Қабілет пен шеберлік шыңдалған уақыт
Жақында аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «ErkeZHAN» қыздар клубының ұйымдастыруымен қыз-келіншектерге арналған «Кондитер құпиясы» атты шеберлік сағаты өтті. Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – қатысушыларға кондитерлік өнердің қыр-сырын үйрету, шығармашылыққа баулу және кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттыру болды.Іс-шара барысында қатысушылар кондитерлік өнімдерді дайындаудың қыр-сырымен танысып, түрлі тәтті тағамдарды әзірлеудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Шеберлік сағатын білікті кондитер, жеке кәсіпкер Зіннәт Маткаримова жүргізіп, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Негізгі мамандығы медицина саласы болғанымен, кондитерлік бағытта да үлкен жетістіктерге жеткен маман жастарға еңбекқорлық пен ізденістің маңызын атап өтті.
Зіннәт Жеңісқызы – аудан мақтанышына айналған жас кәсіпкерлердің бірі. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған байқауда Сырдария ауданы бойынша І орын иеленіп, 50 мың теңге көлеміндегі сыйақыны жеңіп алды және облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық байқауда 88 жоба арасынан үздік танылып, ІІ орын иеленіп, 100 мың теңге сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар Сырдария ауданының атынан қатысып, жүлделі орындарға ие болып, финалға өтті.
Жас кәсіпкердің жетістіктері бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен насихатталуда. Атап айтқанда, Қызылорда телеарнасына шақырту алып, арнайы сұхбат берді. Сондай-ақ «Сыр бойы», «Кәсіпкер келбеті», «Тіршілік тынысы» газеттерінде мақалалары жарияланып, еңбегі көпшілікке таныстырылды.
Зіннәт Жеңісқызы қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып келеді. Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қолыңнан келсе, қолғабыс ет!» қайырымдылық акциясы аясында көше тазалықшыларына ыстық ас үлестіріп, қайырымдылық шарасына өз үлесін қосты. «Қыз еркем – бұрымымен көркем» байқауына демеушілік танытып, жастар бастамаларын қолдауға атсалысты. Еңбегі еленіп, 2025 жылы Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» сыйлығының иегері атанды. Осындай жетістіктері арқылы ол жастарға үлгі болып, кәсіпкерлік пен шығармашылықты қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп келеді.
Кездесу барысында қыз-келіншектер тек жаңа дағдыларды меңгеріп қана қоймай, өзара пікір алмасып, шабыт алып, шығармашылық қабілеттерін дамытты. Қатысушылар практикалық жұмыстарға белсенді араласып, тәтті өнімдерді әзірлеу процесіне ерекше қызығушылық танытты. Жылы атмосферада өткен іс-шара әрбір қатысушыға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жаңа идеялардың туындауына ықпал етті. Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі, «ErkeZHAN» қыздар клубының жетекшісі Жансая Байтәжиева өз сөзінде мұндай іс-шаралардың қыз-келіншектердің жан-жақты дамуына үлкен әсер ететінін атап өтті.
– Бүгінгі шеберлік сағаты тек тәтті тағам әзірлеуді үйретумен ғана шектелмейді. Бұл – қыздардың кәсіпке деген қызығушылығын оятып, өз қабілеттерін шыңдауға бағытталған маңызды алаң. Зіннәт Жеңісқызының жетістіктері көптеген жасқа мотивация болары анық. Алдағы уақытта да қыздардың шығармашылығы мен кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған жобалар жалғасын табады, – деді клуб жетекшісі Жансая Нұрланқызы.
Іс-шара соңында белсенділік танытып, тәжірибесімен бөліскен Зіннәт Маткаримоваға аудандық жастар ресурстық орталығының арнайы Алғыс хаты табысталып, сый-сияпат табысталды.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










