Жақан ақсақалдың аманаты
Жақан қариямен 1970 жылы аудандық газет редакторының орынбасары Бәкір Өтепов ағамыздың үйінде танысқан болатынмын. Бір көргеннен ол кісінің сөзін тыңдата алатын, айта алатын кісі екенін аңғардым. Сөз арасында Бәкең Жақаңды маған таныстырып жатты. Содан бастап көрген жерде қауқылдасып, емен-жарқын амандасатынбыз. Бірде ақсақал редакцияға келіп біраз әңгімелердің басын қайырды. Ара-тұра Бәкең, Сұлтекең, Мұхтар болып біздер де әңгімеге араластық. Ол кісінің сөзі де, өзі де ірі екен, өзін еркін ұстайтыны байқалып тұрды.Жақаң туралы Бәкір аға көп айтатын және кейінгі жылдарда ақсақал туралы аз-кем жазғандарын маған берді (менің өтінішім бойынша. – Т.Д.). Жақаңның өзінен естігендерім және Бәкең әңгімелері мені Ж.Тоқсейітов хақында естелік жазуға итермеледі. Өзімнің шежірелік (зерттеу) зерделеу әдісіме салып, ел арасындағы әңгімелер мен архивтік құжаттарды салыстыра қараған едім. Жалпы менің алғашқы еңбек жолым үш жүздің адамдары тоғысқан, түйіскен жері Тереңөзекте басталды. Қызылорда облысының Жалағаш ауданын кіші жүз жұрты мекендейтінін жұртшылық біледі, алайда алақандай Тереңөзек, Қараөзек маңында үш жүздің өкілдері өмір сүріп, тұрып жатқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қараөзек өзеншесінің екі бетіне Ұлы жүз бен Орта жүздің адамдары сонау 1727–1729 жылдардан бері орын тепкені айтылады. Қараөзек бойындағы Талдыөзек, Шағырлы, Құндызды, т.б. көп өзекте бір кездері шалқыған су болып, ел ырзығын сол көлдерден алған (балық аулау, егін егу, қауын-қарбыз, т.б.), егін егіп, мал шаруашылығымен күн көрген. Бүгінде өкінішке қарай, сол көлдер мен өзектер тартылып қалған. Қараөзектің екі бетінде Жалайыр, Қаңлы, Қарақойлы, Найман рулары (негізінен) мекендесе, Қараөзектің оң жақ бетінде Ошақты, Табын, т.б. рулардың адамдары мекен еткен, бүгін де солай.
Менің архивімде Қарақойлы руының бір азаматының 1905 жылғы жазбасы бар. Ол жазбада: Ұлы жүз ұрпақтарының (Бақтиярлар) 1723 жылдан кейін Әулие-Ата өңірінен ауып келіп, осында бүгінде оныншы ұрпақ өмір сүріп жатқанын және кіші жүз адамдарымен аралас-құралас болып, қыз алып, қыз берісіп отырғанын сөз етеді. Бұл жазбадан олардың тұрмыс-тіршілігін, кімдер ел басқарып отырғанын білуге болады. Бұл құжаттан басқа Перовск уезі құжатының бірінде №232 қордағы деректерден Жаңақорған болысына қараған №13, №14, №15 ауылдарда тұрған Ошақтылардың шаңырақ есебі жазылған 10-15 беттік жазбада (түтін пұл алу үшін дайындалған тізім) 1868 жылдың қысында олардың отырған жерінің аты, түтін саны анық көрсетілген: №13 ауылда 214 шаңырақ, №14 ауылда 145 түтін, №15 ауылда 131 шаңырақ тұратынын қаттаған. Сонда Перовскі уезінде Ошақтылардың 410 шаңырағы болғанын тайға таңба басқандай көрсеткен. Демек, сол кездерде бір шаңырақта ең кемі 7 жан болған деп есептесек, барлығы 5 мыңнан астам адам болған деуге болар. Осы тізімде менің сыйлас болған ағаларым Жақан, Уәлибек, Бәкір ағалардың 1868 жылы өмір сүріп жатқан бабаларының есімдерін кезіктірдім. Байғазы Есембаев, Найзабай Мықтыбаев, Мырзаш Досов, Бижан Лашынов, Тоқмамбет Лашынов, Бәйімбет Қазығұлов, тағы басқа да көп адам баршылық. Бұдан бұрын 1860-1861 жылдары елде би аталып, патша шенеуніктері құрметтеген Сарман би және оның баласы Сейдалы Сарманов, Құдайберген Қойшыбаев, Қуанышбай Аманов, Қонақбай Қыстауов (болыс болған адам), т.б. есімдерінде патша тарапынан сый-сияпат алғандығы туралы жазбалар кездесті. Ел тізгінін ұстаған бабаларының жалғасы болып келетін Жақан Тоқсейітовтің елеусіздеу адам болуы мүмкін емес. Біз көрген Жақан ақсақал ас-тойда, т.б. жерлерде Ошақтылардың сөзін ұстап, билікке араласқан кісі (Ермахан Өтетілеуовпен бірге).
Осы тұста биылғы 2025 жылы республикамызда атақты ақын Ұлбикенің туғанына 200 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өтуде. Көрнекті ақын Ұлбике ақын Жанкелдіқызын Сыр елі аса құрметпен еске алады. Өйткені Тереңөзек ауданының Қараөзек өзекшесінің бойында туған деп есептейді. Академик, профессор Мырзатай Жолдасбеков ағамыз да осы деректі қуаттайды. Ақын апамыздың шежіресін тарқатып көрейік. Ошақтының – Тасжүрегі, Тасжүректен (Орақ), Жалмұхамед – одан Қараман, Қайқы. Қайқы бабадан – Жуас – одан Жанкелдіден Ұлбике мен Қуатбек туған. Ұлбике ақын осы Жанкелді бабаның қызы.
