Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер Мүтан ата

Майдангер Мүтан ата

Ел басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен ауыр сын кезде қазақ жігіттері Отанымыздың бостандығы мен азаттығы, жер бетінде бейбіт өмір орнауы жолында кеуделерін от пен оққа тосты. Сол бір қанды соғыстың өрті шарпыған жылдарда Сыр бойынан аттанған ер азаматтар қас дұшпанмен қаһармандықпен шайқасты. Солардың қатарында қан майданға қайсарлықпен аттанып, ерлік көрсеткен менің атам Мүтан Оспанов та бар.
Ол 1914 жылы Қоғалыкөл ауылында (бұрын­ғы Октябрь колхозында) туылған. Колхозшы. 27 жасында аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен сұрапыл соғысқа аттанды. Бара салысымен 1258 атқыштар полкіне қабылданып, атқыш атағы берілген. Ленинград үшін болған шайқасқа қатысты. Қаланы жау құрсауынан азат ету үшін менің де атам аянбай соғысқан. Тіпті 1943 жылы 19 наурызда сол жақ иығынан ауыр жарақаттанып, госпитальге түседі. Сол жылдың 5 шілдесіне дейін емделіп, жарақатынан толық жазылған соң, ұрыс алаңына қайта оралған. Соғыс соңына дейін қан майданды қажырлығымен өткерген атамыз, Жеңіс туын желбіретіп, елге аман-есен оралды.
Оқ пен оттың ортасынан оралған атам «Ұрыс кезінде немістерді 400 метр қашықтықтан көздеп аттық. Демалуға мүмкіндік болса, қардың үстіне жата кететінбіз. Ол кезде басымызға жастық, астымызға көрпеше дегенді ұмытқанбыз. Жеңіс үшін бар жанымызды салдық. Кескілескен шайқастарға жауға қасқая қарсы тұрудың арқасында Жеңіске жеттік» дейтін.
Қиыр Шығыстағы өз ықпалын күшейту үшін Кеңес үкіметі Жапониямен де соғысқаны тарихтан белгілі. Майдангер Мүтан Оспанов бұл соғысқа да қатысып, ерлік көрсетті. Жапон майданынан да атам 1946 жылдың тамыз айында аман-есен елге келді.
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен менің атам 1985 жылдың 11 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында фашистік бас­қыншыларға қарсы күресте көрсетілген батылдығы, табандылығы мен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі орденімен» марапатталды. Сонымен қатар «Ерен және жанқиярлық еңбегі үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» және Ұлы Отан соғысының 20, 30, 40, 50 жылдық мерекелік медалін омырауына тақты. «КСРО Қарулы Күштерінің 70» жылдығы мерекелік медалі де атамның кеудесінде жарқырап тұратын.
Атам соғыстан оралмас бұрын ауылда киіз үйде Күләмза (атамның туған анасы) әжем отбасымен шай ішіп отырса, Кеңескүл деген кісі киіз үйдің сыртқы белдеуінен саусақтарының ұшымен сыза сипап «Осы үйде бұйырса той болады» деген екен. Содан көп ұзамай майдангер атам соғыстан аман-есен оралып, дүбірлі той өтіпті.
Соғыстан кейінгі жылдары Октябрь колхозында еңбекке араласып, күрішші болып абыройлы жұмыс істеді. Ауылда ел сыйлаған майдангердің абыройы қай уақытта да асқақ еді. Ауылда «Мүтанның шлөзі» деген канал аты бар. Жеңісті жақындатқан майдангер атам Дәмеш Сардарбаевамен шаңырақ көтеріп, 6 ұл және 2 қызды тәрбиелеп, жетілдірді. Бүгінде оларда немере, шөбере өрбіген. Ол кісі 1998 жылдың 19 қыркүйегінде, 84 жасында дүниеден озды.
Мен әркез майдангер атаммен мақтанып, өзіме іштей үлгі етемін. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында атамды тілге тиек етіп, жас ұрпаққа дәріптеуді жөн көрдім. Себебі жауға қарсы шығып, Жеңіске жеткен жауынгерлер ерлігін ешкім ұмытпауы тиіс. Олардың батырлығы, қайсарлығы өскелең ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Сондықтан майдангерлерге мың тағзым!

Гүлнат ЕЛУБАЙҚЫЗЫ,
№44 орта мектеп мұғалімі

14 наурыз 2020 ж. 894 0