Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертегі – ғажайып әлемі

Ертегі – ғажайып әлемі

Қырық мыңға жуық аудан халқына сапалы ақпарат тарататын басылым ұжымы балалар шығармашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Өз кезегінде біз ерекше қабілетке ие кішкентай оқырманымызды тауып алған болатынбыз. Ол – Тереңөзек кентінің тұрғыны, Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектептің оқушысы Аруназ Айтмұқан. Сегіз жастағы Аруназ Русланқызы ертегі жазады. Балалар күні мерекесі аясында кішкентай ертегі құрастырушының қос шығармасын оқырман назарына ұсынамыз.

Редакциядан

АҚЫЛДЫ КҮШІК

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жү­ні бөр­­теде бір кішкентай қыз өмір сүріпті. Оның аты Айсұлу екен. Айсұлудың «Ақтөс» деген аппақ, сүйкімді күшігі болыпты. Ақтөс өте ақылды әрі иісті жақсы сезе­тін ерекше күшік екен. Қыз оны қатты жақсы көріп, қайда барса да қасына ертіп жүреді.

Бір күні таңертең Айсұлу:

– Ақтөс, бүгін орманға барып саңырауқұлақ тереміз, – дейді қуанып.

Ақтөс қуана үріп, құйрығын бұлғаңдатып, қыздың соңынан ере жөнеледі. Екеуі қолдарына се­беттерін алып, қалың орманға келеді. Орман іші қандай әдемі еді! Түрлі-түсті гүлдер жайқалып өсіп тұр. Көбелектер ұшып, құс­тар сайрап жатыр.
Айсұлу гүл теріп, көбелектерді қуалап жүріп, орманның ішіне тереңірек кіріп кетеді. Ақтөс те жүгіріп ойнап кетеді. Біраз уақыт­тан кейін қыз айналасына қараса, таныс жол көрінбейді.
– Ой, біз адасып кеттік! – деп Айсұлу қорқып жылайды.
Сол кезде Ақтөс бірден құлағын тігіп, жан-жағын иіскелей бастайды. Ол әрі жүгіріп, бері жүгіріп, бір нәрсені іздеп жүргендей болады. Біраздан соң күшігі қызға қарап үріп шақырады.
– Ақтөс, сен жолды таптың ба? – дейді қыз үміттеніп.
Ақтөс алға қарай жүгіре жөне­леді. Айсұлу оның артынан ереді. Біраз жүрген соң, екеуі өздері келген таныс соқпақты көреді. Қыз қатты қуанып:
– Ақтөс, сен қандай ақыл­дысың! – деп күшігін құшақтайды.
Содан кейін олар саңырауқұ­лақ теруге кіріседі. Бір кезде Айсұлу әдемі қызыл саңырауқұлақты кө­ріп, оны себетіне салмақ болады. Бірақ Ақтөс жүгіріп келіп, саңырауқұлақты иіскеп, басын шайқайды.
– Демек, бұл улы саңырауқұлақ қой, – дейді қыз.
Ол улы саңырауқұлақты алмайды. Ақтөс жақсы саңырау­құлақтарды тауып беріп отырады. Осылайша екеуі себеттерін толтырып алады.
Күн кешкіргенде Айсұлу мен Ақтөс үйлеріне аман-есен оралады. Анасы оларды қуанып қарсы алады.
Содан бері ауыл адамдары Ақтөсті «ақылды күшік» деп атап кетіпті.
МЕЙІРІМДІ ХАНШАЙЫМ

Баяғы заманда үлкен сарайда Аруназ есімді кішкентай ханшайым өмір сүріпті. Аруназ өте әдемі, ақыл­ды әрі мейірімді қыз екен. Ол жануарларды жақсы көріп, бәріне көмектесуге дайын тұрады.

Ханшайымның сарайының жанында гүлге толы әсем бақ болыпты. Бір күні Аруназ сол бақта серуендеп жүріп, ағаш түбінде отырған кішкентай құсты көреді. Құс қанатын қозғалта алмай, мұ­ңайып отыр екен.
– Байғұс құс, саған не болды? – дейді ханшайым аяп.
Ол құсты абайлап қолына алып, сарайға әкеледі. Алдына су мен дән қояды. Құстың қанатын ақы­рын таңып, еркелетіп күтеді.
Бірнеше күннен кейін құстың жағ­дайы жақсара бастайды. Бір күні құс қанатын қағып, ұшуға тал­пынады.
– Сен жазылып келе жатырсың! – деп қуанады Аруназ.
Сол сәтте құс терезе алдына қонып:
– Рақмет саған, мейірімді хан­шайым! Сен мені ажалдан құт­қардың, – дейді.
Аруназ таңғалып:
– Сен сөйлей аласың ба? – деп сұрайды.
– Иә, мен сиқырлы құспын. Жақ­сы адамдарға ғана тіл бітіп сөй­леймін, – дейді құс.
Содан бастап құс пен ханшайым айырылмас дос болады. Аруназ күн сайын құсқа жем беріп, таза су құйып қояды. Ал құс ханшайымға әдемі ән айтып береді.
Бір күні сарай бағында қатты жел тұрып, ағаш бұтақтары сынып кетеді. Кішкентай қоян қорқып жылап қалады. Аруназ дереу барып қоянды тыныштандырып, қа­уіп­сіз жерге апарады. Мұны көр­ген құс:
– Сенің жүрегің өте мейірімді. Сондықтан сені бәрі жақсы көреді, — дейді.
Аруназ тек адамдарға емес, барлық жануарға қамқорлық жасапты. Сол себепті ел ішінде оны «Мейірімді ханшайым» деп атап кеткен екен.
Содан бері Аруназдың жақсы­лығы мен мейірімі туралы аңыз халық арасында ұзақ уақыт айтылып жүріпті.

Аруназ АЙТМҰҚАН,
оқушы
30 мамыр 2026 ж. 173 0