Халықтың игілігіне жараған ерекше жандар
Құдық қазу, көпір салу және ағаш егу – көпшілікке ұзақ жыл бойы қызмет ететін игі істер. Мұндай сауапты жұмыстардың шарапаты үзілмейді. Сондықтан да олар халық жадында ерекше сақталады. Бұл мақала сондай елге пайдасы тиген азаматтардың бірі туралы болмақ. Кейде күнделікті қасыңда жүрген ауылдас адамның тағылымға толы өмір жолын ескере бермейсің. Сондай азаматтардың бірі – Болат Дүзімбетов. Кейіпкерімізді Тереңөзек кентінде танымайтын адам аз шығар десем, артық айтқандық емес.Оның өмір жолы аудан тарихындағы көптеген игі істермен сабақтасып жатыр. Өткен ғасырдың екінші жартысында Сыр өңірі егін шаруашылығына түбегейлі бет бұрып, бірыңғай күріш өсіруді қолға алғаны белгілі. Мыңдаған гектар ауыспалы егістік жерлер тегістеліп, мелиоративтік массивтер дайындалды. Ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысып келген Сыр бойының қазақтарын егіншілікке бейімдеу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, тың жерлер игерілді.
Әр ауданда жер тегістейтін, канал қазатын және гидротехникалық нысандар салатын арнайы жылжымалы техникалармен жабдықталған өндірістік мекемелер құрылды. Бұл мекемелердің басына білікті гидротехник мамандар тағайындалды. Облыс орталығында осы салаға қажетті мамандар даярлайтын политехникум, кейіннен гидромелиоративтік құрылыс институты жұмыс істеді.
Осы оқу орындарында білім алған мамандардың қатарында Болат Оспанұлы да болды. Ол сексенінші жылдардың басында ПМК-15 (Передвижная механизированная колонна) мекемесіне слесарь-механик болып жұмысқа қабылданды. Тоқсаныншы жылдардың соңына дейін аталған мекемеде шеберхана меңгерушісі, инженер-механик қызметтерін атқарып, мыңдаған гектар егістік жерлерді игеруге өз үлесін қосты. Ол кезеңде бұл мекемеде қазақтармен бірге тың игеру жылдары келген орыс, татар, башқұрт, украин және басқа да ұлт өкілдері еңбек етті. Жүздеген техниканы меңгерген механизаторлар мекеме салған тұрғын үйлер мен жұмысшылар жатақханасында тұрды.
ПМК қарамағындағы қазіргі Қ.Қазантаев және Сырдария көшелерінің бойында футбол және волейбол алаңдары болды. Сонымен қатар жұмысшыларға арналған балабақша, асхана және халыққа қызмет көрсеткен дүкен жұмыс істеді. «Спутник» кинотеатры да ұзақ жылдар бойы тұрғындардың мәдени орталығына айналды. Біздің бала кезімізде таң ата гараж маңы К-700 скреперлерінің, драглайн экскаваторлардың және ауыр С-100 бульдозерлерінің дауысынан азан-қазан болатын. Олар Сырдарияның екі бетіндегі бос жатқан алқаптарды біртіндеп тегістеп, егістік жерлерге айналдырды. Бүгінде инженерлік жүйеге келтіріліп, күріш егілетін жерлердің басым бөлігі осы мекеме жұмысшыларының маңдай терімен дайындалғанын көпшілік біле бермейді.
Бұл мекемеде ұйымдастырушылық қабілетімен және еңбегімен елге танылған көптеген азаматтар еңбек етті. Олардың қатарында Қасым Ысқақов, Мәжит Сейтимов, Сайлау Есенов, Өмірзақ Бедебеков, Серік Кәрібаев, Райымбек Доспанов, Айдарбек Ысқақов, Серік Арғынбаев, Бектібай Қаражанов, Жарқын Баджанов, Николай Шелест, Ахан Әлайдаров, Әбдіжами Есболғанов, Өмірзақ Көшербаев және ағайынды Құдайберген мен Айтбай Досжановтардың есімдерін ерекше атауға болады.
