Майдангер атындағы көше
Газетіміздің тұрақты «Кент көшелері» айдарымен аудан орталығындағы біраз көшелер ақпараттандырылды. Осы арқылы тұрғындар көше тарихымен, қайта аталған көшелер туралы тың мәліметтермен танысуда. Осының жалғасы ретінде осы нөмірде кенттің шеткі көшелерінің бірі – Бәкір Өтепов атындағы көшеге тоқталмақпыз.
Аталмыш көше кенттің оңтүстік-батыс жағында, Қалжан ахун ауылына бара жатқан тұста орналасқан. С.Сейфуллин елді мекеніне өтетін пойыз жол бекетіне қарама-қарсы бетте осы көшенің басы басталады. Бұл көше 2015 жылға дейін «1 мамыр» көшесі ретінде аталып келді. Ал «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңдарына, Қызылорда облыстық ономастика комиссиясының 2015 жылғы 27 тамыздағы №3 қорытындысына сәйкес Тереңөзек кентінің әкімінің шешімімен «1 Мамыр» көшесі «Бәкір Өтепов» көшесі деп қайта аталды. Көше Оспан Мәлібаев көшесімен қатарлас жатыр. Бұл көше бойында 25 шақты үй бар. Осы ретте, көшеге есімі берілген Б.Өтеповтің өміржолына аз-кем тоқталсақ.
1924 жылы Тереңөзек қыстағында туылған Бәкір Өтепов қан майданға қатысып, жарақат алған. Ол соғыстағы ерлігі үшін «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен наградталған. Соғыстан кейінгі жылдары «Қызылдихан» колхозында есепші, «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозда партком хатшысы, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.
Майдангер жауапты қызметтерді атқара жүріп, әдебиетке де өзіндік үлес қоса білген. Бәкір Өтепов – ақын, Журналистер Одағының мүшесі. Майдангер ұзақ жылдар бойы аудандық газетте қызмет етіп, бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Аудан жаңалықтарын жеткізуде еңбек сіңіріп, «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас» газеті мен «Ара» журналына мақалалары тұрақты жарияланып отырған. Оның «Отты жылдар», «Көңіл сыры», «Жауынгер ерлігі» атты кітаптары шыққан. Бұл кітаптарға естеліктері, сын-сықақ өлеңдері, мақалалары енген.
Өз естелігінде ардагер-журналист С.Қожаниязов «Жауынгер-журналист Б.Өтепов әрқашан жоғарғы партия ұйымдарының назарында болды. Ол бірнеше жылдай аудандық партия комитетінің саяси-ағарту кабинетін басқарды. Одан кейін аудандық газет редакторының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Сөйтіп, ол бұл қызметте соңғы жылдарға дейін істеп келді. Мұның өзі қанды жорықта шыңдалған КПСС мүшесі, журналист Б.Өтеповтің ел сенімін үнемі абыроймен ақтай білгенін аңғартады» дейді.
Белгілі ақын С.Ембергенов облыстық «Сыр бойы» газетіне жазған «Бәкір аға» атты мақаласында: «Бәкең кәсіптік жұмыс пен қаламгерліктің қыр-сырын жете игеріп, қатар алып жүруді өмір тірлігінің бұлжымас дағдысына айналдырды. Әсіресе тұрмыста кездесетін тұрлаусыз жайларды шағын шумақтармен уытты, өткір тілдің шипауына алудың шебері десе болғандай. Ол кісінің жазған дүниелері баспасөздерде болсын, эфирде болсын жиі жарияланатын-ды...» депті.
Майдангер, белгілі журналист, ақын Бәкір Өтеповтың қанды жорықтағы ерен ерлігі, соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сол үшін де кент көшелерінің біріне есімі беріліп, тұлға есімі ұлықталуда. Жалпы көше тұрғындары майдангер атындағы көшеде тұратынын мақтаныш санайды. Тек майдангер атындағы көшенің тұрғындары біраз жылдан бері назардан тыс қалып, жолының жөнделмегеніне, тас жол төселмегеніне қынжылыс білдіреді.