Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КІСІЛІГІ МОЛ АЗАМАТ

КІСІЛІГІ МОЛ АЗАМАТ


Менің өмірімде болашағыма бағыт-бағдар сілтеген жақсы ағалар көп кездесті. Солардың бірі болса да бірегейі Бақытжан аға Неталин. Жақсы ағамен жолымыз 1985 жылы Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында түйісті. Мен осы жылдың 5 қыркүйегінде  аудандық «Оқтябрь Туы-Знамя Октября» газетіне әдеби қызметкер болып орналасқан едім. Бәкең осында аудандық газет редакторының орынбасары екен. Менің Сыр бойынан келгенімде білгеннен кейін 1959 жылы Байқоңырда азаматтық борышын өтегенін айтып, мені бауырына тартты. Содан бері арада 33 жыл өтсе де туған аға мен інідей араласып тұрамыз. Бәкең менің журналистикадағы алғашқы ұстазым. Абзал ағамен талай ғибратты, қызықты күндер бірге өтті. Қашанда бауырына тартып, сенің мерейіңді тасытатын жарқын қасиеттер ол кісінің бойында жетіп артылады. Бүгінде сексенге аяқ салған абыз қарт Ақтөбе өңірі журналистикасының корифейі саналады. Сөзіміз түсінікті болу үшін қуатты қалам иесінің өмірдерегіне бір сәт көз жүгіртейік.

Бақытжан Неталин 1938 жылы 15 қазанда Ақтөбе облысы, Мартөк ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Мұғаджар аудандық «Еңбек таңы-Коммунист» газетіне қызметке келді. 1968-69 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс жасады. 1969-73 жылдары Алматы Жоғары Партия мектебінде оқып, оны үздік дипломмен бітіріп шықты. 1973 жылы Қазақстан КП ОК-нің жолдауымен жаңадан ашылған Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде бөлім бастығы қызметін атқарды. 1973-1983 жылдары Мұғаджар аудандық «Еңбек таңы-Коммунист» газетінде жауапты хатшы, бөлім басшысы болып еңбек ете жүріп, 1976-1982 жылдары Москва полиграфия институтының редакциялық баспа факультетін сырттай бітіріп, редактор-баспашы мамандығын алды 1983 жылы Октябрь аудандық «Октябрь Туы-Знамя Октября» газетінде редактордың орынбасары, ал, 1987-1997 жылдары осы газеттің редакторы болып қызмет атқарды. 1998-2009 жылдары Ақтөбе облысының ауыл шаруашылық басқармасында мемлекеттік тіл жөніндегі жетекші маман болып жұмыс жасады. Б.Неталин жергілікті баспасөзде 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен, баспасөз жанрларын еркін меңгерген журналист. Оның очерктері, репортаждары, фельетондары, публицистикалық мақалалары облыстық, аудандық баспасөз беттерінде үзбей жарияланып тұрады. 2008 жылы қажылық мақсатпен Меккеге сапар шекті. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады.
Осынау өнегелі өмір жолында өз биігін бағындырған абзал ағамен 13 жыл (1985-1998 жылдары) бірге қызмет жасауымыз біздерді тонның ішкі бауындай жақындастырды.
Бәкеңнің бір ерекше қасиеті «Мен үлкенмін, мен басшымын» деп кеуде кермейтін. Барынша қарапайым, барынша әділ болды. Сондықтан көпшілік өзін де, сөзін де сыйлады. Бақытжан ағаның газетке басшылық етуі қиын уақытқа тап келді. Әсіресе, егемендігіміздің елең-алаңында қаржы жоқ, қағаз тапшы кезеңде ту Алматыға дейін барып, айлап жатып, газет шығаруға қағаз әкелді. Аудан басшыларына сөзін өткізіп жүріп, қарамағындағы қызметкерлеріне жалақы бергізді. Бәкең ешкімге жалтақтамайтын, тура сөйлеп, тіліп түсетін. Сондықтан аудан басшылары онымен санасты. Одан кейінгі редакторымыз жалтақ болып, Бәкеңнің тырнағына зар болғанымызды несін айтайын. Бұл редактор аудан басшысына қарсы шыққан деген сөз емес, сол кездің қиындығына орай Бәкең сияқты азулы болмаған редактордың редакциясы қаржыдан қағылатын...
Бәкең қай жерде де өзінің Бәкең екендігін дәлелдеп бақты. Отырыстың гүлі, қоңыр дауысының өзі неге тұрады. Басқасы басқа бірінші кезекте басшы ретінде қарамағындағы қызметкерлерге қамқорлық танытуды ұдайы назарда ұстайтын. Еліміз нарықтық экономикаға көшкеннен кейін мемлекеттен ара-тұра журналистерге берілетін пәтердің де жолы кесілді. Бұл орайда Бәкең бастап рубльден теңге ауысқанға дейін банктен 10-15 жылға несие рәсімдеп, пәтер сатып алғанымыз оңды болды. Өйткені несие теңгеге шаққанда ұсақ-түйек болып қалды. Бақытжан аға басшы бола тұрса да қалжыңды да көтеретін. Бірде қуақылау жігіт фототілші Смағұл Құдабаев жұмыстан соңғы отырыстан кейін Бәкеңнің қысы-жазы қолынан тастамайтын бүйірі қампиған сары сөмкесіне иесіне білдіртпей екі-үш кірпіш салып жіберіпті. Басшымыздың ол сөмкені күнде ертеңгісін жұмысқа алып келіп, кешкісін алып қайту дағдысы болатын. Сөмкеге кірпіш салынғанынан бейхабармыз. Ертеңгісін жұмысқа келгенде күліп тұрып айтады:-Не де болса осы Смағұл қудан келді-ау деймін. Кезекті материалды жазбақ болып кешке сөмкемді ашсам, кірпішке толып тұр екен, үйге кетер кезде бұрынғыдан аурылау болып сезілген. Аңқау басым мән бермеппін. Ай ит-ай қай кезде үлгірді екен деп мәз болатын. Бәкең қарамағындағы он бес шақты қызметкерінің барлығына тең қарады. Олардың қуанышы мен қайғысын да жолбасшылық етіп, ортамызда жүретін. Редакторлығын қойып, облыс орталығына жұмыс ауыстырғаннан кейін де біздің жағдайымызды біліп тұруды, қажет кезінде ақыл-кеңесін беріп тұруды өзіне парыз санады. Бәкең тумысынан материалдық игілікке қызықпаған жан. Оның ерекше жақсы көретіні рухани құндылықтар. Әріптестермен бірге Бәкеңді Ақтөбеге көшіріскенімізде абзал аға жинаған кітаптың өзі бір көлікке жүк болды.
Бүгінде Бәкеңнің «Әй, інім-ай» деген бір ауыз асыл сөзін сағынамын. Жақсылығын бұлдамайтын, сырттай болса да қамқорыңды соғып жүретін жақсы ағаның болғанына не жетсін. Сіздей көпке аға болған асыл жандар қатары сиремесін деймін. Еңбек демалысын алып, бір кездері бәрімізге құтты мекен болған Қадныағашқа барғанымда өзіңіз тәрізді інілеріңіз «Біздің Бәкең» деп сізді аузынан тастамады. Ақтөбеге арнайы барып сізге сәлем беремін деген ойда едім. Бірақ, сіздің қалада емес, Ембіге ініңіздің үйіне қыдырып кеткеніңізден хабар алдым. Жаз көңілді, жас дидарлы ағамен құдайым жақсылықтарды жолықтырғай деген ақ пейілмен елге оралдым.
Шаһарбек Нұрсейітов,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.  
26 желтоқсан 2017 ж. 1 230 0