Айтпақшы, 1991 жылдың сәуір айының соңына таман Премьер-министрдің орынбасары, ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Байқоңырға барар жолда Тереңөзекке аялдады. Себебі мұнда аталарының жатқан жерін білетін Жалайыр Әбдіқайым Сүлейменовтің үйіндегі апамыз бар болып шықты. Әбекең дастарқанында аудан басшылығынан 2-3 кісі ғана болды. Қорымды көруге Әбекең үйінде апа мен Тереңөзек ауданының партия комитетінің 1-хатшысы Жолдасбек Ердешбаев болды. Қара көбейтпейік деп біздерді тастап кетті. Бұл күндері Байқоңырда космостың 30 жылдығына арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған КСРО қорғаныс министрі Язов, Қазақстанның бірінші басшысы Н.Назарбаев, премьер-министр Ұ.Қараманов, тағы басқа да қайраткерлер қатысты.
Негізгі тақырыбымдағы Жақан қарияның өмір жолы, ата-тегі хақында сөз қозғамақпын. Жақан ағаның бабалары Ошақтының Тасжүрегінен тарайды. Тасжүректің бір баласы – Таз. Таздан – Нәпен – одан Мүлкаман. Мүлкаманнан – Дос – одан Лашын. Лашыннан – Тоқмамбет, Тоқсейіт өрбіген. Тоқсейіт атадан Қалдан, Жақан. Жақаннан – Жарылқасын, Құрманғали, Іскендір. Тоқмамбеттің есімі 1868 жылғы жазбада жүр. Демек, ол жылдарда Тоқсейіт өмірде болмаған немесе жас болған. Тоқмамбеттен – Нұржан, Дүржан.
Ел арасында Достан тараған ұрпақтарды «Бестаз» деп атаған. Бұл Достанның бес баласы болғандығын білдіреді емес пе? Жақан қария жастайынан сауда-саттықпен айналысқан. Көкпар тартып, палуандыққа түсіпті. Бәкір Өтеповтің айтуынша, ол кісінің ойлау, сөйлеу мәнері өзгешелеу екен. Жақсы жүріс-тұрысы, таза киінуі және сыпайылығы басым болыпты. Тік жағалы қамзол, қыста түлкі ішік киетін. Сақал-мұртын аса өсірмеген, ажарлы кісі, көзі тостағандай, қызыл шырайлы болыпты. Ол кісіні өзім де көргенмен, Бәкеңдей сипаттама бере алмас едім. Есімі Орта Азияға белгілі Қалжан ахунның баласы – Уамық мақсұммен сыйлас болды. Бұл дегеніміз үлкен ғұламаның Жақаңдай қарияны құрметтеуі деп білуіміз керек. Сондай-ақ Кішкенбай, Тоқаштарға айтқандары, ағайын-туыс арасындағы реніштерге басу айту сияқты істерді де атқарған. Яғни, шын мәніндегі ақсақал-қария болды. Ел аузында Баймаханның үйіндегі әңгімелері оның турашылдығының бір дәлелі. Ж.Тоқсейітұлы екі некелі болған, бірінші әйелі – Қадиша, екіншісі Қуанышкүл, екеуі де Табын руының қыздары. Қадиша анамыздан Жарылқасын, Құрманғали, Іскендір өмірге келген. Жақан қария 1888 жылы Тереңөзек аумағында туып, осында 1979 жылы дүние салған. Бәкең аға айтады: «Ағамыз қайтыс болардан бір күн бұрын інісі Өтепбергенді шақыртып әңгімелесіп, соңында сақал-мұртын, шашын алдырыпты. «Өтепберген, айналайын, ағаңның демі таусылар күн жақын қалды» дегенінде інісі оны қайдан біліп отырсыз депті. Сонда Жақан ақсақал «Жілігімнің майы үзілді» деген екен. 1979 жылы өмірден өткен Жақаңды Тереңөзектегі орталық қорымға жерлеген.
Жақаң жылы әзіл-қалжыңдарымен қатар, тентекті тезге салатын тегеурінді сөздермен мәселені шешіп жіберетін болған. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, біз де осынау мақаламызда Жақан Тоқсейітовтің жақсы жақтарын көрсетуге тырыстық. Қарияның өмір жолы тақтайдай тегіс болды деуден аулақпыз. Үлкен ұлы Жарылқасын 1941 жылы соғысқа алынып, 1942 жылдан хабарсыз болса, Іскендірі ертерек өмірден өтеді. Бала сүйіп, шаңырақ көтерген Құрманғалидың өмірі ұзақ болмады, 28 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Шүкір етері – Құрмашының артында үйелмелі-сүйелмелі төрт ұлы қалып, оқыды, жетілді. Атасының аманаттары азамат болды. Еліміздің Тәуелсіздік жолында қызмет етті. Олар Жақан қария мен анасы Бағжанның көңілінен шыға білді.
Жақан көкпар тартып, күреске шығып, палуан да атанған. Қалай десек те, көкірегі ояу, көзі ашық ел ақсақалы атанған Жақан Тоқсейітұлы осындай жан болған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф
зерттеуші, этнограф










