Ұлттық рухты жаңғыртқан «Рух керуені»
Руханият – ұлттың рухани тірегі, мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихи жадысы мен құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазына. Қоғамның рухани дамуы мен мәдени өркендеуі ел болашағының берік негізін қалайды. Осы бағытта жүзеге асқан «Рух керуені» жобасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдени мұраны насихаттауға және тұрғындардың рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды бастама.Жоба аясында аудандық «Руханият орталығында» бірқатар тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, мәдениет пен өнерді, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын кездесулер, көрмелер мен танымдық басқосулар өтті. Аталған іс-шара қатысушылардың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық болмыс пен мәдени мұраға деген құрметті арттыруға өз үлесін қосты.«Руханият – ізгілік пен парасат ордасы» атты рухани мәдени іс-шара легінің бастауы орталықтағы АХАТ бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Рухани әлемге бой алдырып, ізгілікке бастайтын іс-шараға аудан ардагерлері, мәдениет қызметкерлері, облыстық «Анаға тағзым» орталығынан арнайы келген қонақтар қатысты. Адам баласының тал бесік пен жер бесіктің аралығында өрілген өмір кезеңдерін құжаттамалайтын АХАТ бөлімінде өткен іс-шара «Мерейлі отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» тақырыбын арқау етті. ҚР Білім беру, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сансызбай Сәдуақасов пен жұбайы Ханшайым Ерғалиеваның отбасын құрғанына 55 жыл толуына орай отбасына куәлік табыстау рәсімі өтті. Мәдениет – ұлттың мәйегі, өнер – халықтың қазынасы, баға жетпес құндылығы десек, бұл ретте жақында 75 жасқа толған мәдениет майталманы кейінгі буынға үлгі-өнегесін көрсетіп, ақсақалдық ақ батасын берді. Кездесу барысында мәуелі бәйтеректің саясынан өркен жайған ұл-қыз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарламаға ұласты.
Кезекті іс-шара тарихи-өлкетану музейінде өтіп, қатысушылар шебер қолды өнегелі жол иесі Алтын Нұртаеваның көрмесімен танысты. Білім саласының ардагері, қолөнер шебері өз туындыларын таныстырып, шеберлік сағатын өткізді. Ұлттық қолөнерді насихаттау, жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында Алтын Нұртайқызы өзінің өмір жолын, ұстаздық қызметін, қолөнерге қызығушылығы туралы айтып, көрмеге қойылған өз қолымен жасаған туындыларымен таныстырды. Көрмеде шебердің ұлттық нақышта тігілген бұйымдары, құрақ көрпелері, сәндік және қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Шеберлік сағаты барысында қатысушылар қолөнер бұйымдарын жасау әдістерімен танысып, тәжірибелік кеңес алды. Кездесуде музей басшылығы Алтын Нұртайқызына ұлттық қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Одан кейін қонақтар мен қатысушылар «Ұлағат» әкелер және «Ару ана», «Сыр ана» әжелер ансамбльдерінің өнерімен танысты. Үкіметтік емес ұйымдар жанынан құрылған ансамбльдерде ардагерлер өз өнерлерін көрсетіп, ауданда ғана емес, облыс, республика көлемінде өнерлерін паш етуде. Өз кезегінде ардагерлер бос уақытын тиімді өткізіп әрі кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.
Сондай-ақ руханият ордасына айналған орталық фоесінде «Сыр елінің шежіресі – аудандық архив қорында» атты көрме ұйымдастырылды. Аудандық архив құжаттары негізінде әзірленген көрмеден қатысушылар өткенге көз жүгіртіп, көп мәлімет алды. Мұнда аудан орталығындағы көшелер Кеңестік атаулардан, мектептер коммунистік көсемдер есімдерінен арыла бастағаны туралы құжаттар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің соғыс жылдарында алған ордендері мен медальдарының куәліктері, марапаттары, суреттері мен газет беттерінде жарияланған мақалалары қойылды. Әрбір құжат сонау замандардан сыр шертіп, тарихқа саяхат жасалды.
Одан кейін Жастар ресурстық орталығының фотосуреттер көрмесімен танысқан көпшілік «Coffee talk» жобасы аясында еркін форматтағы сұхбатқа және «Жайдарман LAB» шығармашылық ой талқысы идея алаңында болып, жастардың жетістіктерімен танысты.
Жоба аясындағы кезекті іс-шара аудандық орталық кітапханада жалғасты. Бұнда балалар кітапханасы мен орталық кітапхана қызметкерлері келушілерге бірнеше іс-шараны ұсынды. «Ертегі тыңдап есейдім» жобасы аясында «Түлкі мен маймыл» атты қазақ ертегісінен қуыршақ театрының қойылымы қойылса, «Замандастар» ток шоуында Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес арнайы оқуға ұсынылған жеті әдеби кітапты насихаттау мақсатында жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы талданды. Кітап оқуды жанына серік еткен қатысушылар аталған шығарманы жүйелі талдап, ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жергілікті ақын, аудармашы Сейфолла Оспанның шығармашылығына арналған «Ақынын ардақтаған ел бақытты» атты әдеби-жыр кеші өтті.
«Рух керуені» жобасы аясында аудандық Руханият орталығында өткен іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, мәдени мұраны насихаттауға және тұрғындардың рухани дамуына серпін берді. Тағылымы мол кездесулер мен мазмұнды мәдени іс-шаралар қатысушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырды.
– Жобаның алғашқы кезеңінде аудандардағы мамандар біздің орталыққа арнайы келді. Ол кезде семинарлар өткізіліп, қызықты басқосулар өтті. Бұл – жобаның екінші кезеңі. Негізгі мақсат – әр аудандағы «Руханият орталығы» жұмысын жандандыру. Өздеріңіз білетіндей, орталықта бірнеше мекеме біріктірілген. Руханият пен мәдениетті насихаттап жүрген мамандардың бір-бірімен бірігіп жұмыс жасауы, ұйымшылдықты арттыру, аудандардың өзара тәжірибе алмасуы маңызды. Осы орайда жүзеге асып жатқан жобаның үшінші кезеңі де бар. Ол кезеңде оқыту жұмыстары және жобаның қорытындысы болады. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, қоғамның рухани жаңғыруына, жастардың бойында отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің қалыптасуына өз үлесін қоса береді деген сенім мол. Рухани байлық пен мәдени мұраны ұлықтау – ел бірлігі мен ұлт болашағының кепілі, – дейді облыстық «Анаға тағзым» орталығының редакторы Гүлсім Нұрланқызы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










