған еді. Ауданнан аттанған жауынгерлер арасында шағандық Айтбай Шенимов те болды.
Ол 1919 жылы 19 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген. Алты жасында мектеп табалдырығын аттап, кейін мал дәрігері мамандығын иегеріп шыққан. Ауыл шаруашылығында бас зоотехник болып ұзақ жыл қызмет етеді. 22 жасында майданға аттанып, Отан үшін жауға қарсы тұрды. Ұрыс даласында Ленинградты жаудан азат ету майданына қатысып, жараланып қалған. Кейін әскери госпитальде ем қабылдап, 1945 жылы елге оралады.
Туған жерге оралғаннан кейін Қанымкүл Көшер­бай­қызымен шаңырақ көтеріп, 5 ұл және 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Осылайша бүгінде барлық ұрпағы өз алдына отбасы болып, мәуелі бәйтерекке айналды.
– Әжем өмірден кеткеннен кейін атам аздап сырқаттанып қалды. Ол кісінің адалдығы, елін сүйген азаматтығы бізге үлгі еді. Мен атам мен әжемнің сүйікті немересі болдым. Майдангердің ұрпағы болғаныма мақтанамын. Қазір атамның жоқтығы жиі сезіліп тұрады. Ескі альбомдарды ақтарып, суреттеріне қарап сағынышымды басамын. Атамның суреттері – мен үшін алтыннан да қымбат қазына. Әжемнің көзінің қарашығындай сандығында сақталған атамның медальдары мен ордендеріне қарап, төбем көкке жетердей ерекше мақтаныш сезіміне бөленемін, – дейді майдангердің немересі Нұржан Айтбаев.
Расында, Отан үшін жаумен арпалысқан сарбаздардың есімі ешқашан ұмытылмайтыны ақиқат.


Майя ҚОЖАБАЙ
16 мамыр 2020 ж. 960 0