Мекеме нарық талабына байланысты тарағаннан кейін Болат Оспанұлы жеке кәсіппен айналысып, «Жәрдем» ЖШС мекемесін құрды. Бұл мекеме аяқсу және ауызсу жүйелеріне қатысты құрылыс, жөндеу және пайдалану жұмыстарымен айналысты. 2012 жылы ауданда ауызсу саласына жауапты коммуналдық мекеменің негізінде «Өркен Сырдария» мекемесі құрылып, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сәрсенбаевтың ұсынысымен Болат Оспанұлы сол мекемеге басшы болып тағайындалды. Ол кезде кенттегі су жүйесі коммуналдық мекемеге қараса, ауылдардағы ауызсу құбырлары бұрынғы совхоздардың меншігінде болатын. Шаруашылықтар жекешелендірілгеннен кейін аудан аумағындағы барлық су жүйелері «Өркен Сырдария» мекемесінің теңгеріміне алынды.
Бұрынғы Комхоз мекемесі ауданның барлық коммуналдық мәселесін шешетін күрделі құрылым еді. Ауызсу, аяқсу, орталықтандырылған жылу жүйесі, бу қазандықтары мен кент тазалығы түгелдей осы мекемеге қарады. Бұл мекемені кезінде Болат ағамыздың әкесі Оспан ақсақал, кейін ұзақ жыл Әбдіхайым Сүлейменов басқарған.
Мекеме алғаш қабылдап алған жылдары аудан орталығы мен ауылдарда ауызсу таңертең, түсте және кешке екі сағаттан ғана берілетін. «Өркен Сырдария» мекемесіне білікті мамандар топтастырылды. 2013-2021 жылдары аудандағы барлық су жүйелері жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде мекеме Үкіметтен субсидия алатын деңгейге жетіп, әуелі 12 сағат, кейін облыс бойынша алғашқылардың бірі болып тәулік бойы таза су беруге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар кентте орталық кәріз жүйесін іске қосқан аудандардың бірі болды. Халық арасында «Суға, жарыққа, газға төленген ақша – адал ақша» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тұрғындардың күнделікті коммуналдық қажеттіліктерінің сапалы орындалуының артында мекеме басшысы Болат Оспанұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен мамандар – Мырзағұл Сәрсенбай, Мейрамхан Нұртазаев, Әбдіразақ Әлиакбаров, Талғат Пірмағанбетов және басқа да әріптестерінің еңбегі тұрғаны анық.
Болат Оспанұлы 2019 жылы абыроймен зейнетке шығып, жеке кәсібімен айналысып келеді. Осы жылдары «Жәрдем» мекемесі арқылы аудандағы әлеуметтік және спорттық іс-шараларға тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.
Ол Сырдарияның ескі арнасы бойынан өз қаражатына кент тұрғындарына арналған жағажай салып, кейін оны кенттің теңгеріміне өткізді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының әлеуметтік осал топтарына жария етпей қол ұшын беріп жүргенін ел жақсы біледі.
Соңғы жылдары ата-бабадан қалған асар дәстүрін жаңғыртып, Тереңөзек кентінің өзінде көлік қатынасына арналған үш көпір салуға мұрындық болды. Теміржолдың арғы бетінде орналасқан «Шанхай» аталып кеткен аумақта тұратын мыңға жуық тұрғын жол қатынасынан қиындық көріп, жедел жәрдем мен көліктердің өтуі мұң болатын. Осы мәселені шешу үшін аз уақыттың ішінде «Майжарма» каналына және оның Сәкен Сейфуллин ауылына қарай ағатын тармағына көпір салынды. Кейін «Қазақ» көшесінің тұсынан «Қаракөл» каналы арқылы өтетін тағы бір көпір пайдалануға берілді.
Көпір салу – адамгершілік пен ізгіліктің, ұрпаққа қалдырар сауапты істің белгісі. Осылайша туған ауылы тұрғындарының көптен бергі арманын орындаған Болат Оспанұлы «Мостстрой-25» мекемесінің мамандарымен ақылдаса отырып, талапқа сай көпірлер салдырды. Бұл жұмыстар асар дәстүрімен атқарылып, оған тереңөзектік азаматтардың ауызбіршілігі ерекше үлес қосты.
Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отырған Болат ағамыз зейнетке шықтым деп қарап отырған жоқ. Қазіргі таңда жұбайы Мария Ыбырайқызымен бірге «Қалғандария» көлінің жағалауын жалға алып, халыққа арналған демалыс орнын ашқан. Аудан тұрғындары сырттан келген қонақтарын қарсы алып, мерейтойлық кездесулерін осы жерде өткізіп жүр.
Сонымен қатар осы аумақта «Болат» балық шаруашылығы ашылып, сазан балығын өсірумен айналысып, халыққа қызмет көрсетуде.
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы










