Жеңіске бастаған жігер
Аудандық газет редакциясына тағы бір сүйінші жаңалық жетті. Аманкелділік жас боксшы Дінмұхаммед Әлмағанбет республикалық турнирден жүлдемен оралып, аудан намысын асқақ етті.Жақында Арал қаласында бокстан 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Жолдыбай Бақзалбайұлы Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Аталған спорт сайысында 52 келі салмақта бақ сынаған аманкелділік спортшының қарсыластарынан бағы мен бабы биік түсті.
– Дінмұхаммед республикалық деңгейдегі турнирге үлкен дайындықпен қатысты. Нәтижесінде 12 қарсыластың ішінде үшінші тұғырға табан тіреді. Бұл – жас боксшы үшін үлкен жетістік. Әрбір жарыс спортшы үшін сынақ болса, кезекті жеңіс оның жігерін көрсетті. Жарыс барысында қарсыластары да осал болған жоқ. Соған қарамастан шәкіртім әр жекпе-жекте жинақылық танытып, тактикалық тұрғыдан сауаттылығын көрсетті. Бұл жетістікке жету жолында ата-анасының қолдауы мен сенімі де ерекше рөл атқарды. Алда бұдан да жауапты жарыстар күтіп тұр. Сондықтан демалыс уақытын тиімді пайдаланып, дайындық жұмыстарын одан әрі күшейте түсеміз. Шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді жаттықтырушысы Рүстем Асылхан.
Айта кетейік, саламатты өмір салтын сақтап, спортқа қызығушылық танытқан Дінмұхаммед қазіргі таңда 8-сыныпқа аяқ басқан. Ол Аманкелді ауылындағы «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен жасақталған спорт залында жаттығады. Бұнда оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына толық жағдай жасалған.
– Мен боксқа кішкентай кезімнен қызығып, мықты спортшыларға қарап, бой түзедім. Спорт маған тек күш пен төзімділікті ғана емес, тәртіпті, жауапкершілікті және алға қойған мақсатқа жету үшін табанды еңбек етуді үйретіп келеді. Жарыс барысында жекпе-жекке бар күш-жігерімді салып, жаттықтырушының берген тапсырмасын орындауға тырыстым. Болашақта үлкен жетістікке жетіп, еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғағым келеді. Ол үшін аянбай еңбек етіп, жаттығуды үздіксіз жалғастыра беремін, – дейді жас спортшы.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









